Алдымыздағы қос мереке – Домбыра және Астана күні қарсаңында Қарасай ауданында ерекше оқиға орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек пен аудан әкімінің аппарат басшысы Ержас Тоқтасынов аудан басшысының атынан аудандық перзентханаға арнайы барып, сәби сүйген аналарды шын жүректен құттықтады. Қазақы дәстүрге сай перзентханаға құрықол келмеген әкімдік қызметкерлері ұлттық болмысымыздың символына айналған домбыра мен нәрестелерге арналған арнайы орау жабдықтарын 15 ана мен олардың жаңа туған сәбилеріне сыйға тартып, зор қуанышқа бөледі.
«Бұл — болашақ ұрпаққа ұлттық өнер мен дәстүрді сәбилік кезеңнен бастап дарытуды көздеген игі бастама», – дейді құттықтаушылар.
Салтанатты шараға аудандық орталық аурухананың директоры Алмат Чорманов та қатысып, жас аналар мен медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Шара шымылдығын "Үшқоңыр" ұлттық фольклорлық ансамблінің өнерпаздары ашып, әуелете орындаған әндерімен аналардың көңілін шаттыққа бөледі.
Биылғы жылдың басынан бері ауданда 2 916 сәби дүниеге келсе, соңғы бір айда 476 нәресте өмірге келген. Ал бүгінгі таңның өзінде 22 бала жарық дүние есігін ашты. Бұл — ауданымыздың өсіп-өркендеуінің, жарқын болашағының нақты көрінісі.
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінен басталатынын ескерсек, осындай игі шаралар аналарға рухани демеу ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісі болмақ.
Алматы облысы.