• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Қылмыс Кеше

17,5 млн долларлық есірткі зертханасы әшкереленді

10 рет
көрсетілді

ІІМ арнайы операциясының нәтижесінде Қарасай ауданынан ірі көлемдегі синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан жасырын зертхана табылып, жұмысын тоқтатты. Заңсыз айналымнан миллиондаған долларға бағаланатын есірткі заттары тәркіленді, деп жазады Egemen.kz.

Алматы облысы, Қарасай ауданының «Тұрар бақшасы» ауылында жасырын синтетикалық есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Бұл – Ішкі істер министрлігінің Шу қаласынан бастап жүргізген «бақыланатын жеткізу» әдісі арқылы жүзеге асқан арнайы операциясының нәтижесі.

Операция кезінде көрші мемлекеттің екі азаматы қолға түсті. Тергеу деректеріне қарағанда, олар «мефедрон» есірткісін өндіріп, оны тарату мақсатында әрекет еткен. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейрханның айтуынша, тәркіленген 11 кг есірткі 35 мыңнан астам дозаға тең. Бұл көлеңкелі нарықтағы бағамен 1,6 миллион долларға пара-пар.

Зертханаға жүргізілген тінту кезінде 20 литр және 115 келі психотроп зат, сондай-ақ 2 тоннадан аса прекурсор табылған. Мамандардың есебінше, дәл осы шикізаттан тағы шамамен 120 келі синтетикалық есірткі әзірленбек болған.

Жалпы алғанда, көлеңкелі есірткі бизнесіне келтірілген залал 17,5 миллион долларға бағаланып отыр. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.