• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Мектеп Бүгін, 11:46

Ауыл мектептерінің әлеуеті артып келеді

10 рет
көрсетілді

Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуды көздеген «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы 2023 жылы басталғаны мәлім. Елімізде мектептердің 70 пайызға жуығы ауылдарда орналасқан және көбі шағын жинақты мектептер, деп жазады Egemen.kz.

Аталған бағдарлама ішінде Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру», Маңғыстау облысында «Отпан» тірек мектептерінің желісін дамыту», Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» сияқты өңірлік бастамалар іске асырылып жатыр.

Нақты атағанда, 2023 жылы Ақтөбе облысында 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты мектеп, 2024 жылы Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында тағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп жобаға қатысқан.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды, сондай-ақ, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету шешімін тапқан.

2025–2026 оқу жылында тағы 1600 ауыл мектебі қосылады деп жоспарланып отыр.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша жобаның маңызды тұсының бірі – онлайн оқыту. Оқушы мен мұғалім саны аз ауыл мектептерінде математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен онлайн сабақтар өткізіледі.

«Кейбір ауыл мектептерінде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Жаңа жобаның арқасында тірек мектептерінің ұстаздары шағын жинақты мектептегі оқушыларды онлайн оқытады, яғни әр пәннен өз ісінің білікті маманы дәріс береді. Бұл балалардың білім сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл мұғалімдерінің де кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Назипа Аюбаева.

Сонымен қатар әдістемелік қолдау тұрғысында мұғалімдерге цифрлық сауаттылық курстары оқытылады, технологияларды қолдану мен оқу бағдарламаларын ауыл мектептеріне бейімдеу бойынша тренингтер өткізіледі. Бүгінге дейін ұйымдастырылған 10-нан астам республикалық іс-шара алдағы уақытта да жалғасады.