• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Қазақ күресінің қара нары

30 рет
көрсетілді

Ғұмырын еліне, тіліне, ұлтына адал қызмет етуге арнаған тұлғалардың бірі – өнегелі өмірімен, кесек болмысымен, терең парасатымен, салмақты сөзімен, өрелі ісімен елге сыйлы болған арда азамат Ерғали Мұхиддинов. Оның әрбір сөзі шынның жүзі, өмір жолының әр белесі тағылымға толы.

Е.Мұхиддинов Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы Ордабасы ауданы Қараспан ауылының Жамбыл бөлімшесінде туған. Әкесі – мал дәрі­гері, қызмет бабымен Отырар ауданына көшіп барып, сол жерде абырой­лы еңбек еткен. Ерағаның балалық шағы Қызылқұм ауданының (қазіргі Оты­рар) Байырқұм, Сүткент, Ақтөбе ауылда­рында өтті. Осында сегізжыл­дық мектепті, Арыс қаласын­дағы орта мектепті бітірді.

Мектепте жүр­генде бап­кер Арыстан Сәрсен­­баевтың жетек­шілігімен бокс­пен айналысты. 1970–1972 жылдары Алматы облысындағы Қара­кемерде сержанттар даярлайтын мектепте білім алып, Красногорскіде ­Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Сол жылдары Қостанайда самбо күресінен өткен жарыста топ жарып, спортқа деген ынтасы арта түсті.

Әскерден соң Арыстағы асфальт зауытында жұмыс істеп жүріп, бос уақы­тында спорт мектебінде қазақ күресімен айналысады. Спорт­шы болсам деген асыл арманы Е.Мұхиддиновті 1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтына жетелеп, институтты үздік дипломмен аяқтады.

1980 жылы Жамбыл облы­сының Мойынқұм ауданында ере­кше бір спорт додасы өтті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың жүл­десі үшін Орта Азия елдері арасында дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылатын халықара­­лық турнирде 57 кило салмақ дәрежесінде талай мықтының арасынан суырылып шығып, жеңіс тұғырынан көрінген Е.Мұхиддинов турнир қорытындысында спорт шебері атағын иеленді.

Осы жеңістен соң, спорт май­тал­манының еңбек жолы болашақ буынға бағыт сілтер үлкен өнегеге айналды. 1978–1984 жылдары Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтында ұстаздары П.Матущак пен М.Болғамбаевтардың ұсынысымен «Күрес және семсерлесу» кафедрасында оқытушылық қызметке қалдыры­лып, спорт пен білімнің, тәрбие мен тәрбиеленушінің алтын көпірі бола білді. 1984 жылы Е.Мұхиддиновке Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтыру­шысы атағы табысталды. Бұл қазақ күре­сінің тарихындағы аса маңызды, ерекше оқиға еді.

1984–1996 жылдар аралығында Алматы зоотехникалық-малдәрі­гер­­лік институтының дене тәрбиесі кафедра­сының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 1996 жылы аталған оқу орны қазақ ауылшаруашылық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып қайта құрылғанда да, Ерғали Мұхиддинұлы өз саласының көшін алға сүйреп, 2005 жылға дейін кафедра меңгерушісі лауазымын табысты жалғастырды.

Білім мен спортты қатар ұштастыр­ған білікті маманның ұстаздық жолы мұнымен шектеліп қалған жоқ. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Дене шынықтыру және спорт», Қазақ спорт және туризм академиясында «Шығыс жекпе-жегі» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы академияда құрылған «Ұлттық спорт түрлері» кафедрасына басшылық етті.

2018–2023 жылдары Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық уни­вер­ситетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасын басқарды. 2023 жылдан бастап қазірге дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді.

Саналы ғұмырын қазақ спортына, ұлттық күреске, жас ұрпақтың рухани дамуына арнаған Ерғали Мұхиддинұлы 40 жыл бойы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі қызметінде болды. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұлттың абыройын асқақтатқан өнегелі өмір жолы.

Е.Мұхиддинов 1990 жылы доцент атағын алса, 1999 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Л.Керімов пен педагогика ғылымдары­ның кандидаты, доцент С.Дайрабаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссер­тация­сын сәтті қорғап, 2000 жылы профессор атанды.

Е.Мұхиддиновтің ең үлкен байлығы – дәріс беріп, тәрбиелеп шығарған шәкірттері. Ерағаның алдынан сайдың тасындай талай мықты спортшы өтті. Солардың арасынан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің орны ерекше. 80-жылдары Қазақ дене шынықтыру институтында білім алған Жақсылық ағамызға 3-курс­та «Мамандандыру» пәні­нен дәріс берді. Ж.Үшкемпіров өмірі­нің соңына дейін Ерағаны ұстаз тұтып, құрмет көрсетіп өтті.

Ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақ­стан об­лы­сының спорт басқар­масын бас­қар­­ған Болат Қырықбаев та Ераға­ның шәкірттерінің бірі. Шәкірттерінің ішінде есімі ерекше аталатын тағы бір азамат – Бақытжан Мұхамеджанов. Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының спорт бөлімін бас­қарған, кейін Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықара­лық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде кафедра негізін қалаған, ­декан, проректор қызметтерін абыроймен атқарған, ғылым жолында да үлкен биікке жетіп, докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алған қайраткер.

Балуан шәкірттері әлемдік ареналарда атой салып, ел абыройын асқақтатып, биіктен көрініп келеді. Қазақ күресінен Қ.Күлпейісов, Ә.Ыстыбаев, П.Құлтаев, М.Тұр­сын­баев, Ж.Бозбашаев, Е.Ерға­лиев сынды шеберлер, дзюдодан Париж ­Олим­пиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Ерағаны ұстазым деп ерекше сыйлайды.

1981 жылы Семей қаласында өткен республикалық турнир қазақ күресіндегі тарихи бетбұрыстың бастауы ретінде тарихта қалды. Дүбірлі дода аясында Қазақ күресі федерациясы ресми түрде құры­лып, оның төрағасы болып Ерғали Мұхиддинұлы сайланды. 1991 жылы ұлттық спорт жанашырлары Павло­дар қаласында бас қосып, Е.Мұхиддинов­ті Қазақ күресі федерациясының тұң­ғыш президенті етіп бірауыздан қайта тағайындады. Ераға бұл қоғамдық қызметті 1995 жылға дейін атқарып, қазақ күресінің қайта түлеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Е.Мұхиддинов – күресті ғана емес, күрескер ұрпақты қалыптастыр­ған тұғырлы тұлға. 80-жылдардың басында қазақ дене тәрбиесі институтында қазақ күресі бөлімін жабу туралы шешім шыққанда, белгілі спорт­шы, жаттықтырушы, «Күрес және семсерлесу» кафедрасының мең­геру­шісі Қабден Байдосов екеуі табанды түрде қарсы тұрып, аянбай күресіп, бөлімді сақтап қалды.

Қазақ күресінің кәсіби жүйе ретінде дамуына да Ерағаның қосқан үлесі орасан. Ол еліміздің құрамасына тұңғыш бас бапкер ретінде Сабыр Нұртазинді тағайындап, ұлттық команданың басқа спорт түрлері сияқты жеке оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне, халықаралық жарыстарға тыңғы­лықты дайындығын күшейтуіне тың серпін берді. Ерғали Мұхид­динұлы – күреске жанын берген жанкешті ғана емес, ұлттық рухтың шырақшысы. Өйткені оның ерен еңбегінің арқасында қазақ күресі халықтық сипат алып, елдің еңсесін тіктейтін, ұлттың намысын ұлықтайтын теңдессіз өнерге айналды.

Е.Мұхиддинұлы институтта ғылыми-әдістемелік жұмыстармен үздіксіз айналыса жүріп, көлемді еңбектер жазды. Оның қаламынан туған 200-ден астам ғылыми мақала, бірнеше монография, оқу құрал­ы мен әдістемелік нұс­қау­­лық, өндіріске енгізген тың жаңа­­лығы – отандық спорт ғылы­мының алтын қорына қосыл­ған құнды дүниелер.

Ерғали аға өмірлік жары Той­жан апаймен бірге ұлағатты ұр­пақ тәрбиелеп, жолын жалғас­ты­­рып келе жатқан ұлы Ержан мен қос қарлығашы Гүлнара мен Жа­на­­раның өрісті өміріне қуанып, құлдыраңдаған немере-шө­бе­ре­лерінің шаттығына кенеліп отыр.

«Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, отаншыл болу – парыз» деген тағылымды сөзді санасымен қабылдаған, тәуелсіз елі­міз­дің майталман маманы, тарлан аза­маты Ерекең қандай құрметке де лайық. Ойы ұшқыр, ақылы алғыр жас­тар кімге қарап үлгі алып, кімге қарап бой түзеуі керек деп сұраса, біз Ерғали Мұхиддинұлы биігін еш ойлан­бастан көрсетер едік. Оның өмір­лік ұстанымы – көпке үлгі-өнеге, артынан ілескен інілеріне зор мәртебе.

 

Жандос ЕСІРКЕПОВ,

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің

профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты