Жыр алыбы Жамбылдың «Менің өмірім» атты жыры тек өмірбаяндық өлең емес, ақындық кредосын айғақтап тұрғанын, әрі табиғи дарынын, тілінің поэтикалық байлығын танытады. Ол сөз өнеріне ден қойған кезеңдердегі тұрмыстық, әлеуметтік-саяси қайшылықтардың қай-қайсысы да ақын тілінің найзасына ілінбей қалған жоқ. Аталған өлеңінде: «Жауларды ел қарғаған жамандадым, Манапқа жақсы сөзді таба алмадым», деген ақын: «Келгенде жеме-жемге елде қалдым, Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым. Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы, Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым», деп ұлтымен арман-аңсарының бірге екенін айқын аңғартады.
Шынында, Жамбыл патша отаршыларын да, одан кейінгі кеңес отаршыларын да өлең сөзбен шенеп, түйреп отырады. Қазан төңкерісінде «жаңа заман туғанына» сенгенімен, жұртына тізесі батқан озбыр-обырларды да, жандайшап бай-манаптарды да аяусыз сынаған. Сондықтан, Жамбыл жырларының поэтикалық құндылықтарын жаңаша көзқарас тұрғысынан таныған жөн.
Қазтуғаннан бастап, Махамбет, бертінгі Жамбыл, Кенен, Иса сияқты ақын-жыраулар поэзиясының төл туындылары, айтыстары, жыр-толғаулары мен термелері фольклор емес, ауызша сақталған әдебиет үлгілері екендігін көрнекті ғалымдар Е.Тұрсыновтың, Х.Сүйіншәлиевтің, Р.Сыздықованың, М.Дүйсеновтің, Ж.Дәдебаевтың еңбектерінде ғылыми негізде зерделенеді.
Кеңестік кезең фольклорға қанша көңіл бөлсе де, Жамбыл аты мен даңқы ерте-ақ шықты. Ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай, «ат берген, қартайған шағы, сол шағында оны жетістірген өз заманы» десек те, сол заманның шындығын жырлаудағы Жамбылдың ақпа-төкпе ақындықпен, данагөй жыраулықпен, суырыпсалма шешендікпен, асқақ азаматтықпен ұштасып жатқан ұлы дарынының құдіреті деуге болады.
Бөлтірік шешен бала Жамбылды көргенде: «Атың Жамбыл болса, көңілің даңғыл болар, балам», дейді. Шешеннің бұл сөзі бала Жамбыл болашағының зор екендігін бейнелейді. Сегіз жасында Жамбылдың өзі де: «Жасымнан атым аян Жамбыл едім, Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім», деп жырлайды. Өлеңдері ауызекі айтылғандығы, кейіннен хатшыларының жазып алып отырғандығы мәлім. Қағазға түспей жоғалып кеткендері де бар. Жамбылды ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетті байланыстырушы дегенімізбен, бұл арнайы текстологиялық зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе.
Тегінде, Жамбылды ауызекі суырыпсалмалық өнердің өкілі деп танығанымыз жөн болса керек. Мұхтар Әуезов: «Төкпелік ұзақ сүре үлкен толғауда шығып кетеді. Осыны бірде Өтегендей, Сұраншыдай үлкен эпос туғызып отырса, бірде дәл келелі сүре айтыстың өзінің үстінде Құлманбет, Сарыбасқа Сұраншы тарихын поэма еткізгендей, ұзақ сүре әңгімелі жыр желісін жатқызып кетеді. Кейде ескі труверлер үлгісінде – Домалақ дастанындай, тамаша көркем (Сарыбаспен айтысында) аңыз поэманы толғап кетеді», деп Жамбылдың сол ақпа-төкпе ақындығын ерекше бағалайды. М.Әуезов Жамбыл Күсеп, Сүйінбай, Майкөт ақындар өзінше жырлаған дастандарды қайта жырлағанда өзгеге ұқсамайтын өрнек тауып, труверлерше түлеткен шеберлігін айтады.
Сол жыршылық өнеріндегі шеберлігінің бір қыры – дәстүрлі батырлық жыр үлгісін өзінше жаңғыртуы. Бұл эпикалық жанрлардың жалғастығына көз жеткізеді. Академик С.Қирабаев «Сұраншы батыр» дастанының тарихилығы туралы айта келіп: «Дастанда дәстүрлі батырлық жырдың үлгісі жаңа мазмұнмен байытылады. Жырдың тағы бір жаңалығы: онда қазақ халқын Қоқан қолы астынан азат етудегі шаруа орыс әскерлерінің пайдалы қызметі, азаттық жолындағы күресте табысқан қырғыз, өзбек еңбекшілерінің достық ынтымағы нанымды суреттеледі», деп жазады. Әрине, жырдың бұл жаңалығы Жамбыл ақынның еларалық ынтымақты көксеген мәмілегерлігін де аңдатады. Жамбыл ақын сол кездегі «жаңа заман» шындығына дауасыз сенгенін жоққа шығаруға болмайды. Ол: «Бейнесін төрт заманның өзім көрдім, Заманның онан арғы сөзін көрдім. Қалмақ хан, Тезек төре, Құдияр хан, Ұсқынын Николайдың көзбен көрдім», деп толғайды.
Сол замандардың қай-қайсысында да ел мүддесін қорғап жыр төгеді. Жамбылдың халық ақыны атануының бір бөлек сыры осында болса керек. Ақындық өнерінде «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықтық қағиданы ұстанады. Жамбыл бастаған бір топ ақын Ресей патшасы Романов әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған той-көрмеде патша тұқымын мадақтап, ояз, ұлықтарды дәріптеуден бас тартып, ақындық өнерді қорлаған жендеттерге қарсылық білдіреді. Сонда соққыға жығылғандардың бірі Жамбыл болады. «Әділетсіз ояздар, Ақтаяқты оқталып, Есігінде тұрады. Жазығы жоқ Жамбылды, Төбеден сілтеп ұрады» деп өлең шығарады. Ел еркесі ақынын сабатып қойып, ұйлығып тұрған қазақ байларының дәрменсіздігін бетіне басып, Жамбыл «Өстепкеде» деген айыптау өлеңін қалың жұрттың көзінше айтады.
Жамбылға қай заманда да құқай-қыспақ аз болмаған. Осы жағынан ол өз замандасы Абаймен тағдырлас екенін ұқтырады. «Абайдың суреті» деген өлеңінде: «Терең ойдың түбінде теңізі бар, Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар: Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!», деп қамығып, өз жүрегінен де шер төккендей болады. Өлең 1940 жылы жазылған. Осыған қарағанда, Жамбыл өзі ағынан жарылып қуана қарсы алған «жаңа заманның» кейбір құбылысынан түңілгенге ұқсайды.
Абай мен Жамбылдың ақындық қасиеттеріндегі үндестік аз емес. Екеуіне ортақ – ұлт мүддесі. Ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарға жаны күйзеледі. Тығырықтан шығар жол іздейді. Қытымыр байдың қылықтарына күйініп, кедейдің мүшкіл халіне жаны ауырады. Абай: «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы» – десе, Жамбыл: «Сараң байдың үйіне қонақ келсе, Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап. Кедей жомарт үйіне мейман келсе, Жалғыз қойдың тұрады басын байлап», дейді. Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақынның, әсіресе Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция. А.Ахматованың «Белая стая» (1915) өлеңіндегі «қайыршы» реминисценциясы Бунин, Горький, Блок шығармаларындағы «қайыршы» сөзінің тарихи мәнімен, олардың «қайыршы Ресейге» деген сүйіспеншілігін айғақтайтын азаматтық үнімен қалай ассоциацияланса, Жамбыл мен Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәні де солай шендеседі. Ақынның «Әлемде бір жұлдыз бар» өлеңінде: «Үміт алыс, өмір шақ» деген интермәтінді шеберлікпен сыналап енгізгенін де көруге болады.
Ақындық пен шешендік егіз өнер екенін Жамбыл айтыс өлеңдерінде ерекше танытқаны белгілі. Ұлы Мұхтар Әуезов айтулы мақаласында, Жамбылдың күнделікті өмір қарым-қатынастарындағы әзіл-қалжыңдарын мысалға келтіріп: «Ақындық теңеу тілімен сөйлейді. Бірақ оны келістіріп айтқан күнде де ақындық демейміз, шешендік дейміз», дейді. Айтқандай-ақ, Жамбыл өлеңдерінің тілі шешендік иірім-өрнектерге бай. Поэзиясынан таңбалық жүйенің өзіндік ерекшеліктерін көруге болады. Олардың семиозис тұрғысындағы құрылым ерекшелігі аңғарылады. Ел басына төнген зұлматты жалпылық мәндегі портрет арқылы таңбалайды: «Малы бардан мал алды, Малы жоқтан жан алды. Аралдағы қояндай, Ел топанға қамалды». Тығырыққа тірелген ел сиқы – «аралдағы қояндай». Жамбылдың шамырқанған ойынан туған – әрі шынайы, әрі жанды бейне. Ақын «үріккен қойдай» деген сияқты дәстүрлі теңеулерді қолданбай, өзіндік соны сурет салады. «Толғау» жыры тұтастай алғанда градацияға негізделген риторикалық-публицистикалық стильге құрылады.
Жамбыл қозғалысқа, күреске (Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өлеңдері) қашанда дем беруші болғанын білеміз. Ақын «Толғау» жырында патша соғысын мақтап-жақтамағаны үшін байлауға түскенін: «Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық, Түсінгенім болмады мүлде менің, Ұстаған қанды тырнақ елді қысты, Кім болмақ ызаланса елден күшті?» – деп, «хан – қайық, халық – теңіз» деген халықтық қағиданы ескерте сөйлейді. Би-шешендерше ширыға сөйлеп, айтар сөзін риторикалық сұрақтармен қайырады.
Қорыта айтсақ, Жамбыл фольклордың емес, авторлығы ауызша сақталған ауызша әдебиеттің өкілі екеніне талас тудырмайды. Ақынның әралуан фольклор жанрларына тән сөз өрнектері, жыраулық, шешендік, айтыс өнері көркемдік дәстүрлерін шығармашылықпен дамытқаны айқын. Демек Жамбылдың ауызекі суырыпсалмалық өнерге негізделген поэзиясы – сөз өнерінің алуан түрлерімен көркем синтез құраған құнды поэтикалық мұра. Сондықтан, ақын мұрасын ұмытылмайтын, cөз өнерінде мәңгі өшпейтін өміршең феномен деуге болады.
Раушан ӘБДІҚҰЛ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
қауымдастырылған профессоры