Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беріп отыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«Бес жыл бұрын саяси реформалар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмін енгізу туралы бастама көтерген болатын. Соның нәтижесінде, кейінгі жылдары ауыл әкімдерінің корпусы 100 пайыз жаңартылды. Барлық 17 облыста жалпы саны 2 969 әкім сайланды. Олардың 864-і – өзін-өзі ұсынған үміткерлер, ал 283-і – әйелдер. Жаңа әкімдердің басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айта кету керек. Халық сеніміне ие болған азаматтардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары бар. Бүгінде ауыл әкімдерінің орташа жасы – 44 жас. Сайлау нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы жан-жақты жаңартылды», деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бұл елдегі басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалардың бір тармағы ғана. Ауыл әкімдерін сайлаудан кейін енді аудан және қала әкімдерін тікелей сайлау кезеңі басталды.
«Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үдерісі жалғасып жатыр. Былтыр барлық өңірде 45 аудан әкімін сайлау пилоттық режимде өтті. Ал биылдан бастап қазіргі аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттіктері аяқталуына қарай сайлау тікелей дауыс беру арқылы өткізіледі. Осылайша, Қазақстанда саяси реформаларды жүзеге асыру үдерісі жалғасып, мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр», деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин атап өткендей, бұл реформалар азаматтардың ел басқаруға қатысу мүмкіндігін арттырып, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, қоғам мен билік арасындағы сенімділік деңгейін жаңа сапаға көтеріп отыр.