Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұйытқы болуымен түсірілген «Сабыр» қысқаметражды фильмі халықаралық аудиторияның ықыласына ие болды. Туынды «Сineshort» қысқаметражды фильмдерінің әлемдік платформасында рейтинг көшбасшыларының қатарына енді.
Фильмде оқып, жаза алмайтын екінші сынып оқушысы Сабыржанның оқиғасы баяндалады. Анасы мен мұғалімдері оны түсіне алмайды. Балада дислексия дерті бар екенін білмей, жиі сөгеді. Бұл – үлкендер тарапынан түсіністікті қажет ететін ерекшелік. Фильм маңызды әлеуметтік тақырыпты көтереді және көрерменге мектептегі балалардың қиындығына мұқият қарау қажеттігін жеткізеді.
Фильмнің режиссерлері – Марина Зиберт пен Дамир Танатов. Жоба ұлттық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. «Сабыр» VIII халықаралық «Baiqonyr» кинофестивалінің ұлттық байқауында «Үздік фильм» жүлдесінің иегері атанды, ал басты рөлді ойнаған жас актер Салих Бейсенбай рөлін үздік сомдағаны үшін марапатталды.
Сонымен қатар фильм «Umut» халықаралық кинофорумында «Үздік режиссер» сыйлығын жеңіп алды. Торонтодағы «Peaks Central Asian Film Festival» аясында Солтүстік Америка премьерасында ұсынылды.
Айта кетейік, «Cineshort» – бұл дәстүрлі жанрдағы авторлық және фестивальге арналған фильмдерді ұсынатын Халықаралық қысқаметражды фильмдер платформасы. «Сабыр» картинасы 9,3 балл жинап, көрермен қызығушылығын тудырды.