• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:09

Көрікті мекенді көруге жол кедергі

10 рет
көрсетілді

Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмді дамыту туралы арнайы кеңесте: «Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы, салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады», деген еді.

Осыған орай Сол­түстік Қазақстан облы­сын­дағы туризм­нің бүгінгі жай-күйін саралап көрген едік. Өңірдің көркем табиғи ландшафты, тарихи-мәдени мұ­ралары туристерді тартуға қо­лай­лы. Облыста қо­нақ­тарды қабылдай алатын 125 орын бар. Әрине, олардың сапасы әртүрлі, дегенмен осы орындар бір мезгілде 2 045 адамды қабылдауға қау­қарлы. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен са­лыстырғанда 3,2%-ға артық. Бүгінге дейін туристерге 461 млн теңгенің қызметі көр­сетіліпті, бұл көр­сеткіш те был­тырғыдан 22,9%-ға өскен.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­­вациялық да­му бас­қар­ма­сы­ның басшысы Дархан Әмірин өңірдің барлық аудан­дарының туристерді қабыл­дап, оларға ұсына алатын тарихи орындары, киелі мекендері бар екенін айтты.

«Бір ғана Есіл ауданында 540 көл бар, сонымен бірге осында «Красный бор» аңшылық шаруашылығы ұйымдастырыл­ған. Қызылжар ауданында қысқы, жаз­ғы туризмді, түрлі тур ұйым­дастыруға мүмкіндік беретін дема­лыс базалары бар», деді ол.

Тарихи-мәдени тұрғыдан саяхатшылар мен серуендеушілерді қарсы алып, туристік демалыс ұсынуға Айыртау ауданының мүм­кіндігі барынша зор. Аудан­да­ғы Қарасай мен Ағынтай музей кешені орталығы, Шоқан Уәлиханов музейі, Айғаным қонысы – ұлттық туризмнің нағыз қайнар көзі. Адамзат баласы арасынан жылқыны алғаш рет қолға үйретуді бастаған «Ботай қонысы» тарихи танымға бой ұрған туристерге таптырмайтын орын. Тек соларға бастап баратын жолдардың жөнделуі әлі де жеткілікті дәрежеде емес. Аудан әкімі Мейрам Меңдібаевтың ай­туын­ша, жөнделмей жатқан жол­­дар көп. Осы мәселе он жылдан бері шешілмей келеді. Тек жеке­ле­ген туристік орындарға апаратын қыс­қа, кіреберіс жолдарға жөн­деу жүргізіледі. Мысалы, былтыр Шалқар көлінің жағалауындағы 8,5 шақырымдық төрт автожол ғана жөнделген. Биыл ұзындығы 12,1 шақырымдық тағы да сондай бес жол жөнделмекші. «Ботай» музей-қорығына апаратын 2,2 шақы­рымдық, «Айғаным қоны­сынан» Ш.Уәлиханов музейіне апаратын 4,2 шақы­рым­дық жолдар­­ды жөндеуге жоба­лық-сметалық құ­жаттар жасалып, қаражат сұрал­ғанымен, әлі бекі­меген.

«Жолдардан бөлек, интернет, байланыстың басқа түрлерімен қамтуға да толық қол жеткізілмей тұр. Былтыр «Көкшетау мемле­кет­тік ұлттық табиғи паркі» РМК телекоммуникациялық байла­ныс­тың бағаналарын орнатуға 6 участок бөлген. Бірақ мердігер міндеттемесін орындамады. Қазір сол «Транстелеком», «Контент» фирмаларымен келісімшартты бұзу шаралары жүргізіліп жатыр», деді аудан әкімі.

Осы уақытқа дейін интернет желісі жұмыс істемейтін өңірге қандай турист барады? Қазір кез келген адам мобильдік байланыссыз жүре алмайды. Сол тұрғыда бұл жерлердің мәдени-тарихи маңызы қанша зор болса да, олардың туристерді тарту мүмкіндігі тіпті төмен. 

Облыстық мәдениет басқар­масы басшысының орынбасары Мафруза Науанова тамыз айында дәстүрге айналып келе жатқан суретшілер симпозиумы жөнінде мәлім етті. «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» тақырыбымен өтетін халықаралық фестиваль биыл үшінші рет ұйымдастырыла­ды. Оған Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Мажар­стан, Түрікменстан, Моң­ғолия елдерімен қатар, Ресей Федера­­циясының Саха, Татарстан, Баш­құрт­стан республикаларынан 20 шақты кәсіби суретшілерді шақырмақшымыз», деді ол.

Туризмді дамыту әлеуеті зор аумақтың бірі – Жамбыл ауданы. Сегіз сері, Нияз сері, Есеней-Ұлпанның, халқымыздың екі бір­дей классик жазушысы – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсі­реповтің, Сафуан Шай­мер­де­новтің, жазушы Иван Шуховтың туған мекені. Алайда мұндағы туристік инфра­құ­ры­лым­дардың жай-күйі де мәз емес.

Тайынша ауданында хрис­тиан дінінің католик тармағын ұстанушыларға саяхат жасау мүмкіндігі бар. Мұнда «Сасықкөл» деп аталатын жерге сталиндік қуғын-сүргін жылдарында поляк, неміс тұрғындары күшпен жер аударылып келіп, осы қонысты паналапты. Арасында діндарлары да көп болыпты. Көлдің атауы да «Озерный» дегенге ауыстырылған. Осы өңірде зардап шеккен бауыр­ла­рының ізін көруді мұрат тұт­қан туристер жыл сайын орта есеппен бір мыңдай болып, Польша, Германия, Италиядан келіп тұра­ды. Алайда мұндағы жол­дар да халықаралық қалыпқа сай емес.

Емдік туризмді дамытып, эко­номикалық тиімділікке қол жет­кізуге болатын орын – Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің жағасы. Шалқып жатқан тұзды көлдің емдік қасиеті жоғары, оны мамандар да, халық та біледі. Бірақ жағасына емдік-демалыс орнын салу ешқашан қарастырылған емес. Тек осы көлдің бір пұшпағын жайлайтын қазіргі Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов басқарған «Мамбетов и К» ЖШС маңайындағы алаңды аздап жөн­деп қойды. Серіктестік тіккен жұқа киіз үйлерге терістіктің суық түнінде шыдап шығу оңай емес, әсіресе таңғы ызғарда бүрсең қа­ғып кетесің. Оны өз басымыздан өткеріп, екінші рет бармастай болғанбыз. Заманауи ақшаңқан, жылы үйлер салдырып, айналасын абаттандырып қойса, бұл көлдің бағы артып жүре берері сөзсіз. 

Петропавлдың өз басында туризмді дамыту мүмкіншілігі жоғары, мұндағы инфрақұры­лым да талапқа сай. Әсіресе тарихи туризм жасағысы келетін адамдардың көзайымына айналатын нысандар жеткілікті. Соның ең бастысы – «Абылайдың ақ үйі» музей-кешені. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, қазақ теат­ры, «Қалыңдық үйі», «Мағжан орталығы», «Ботай» арт-гал­ерея­­­сы, тарихы терең орталық серуен бағы – қонақтардың сүйсіне тамашалайтын орындары.

Туризмді дамытудағы тағы бір мәселе – халықаралық  WFTGA стандартына сай келетін экскурсия жүргізушілердің болмауы. Осы күнге дейін облыста ондай бес-ақ маман бар екен. Сондықтан тіл білетін кәсіби гидтер дайындау да күн тәртібінде тұр.

Имантау-Шалқар курорттық аймағы бойынша «Qundyzdy Resort» инвестициялық туристік жобасы ұсынылып отыр. Бұл – жыл бойы жүргізілетін ұлттық сәу­леттік, экологиялық туризм жо­басы. Жоба аясында жаздық 60 орын, қыстық 30 орынды жарақтауға 600 млн теңге инвес­тиция тартылмақ.

Қазірде «Vizit Tourism» цифр­лық жобасы жүзеге асырылуда, ол туристік бағыттарды айқындап, ыңғайлы жолдарды анықтап, тарихи орындарды көрсетеді. Соны­мен бірге «Бурабай тревел» атты ұлттық цифрлық туристік пор­талды толықтыру қолға алынып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы