• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:13

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ, профессор: Адам өзінің ары алдында таза болуға тиіс

50 рет
көрсетілді

Ол кісінің аты аталғанда ең алдымен ойға оралғаны – жан мен тәннің «инженері» деген теңеу. Десе де сұхбаттан соң оның екінші аты адалдық па дедік. Бұрыннан білетіндер кәсібіне берілген жанкешті жан екенін айтады. Ал қилы-қилы хикая­лары мен содан аман алып шыққан қаһарманына жұрттың ағынан ақтарылған алғысхаттарын оқығанда еріксіз бүгінгінің батыры дерсіз. Иә, әркім кейіпкерді өзінше таныр, бірақ біз көпке белгілі адамның белгісіз қырын ашқымыз келді, соның ішінде оның ғалымдығы өз алдына бір төбе екенін біреу білсе, біреу білмес.

– Жақсылық Ақмырзаұлы, Гиппократ антын қабылдамас бұрын дәрігер боламын деп әуелі әкеңізге ант берген екен­сіз. Неге дәл хирургияны таңда­дыңыз?

– Мен негізі инженер болғым келді. Өйткені 70-жылдары бұл мамандықтың бәсі биік еді. Оқушы күнім, бірде Ақтөбе­дегі химкомбинатқа экскурсия­ға апарды, сонда «Мынау инженер Қосыбаев, Бұл – инженер Әлібаев» деп атпал азаматтарды таныстырғаны, олардың киімдері, басындағы шлемі, суреттері құр­мет тақтасында ілінген білікті инженерлер бейнесі мені ерекше қызықтырды. Сөйтіп, 9-сыныпта Шымкенттегі атақты химия-технология институтына оқуға қалай түсуге болатынын сұрап хат жаздым. Жауапта көрсетілген пәндер бойынша дайындалып жүрдім. Сол уақытта әкем қылтамақ болып ауырды, ол кезде бұл аурудың емі жоқ. Қатты қиналғанын көзіммен көрдім, сойқан соғысты көрген әкем ауруға беріле қойған жоқ. Бар жағдайын маған айтады, себе­бі үйде жалғыз ұлмын, қалғаны қыздар, өзім жетектеймін, жуындырамын, киіндіремін, дәретке шығарамын. Дерті әбден дендеген сәтте ауруды басатын укол салғызу керектігін еске саламын. «Дәріден басым айналады, одан да маған екі шелек қар әкеліп, аяғыма, үстіме салшы, жанып бара жатырмын» дейтін. Содан суық қармен денесін көміп, үстін жапқышпен қымтап қоямын, ұйықтап қалады. Тамақ өтпейді, су ішеді, құсып тастайды. Халін сұрап келгендер «Ой, Ақмырза, жазылып кетесің» дейді, соған бала көңілмен сеніп жүрдім. Бір күні ол мені шақырып қолындағы сағатын берді: «Мә, мынаны енді сен тағасың, анаңа, қарындасыңа, әке, әжеңе (әкемнің аға-жеңгесін солай атаушы едік) қара. Ендігі жауапкершіліктің бәрі – сенде», деді. Көзіме жас келіп қалды, сонда әкем: «Азамат емессің бе, қалай саған сенем мен! Осы үйдің иесісің ғой. Бар енді, мен кішкене демала тұрам», деп мәңгі ұйқыға кетті. Басқа бөлмеге барып, одан сайын тоқтай алмай жыладым, содан ұзақ ойланып, хирург болам деп шештім, ендігі ісім дәл әкемді алған осы аурумен болсын деп өзіме ант бердім. Инженер болуға дайындалып жүрген пәндерім дәрігер мамандығына да сай келіп, Ақтөбе медицина институтына түстім.

– Институтты үздік бітірген соң ауруханада жұмыс істеп, әрі қарай да білім жетілдіру үшін Мәскеуге аттандыңыз, ол жақтан елге не алып келдіңіз?

– Мен өзіме, әкеме берген сертімді бір сәтке де ұмытпадым, институт бітіріп, жергілікті ауру­ханада жұмыс істегеніммен, өңешке операция жасау туралы ой миым­нан шықпады. Содан ізденіп, ондай операцияны Онкология инс­титутында жасайтынын білдім. 1985 жылы сондағы аспирантураға түсемін деп Алматыға аттандым. Онда түсетін адамдарды алдын ала дайындап қояды екен, «Қайтесің, Алматыда біраз күліп-ойнап, өз ауылыңдағы институтқа бара ғой» деген профессорға көздегенім білім алу екенін айтып, өзімді сынап көру үшін емтиханға жіберуді сұрап, өте жақсы тапсырып шықтым. Бір профессордың аспиранты өтпей қалып, мені оқуға шақырды. Содан бір күн бұрын сол институтта істейтін жерлесім жолығып қалып, маған мұнда ғылым жоқ екенін, тек мықты хирург, академик Мұхтар Әлиевте оқуға болатынын немесе Мәскеуге барған жөн екенін айтты. Түсіп тұрған оқу­дан бас тартып, Мәскеуге кеттім. КСРО Ғылым академиясының Бүкілодақтық ғылыми хирургия орталығына оқуға түстім. Аңдап қарасам, профессор Александр Фёдорович Черноусов басқаратын «Асқазан және өңеш хирургиясы» бөлімі бар екен. Черноусовтың өңеш пен асқазанға көзді жұмып тұрып операция жасағанына куә болдым. Өзім басқа бөлімге, өзге профессорға студент болсам да Черноусовтың операцияларына сұранып, кіріп жүрдім. Кандидаттық диссертация қорғап Ақтөбеге оралдым, Мәскеуде үйренген операцияның барлық түрін жасадым, өңештен өзге. Өңешке бізде Мұхтар Әлиев жасайтынын естіп, Алматыға қайта келіп, «Ұйқы безінің трансплантациясы» атты докторлық тақырыбымды көрсетіп, жұмысқа алуын сұрадым. Келісетінін, бірақ үй мәселесін өзім шешіп келуімді тапсырды. 90-жылдардағы тоқы­рау кез, Ақтөбедегі 3 бөлмелі пәтерімді Алматыдағы 2 бөлмеге ауыстырып, бала-шағамды ертіп, ғылымның соңына түстім. Сол жерде зерделеп жүріп, докторлық дәрежемді қорғап, ұйқы безін ауыстыруды, өңешке операция жасауды толық игеріп алдым.

– Көбі ғылымнан кетіп жатқан кезде келгеніңіздің өзі ер­лік екен, ал әкеңізге бер­ген анты­ңызды қашан орын­дадыңыз?

– Алматыдан Ақтөбедегі институтқа ректор болып бардым. Өскен өңірімде алғаш рет өңешке операция жасадым. Сол сәтте барып «Әке, міне, уәдемді орындадым!» деп іштей кеудемде тыныштық орнаған еді. Қазір көзімді жұмып тұрып өңешке операция жасай аламын.

– Сіз екі рет министр, ректор, депутат болдыңыз, сөйте тұра адам өмірін арашалау ісінен де қол үзбедіңіз, қалай үлгердіңіз? Бұл кәсіпке деген адалдық па, әлде жәрдем сұраған жандарға жанашырлық па?

– Мынау (арқасы биік қара креслоны көрсетіп – ред) – уақытша нәрсе. Ұлы Әйтеке бидің айтқан сөзі бар: «Бақ дегенің – құс, қонады да кетеді. Тақ дегенің – түс, кіреді де кетеді. Байлық дегенің – мұз, ериді де кетеді. Мәңгілік қалатыны – адал іс». Адал дәрігер болсам – осы мәңгілік деп түйдім. Мысалы, мені ешкім ректор, депутат, комитет төрағасы, министр деп танымайды, бірді-екілі қызметтес болғандар болмаса. Көпшілік дәрігер, хирург деп біледі, маман деп келеді. Адал, кәсіби, мықты маман болу – біріншіден, абырой әкеледі, екіншіден, атақты да беретіні осы. Қалай үлгердің дегенге келсек, қай заманнан бері келе жатқан әдетім – таңым 5-те атады, қазір түнгі 11-де ұйықтап қаламын, бұрын 12-лерде жататынмын. Мемлекеттік қызметте жүргенімде таңертең сағат 6-8 аралығында операция жасап, сағат 9-да жұмыста отыратынмын. Жанашырлықтан гөрі еңбексүйгіштік деген дұрыс болар. Мұның бәрі – әкемнің қанымен, анамның сүтімен сіңген қасиеттер. Әкем соғысқа бір қолын беріп келген адам, бірақ ешқашан мүгедектігін алға тартып, 6 баласын асырау үшін біреуден бірдеңе сұраған жоқ. Ал анам мені босан­ғанда 3-ақ күн декретте отырып, зауыттағы жұмысына шыққан. Баласын емізуге 45 минут береді екен, 3 шақырым жерден жаяу келіп, мені емізіп отырғанда үлкен әпкем шешемнің аузына тамақ салып отыратын көрінеді. Қайтарда ауыр, жанбай қалған көмірді (шлакты) қаптап тасып, үйін жылытқан. Міне, еңбек! Біз осыны көріп өстік, еңбекпен келген нанды жеп жетілдік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген.

– Өзіңізді білікті дәрігер ет­кен ғылым секілді. Себебі сіз­ді ертеден білетін әріптес доста­рыңыз үнемі зерттеумен шұғыл­данатыныңызды айтады. Десе де әрдайым ғылыми мекемеде жұмыс істеген жоқсыз ғой...

– Сіз екеуміз қазір мен жұмыс істейтін №2 қалалық ауруханада отырмыз. Бұл ешқандай да ғылыми институт, зерттеу орта­лығы я университет емес, соған қарамастан, ешкім міндеттемесе де шәкірттеріммен бірге мынадай (тартпасынан кейінгі 2-3 жылда алған патенттер, авторлық құ­қықтар туралы құжаттарын көр­сетті) жұмыс жүргізіп отырмыз. Ізденісті үзбейтін адам кез келген жерде ғылыммен айналыса алады. Жай практикалық жұмыс ғылыми жұмыспен қатар жүрмесе, нәтиже болмайды. Жаңа емдеу-диагностикалық тәсілдер осындай ізденістен туады. Бұл үшін инс­титут ашып, орталық құрудың қажеті жоқ, ниет, ғылымға деген сүйіспеншілік керек.

– Кез келген сала терең білім, жіті зерттеусіз дамымайды. Бірақ көп адам бұған мән бермейді, ғылым неге екінші орынға ысырылып қала береді?

– Нағыз ғалымдар бар, содан соң жасанды ғалымдар бар. Жасанды ғалымдар өз дис­серта­ция­сының тақырыбын да білмейді, әдетте атағы, ғылыми дәрежеге берілетін ақшасы үшін барады, іші бос келеді. Өйткені олар ғылыми зерттеу жұмысының дәмін сезбейді, сезбегеннен кейін басына алтын құйсаң да нәтиже шығара алмайды. Дәмі – зерттеудің түпкі жемісін көре білуде, оны өндіріске, қолданысқа енгізе алуда. Алдымызда жатқан осыншама патенттің айналасында жүрген шәкірттерім – менің жемісім.

– Сіздің атыңыз аталғанда, ең алдымен бауырды ауыстыратын мықты маман ретінде таниды. Трансплантологияда өте күр­делі жұмысқа жататын осы орган­ды алмастыру ісін қалай меңгердіңіз?

– А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лы­ғында жұмыс істеп жүргенімде мені және тағы бір профессорды Гер­манияға жіберді. 6 ай бойы ба­уыр ауыстыруды үйрендік. Елі­­мізде Мұхтар Әлиевпен бірге алғаш рет 1997 жылы бауыр ауыс­тыр­дық. 2013 жылдан бастап елі­­мізге ба­уыр трансплантациясын енгіздім. Оңтүстіккореялық досым, профессор Лимен бірге Ұлт­­тық ғылыми медициналық орта­­лығында бауыр ауыстырдық. Содан соң республикадағы хирург­тер­­­ді үй­ренуге шақырдым, солар­дың ішінде Болатбек Байма­ханов та бар.

– Тін жасуша (стволовые клетки) дейміз ғой, резервтегі тіндерді «тірілту» әдісін де елімізде тұңғыш енгізген едіңіз. Қалай жүзеге асты?

– Сол 1997 жылы Мұхтар Әлиевке келіп, енді «стволовые клетки деген дүние бар, осымен айналысып көрейік» дедім, ғылыми журналдардан оқып алғанмын ғой. Бүкіл қаражат бауыр ауыстыруға кеткен, қоржын бос. Содан Ақтөбеге ректор болып барғанда осы іске кірістім, 5-6 кафедра меңгерушілерін жинап «Эмбрионалды тін жасушаны енгізейік» дедім, олар аң-таң. «Мынау ректордың басы істей ме?» дегендей түрмен қарады, «Біз қайда, жасуша қайда?» деген шығар. Жиналғандарға осы тақырыптағы ғылыми жұ­мыстарды қарап, тауып­ әкелуге 1 ай уақыт бердім. 1 айдан кейін тағы жинап сұрадым, ештеңе жоқ. «Онда 10 күн уақыт беремін, тағы ештеңе шығара алмасаңдар, орынды босатыңдар» деп қысқа қайырдым. Уақытында тағы жинадым, сөйтсем бар екен, талай материалды тауып әкеліпті. Бәрін өзім оқып, талдап, кафедра меңгерушілерінен әлдеқайда жас 10 шақты доцент, ассистентті жинап, жаңа зерттеу тақырыбын ұсынып едім, олардың көзі жанып кетті. Орынбордан зерттеуге қажет 20 егеуқұйрықты (ішін­­де 1 еркегі бар, қалғаны ұрғашы) сатып алдық. Бір ұрғашысы тууға әбден жақындағанда ассистенттерге күні-түні күзетуді тапсырдым. Түннің бір уағында қоңырау түсті, дереу әрекетке көштік, өйткені баласы еміп қоймай тұрып бөлек алу қажет. 20 егеуқұйрықтың 10-на дәрі егіп, қолдан бауырын зақымдадық. Жаңа туған егеуқұйрықтың баласынан, яғни ұрықтан арнайы әдіспен жасушаларын алып, әбден әлсіреп жатқан тышқандарға жібердік. Үш күннен кейін қарасақ, ауырған бауырдың ішінде жасушалар тіріліп жатыр. 2 айдан кейін сау, жаңа бауыр пайда болды. Осы бір зерттеу жұмысының айналасында қаншама докторлық, кандидаттық диссертация қорғалды. Сөйтіп, біздегі тіндерді тірілту әдісінің отаны Ақтөбе болып тарихта қалды. Астанаға көшіп келгеннен кейін әрі қарай адамдарға клиникалық зерттеу жүргіздік, түсік тастағандағы ұрықтан материал алып, 6 түрлі (бауыр, бүйрек, жүйке, алқа безі, ұйқы безі, ше­міршек жасушасын) «тірілту» әдісін енгіздік. Нәтижесінде, осы тақырыптағы жұмысқа бірнеше жыл бұрын Абай Байгенжин бастаған шәкірттерім Мемлекеттік сыйлықты иеленді.

– Ғалымның ойлап тапқан өнертабысы адамзатқа ортақ. Бір қызығы, осы тіндерді «тірілтетін» әдісіңіз инсульт алғанда өзіңізді емдеуге қол­данылыпты. Бұл сәйкестік пе, әлде еңбектің жемісі ме?

– Иә, бұл артымнан ерген, бар білгенімді аянбай үйреткен ізбасарларымның маған жасаған жанашырлығы шығар. Кез келген жұмысыңның нәтижесі, өнімің өзіңе қайтып келуі мүмкін, кәсіпке адалдық та осы үшін керек. Мені адам болады деп ешкім ойлаған жоқ, сот кезінде әдейі істеді деп қараусыз қалдырды. 8 ай бойы 1 адамдық камераға қамап тастады. Сол жалғыздық маған өтіп кетті, жаныма қатты батты. Бір жағым толық істемей қалды. Инсульттен кейін 5 жыл бойы оңалтудан өттім, бармаған жерім жоқ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея мен Түркияға шапқыладым. Соның өзінде, қараңыз, сол қолдағы бас бармағым қысқа болып қалды, әлі күнге инсульт алған қолымдағы екі саусағым істемейді, 8 саусақпен операция жасап жүрмін, бастапқы үш саусақ екен ғой қысқышқа керегі (күліп).

– Сізді сотқа сүйрелеп, сүріндіруге тырысқан сәттен, сол сыннан не алып шықты?

– Адам өзінің ары алдында таза болуға тиіс, сонда сынақта сынбайды. Мен алдымен өз арымның алдында таза әрі соған сенімді болғандықтан, түптің түбінде шындық менің жағымда екені белгілі болды. Дәлелдері жоқ қой, айыптары күлкілі, жауаптары сәйкеспеді. Шындық біреу ғана, екі шындық болмайды. Ал өтірік көп болуы мүмкін, өтірікті шындық бәрібір жеңіп шығады.

– Достарыңыз сіз туралы сұхбаттарда жоғары лауа­зым­да отырған кездерде де еш өзгер­мегеніңізді айтады. Бірақ қан­шама жылдық адал еңбе­гіңіз бола тұра нақақ кет­ке­ні­ңізде өзіңізді өзгерт­тіңіз бе, қай қасиетіңізден я ұста­ны­мы­ңыздан айныдыңыз?

– Ешкімге сенбейтін болдым. Жеті жыл бойы дәрігерлікке оқы­ғанда адамға сенуге, алдыңа ауруына ем сұрап келгендерді емдеуге үйрет­ті. Ал басыма түскен жағдайдан түйгенім – ешкімге сенбеу керек екен.

– Сізге қиянат жасағандарды білесіз бе?

– Білемін, бірақ ешкімді қарғаған да, өш алған да жоқпын. Аққа Құдай жақ, Аллаға тапсырдым. Сөйткен адамдардың біреуі де оңған жоқ, басты фигурант миындағы ісіктен қиналып өлді, біреуі жол апатынан кетті, үшіншісінің балалары нашақорға айналды.

– Жетпіс жаста операция үсте­лін­де 5-12 сағаттап аяқта тұру­ға денсаулық керек. Өз ден­сау­лы­ғыңызды қалай күтесіз?

– Қазір 12 сағаттық операция жасамаймын. 67 жасқа дейін 12 сағат жасап тұра беретінмін. Коронавируспен ауырып, өкпем­нің 65 пайызы зақымданып, сол әлсіретіп кетті. Осы күні көп дегенде 6-7 сағаттық операцияға шыдап беремін. Көбіне күрделі операцияларға кіремін. Денсау­лықты күтуге келсек, арақ ішпей­мін, темекі тартпаймын, дұрыс тамақтанамын.

– Дәрігердің міндеті әскери тәртіптен бір мысқал кем емес қой, оған қоса зерттеу жұ­мы­­сыңыз бар. Осындай жас­та да сұранысқа ие болу, өз кәсібіңді білікті маман ретінде жалғастыру үшін не керек?

– Өз кәсібіңе деген жан­кеш­ті сүйіспеншілік керек. Сүйіс­пеншілік болса, Құдай да адамға денсаулық беретін сияқты.

– Бізде, әсіресе облыстарда ғалым дәрігерлер аз, ауыл медицинасының халі мүшкіл, қайтсек жақсарта аламыз?

– Ауылда халық бар, бірақ инфрақұрылым жоқ, нашар. Үкімет ауылға кадр тартуға көп жағдай жасап жатыр. Бәрібір маман тапшы. Бұл мәселеден «Мобильді телемедицина» жоба­сы алып шыға алады. Әр ауданда 5-6 жол таңдамайтын жеңіл көлік болуы керек. Сол көлікке ауруды анықтайтын, көз, құлақты қарауға болатын, ЭКГ, УДЗ сияқ­ты ең қажетті диагностика­ түрлерін жасайтын арнайы медициналық аппарат орнатылады. «Мобильді теле­медицина» жобасындағы көлікте диагностика жасаған фельдшер тиісті дәрігерге хабарласып ем-дом жазып береді. Осылайша, адамдар шалғайда тұрғанына қарамастан, бастапқы медициналық қызметті уақтылы, сапалы алып, дер кезінде емделе алады. Бұрын министр кезімде енгізген жылжымалы медициналық пойыздар әлі де жүйткіп жүр. Тіпті қалаіші­лік жылжымалы флюрография көліктері де жұмыс істеп тұр. Осы күні қолданыстағы жылжымалы медициналық бекеттер тек жол бар ауылдарға барады, ал жол салынбаған жерлерге мен айтқан тәсіл – тиімді.

– Далада дәрі сату ісін шектеп, реттеген де сіз едіңіз. Біздегі фармацевтика қазір кімнің қолында?

– Елімізге дәрі әкелетін әр фирма өз білгенін жасап отыр. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ». «СК-фармация» компаниясы кепілдендірілген көмекке ғана дәрі сатып алады, аурухана, емханаларға таратады. Ал дәрі­хана­лардағы тауарлардың бағасын фирмалар өздері қояды. Мұны реттейтін күш үкіметтің қолында. Өзіңіз де біліп отырсыз, кезінде далада дәрі сатқандарды да заңмен тидық қой, министрлік мүдделі болса, мұны да реттей алады.

– Елімізде қасқыр алатын иттің тұқымын аренаға шы­ғарған екенсіз, біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?

– Артыңыздағы қабырғада ілулі тұрған картинадан сол алпауыт тазыларымның фотосуретін көре аласыз. Мен тазыларды бұрын ұстаған адам емеспін. Қазақтың ардақты азаматы Мұхтар Құл-Мұхаммед бірде газетке тазы туралы керемет мақала беріпті. Мұқаң­ның жазуын білесіз ғой, ыстық­тан шөлдеп келе жатқанда бұлақ­тан таза, салқын су ішкендей боласыз. «Киевка» деген жерде бір жолдас жігіттен тазы алып, асырап, өсірдім. Сол тазым қоянды да, түлкіні де алды. Мұқаң тағы бір аңшылық кітабында сырттан тазылар жөнінде де жазған. Сұрастырып жүріп сондай сырттан тазылардың еркегін Шет ауда­нынан, ұрғашысын Шығыстан кү­шік кезінде алдырдым, сол тұ­қы­­м­нан өскен иттер ғой сурет­тегі. Бұл сырттан тазылар қасқыр алғанда алдына жан салмайды. Саят­­шылықпен айналыстым, қазір аңға шықпаймын, бұған уақыттың аздығы мен денсаулық жағдайым себеп.

– Бір сөзіңізде жас ғалым­дар­дың жүрек отын жағу керегін айтыпсыз. Мұның бір жолын өзіңіз шәкірт тәрбиелеу арқылы көрсетіп жүрген сияқтысыз, жүрек отын жаға алған ізбасар­ларыңыздан кімді айтар едіңіз?

– Жоғарыда аузыма алған академик Болатбек Баймаханов хирургия орталығын басқарады, трансплантологияда еңбек етіп жүр. Алматыдағы «Совминканың» басшылығында отырған медицина ғылымдарының докторы Асхат Бралов, Қазақ онкология институтына жетекшілік етіп жүрген медицина ғылымдарының докторы Ербол Бекмұхамбетовті атауға болады. Бұл еске түскендері ғана, тізе берсе көп, қазір аты аталған шәкірттерімнің өз шәкірттері бар, сабақтастық деген осы.

– Сабақтастық отбасыңызда да көрініс тауып отыр ғой...

– Қызым басқа саланы таңдады, ал ұлым ізімді басты, нейрохирург. Оқушы кезінен түрлі экспериментке қатыстырып, жанымнан тастамауға тырыстым, маған көмектесіп жүріп өзі де медицина жолына түсті.

– Осыншама көп қызметті, жа­уапты міндетті атқара жүріп от­ба­сына уақыт таба алды­­ңыз ба?

– Е, балаларым перзентханадан шыққанда өзім шомылдырып, массажын жасайтынмын. Пер­зенттерімді өмірде адам­гер­шілікке, еңбекке, адал­дық­қа үй­рет­тім. Бір ұл, бір қызымнан, тәубә, немере, жиен сүйіп отырмын. Қызым үлкенін ұзатты. Ұлым­­нан үшем немерем бар. Үшем. Бұл — енді екінің біріне бұйыра бермейтін, сөзбен айтып жеткізе алмайтын, үш еселенген­ бақыт. Үшеуі күнде концерт қоя­ды, қызығына тоймаймыз.

– Өмірлік тәжірибеңізге сүйеніп кейінгіге қандай кеңес бересіз?

– Ең алдымен адал болу, өзіңе, айналаңа, кәсібіңе. Екінші, еңбекті сүю. Үшінші, алдамау, өзіңді де, өз­гені де. Алдаған адамды ұнат­пай­мын. Төртінші, ұрламау, ұрла­ған­ды тіпті жек көремін. Бесінші, талап, мен әуелі өзіме, содан соң ай­на­лама өте қаталмын, талапшыл­мын. Жұмыстан адамның өз ісіне кіш­кене қарны ашып, ер­тең бас­қа­ша істеуге талаптанып шық­қаны жөн. Бұл әрдайым өзің­ді же­тіл­діруге, жігерлендіруге жете­лей­ді.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»