• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 08:15

Әуелгі сөзден ChatGPT-ге дейін

10 рет
көрсетілді

Әуелде сөз пайда болған дейді. Осы бір ұғым бүгінгідей әр саланы ChatGPT билеген заманда кейінгі ұрпақ үшін аңыз түрінде естілуі мүмкін. Десек те, адамзат дамуының түрлі кезеңін қамтитын ғасырлар қойнауына терең бойласақ, аталған ұғымның шындығына қанығамыз. Әлқисса.

Иә, ақпарат сонау замандардан бері адамдардың аса маңызды құндылық­та­ры­ның бірі болып келеді. Кемеңгер Натан Ротшильдтің: «Ақпаратты білген адам әлемге иелік етеді», деген сөзі осының дәлелі. Тарихқа көз салсақ, хандар мен тайпа көсемдері, король, князьдер ежелден өз мұрагеріне екеуіне ғана мәлім ұлттық құпияларды айтып отырған. Негізінен ең құнды ақпарат мұрагерлік жолмен, яғни жеке отырғанда берілетін. Бұл үрдіс ғасырлар бойы, бәлкім, мыңдаған жылға жалғасқан болар. Тіпті адамдар жаза бастағаннан кейін де естелік жазбалар, кітаптар аз таралыммен шығып тұрған. Кітап басу пайда болған соң ғана, яғни жаппай таралым қолға алынғанда ақпарат аса үлкен қарқынмен тарала бас­тады. Бұл күллі адамзат тарихындағы ең маңызды техникалық төңкеріс еді. Осылайша, Гутенбергтің арқасында әлем өзгеріп сала берді.

Адамзат алдындағы ендігі мәселе – сауаттылық. Тың білім іздеген көптеген адамға кітап оқу әрі құралға, әрі жол­басшыға айналды. Бірақ әлемді бағын­ды­руға бел байлағандар жаппай сауат­ты­лықтан пайда көрді. Білімді халық ара­сында қажетті ақпарат тез таралуы үшін пайдаланып, сауатсыздықты шұғыл және жаппай жоюға тырысты. Сөйте тұра «білім­ді» халықты уыста ұстау мүмкіндігі пайда болды.

Қыш тақтайшаларда, күміс тостаған­­дар­да, жартастарда, папирустарда, пергаменттерде сақталған ежелгі мәтіндер өз дәуірімен бірге кетті. Гутенбергтің кітап басу технологиясын ғұмырлы қылған қағаз ғана жазуды жүздеген жыл бойы сақтады. Кейінгі екі-үш ұрпақтың өмірінде жазу мен ақпаратты сақтайтын түрлі дүние ойлап табылды. Фотопластинкалар, кинотаспалар, фотографиялар, магнитофондар мен бейне, кассеталы, дискілі ойнатқыштар, шеллакты, кейін винилді грампластинкалардың күйсандықтары… Алайда бұл тасымалдағыштардың бар­лығы ұзақмерзімді болмағанын көріп отырмыз. Сонда адамға қағаз ғана бес ғасырдан астам қызмет ете алады деген тұжырымға еріксіз келеміз.

Ал қазір жаңа ғасыр – ХХI ғасыр. Қарыштап дамыған қоғамда қағаз электронды құралдармен жарысып келеді. ChatGPT адамның миымен тайталасып тұр. Тіпті өзі жазушы, өзі ақын бола бас­тады. Мысал келтірсек, жуырда ғана канадалық жазушы Стивен Марше «Автордың өлімі» атты туындысын жазарда ЖИ-дің көмегіне жүгінгенінен хабардар болдық. Бұл 104 беттік новеллада Марше 95 % мәтінді ChatGPT, Cohere және Sudowrite көмегімен жазыпты. Тіпті кітаптың мұқабасы мен аннотациялары да жасанды интеллектінің қолтаңбасын сақтап тұрғаны әмбеге аян. Ал жапон жазушысы Кудан Рие «Токио мұнарасы» атты романын жариялаған соң, 170-кезекті Акутагава сыйлығын жеңіп алған. Автор аталған романының диалогтерін жазу үшін ChatGPT-ді пайдаланып, шығарма көлемінің шамамен 5% бөлігі осы құралмен жасалғанын жариялады. Тағы бір канадалық жазушы Тим Буше «AI Lore» сериясы атауымен 2022–2023 жылдары ChatGPT мен Anthropic’s Claude-ті қолдана отырып, 97-ге жуық мини-роман жазғанын білдік. «AI Lore» сериясы қазір Amazon-да сатылымда тұр.

Өз заманында Лев Толстой ақсақал: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте ты­йылуы мүмкін. Мақалалық дүниелермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін», деген екен. Бұл пайымның айтылғанына да, міне, ғасырдан да ұзақ уақыт өтіпті. Бүгінгідей ЖИ-жазушылардың шығармашылығы қарқынды дамып жатқанына қарасақ, Толстой тәмсілі алысқа кетпеген сияқты ма, қалай?