• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:25

Күлтөбедегі қырғын

0 рет
көрсетілді

1953 жылдың саратан айы еді, мезгіл сәске түс. Оншақты қартаңдау кісі мен Науша шешей және Жәнипа шешей бар, маған Қобыланды жырын айтқызып (жырды жатқа білетінмін), мәре-сәре боп, қызыл-күрең ысқылтым шайды шым-шымдап сораптай ішіп, доп-домалақ ащы құртты ұртына тығып, аса қөңілді бас қосқан шақтары еді.

 

– Бас бала қамшыны, әуелет-әуелет, – деп Бисен ағай қозғалақтап қойды.

Сол аяғын майданда қалдырған көрінеді. Өзінің айтуынша, мина жарылып, аяғын жұлып түскен.

 – Тоқта, Бисен, мына тарихи ескі әңгімені тыңдайық. Құрекең қолға түсе бермейді. Жуырда Орынбордан келіп еді, енді Астраханға арғы күні жүремін деп отыр ғой, – деді Адай ата тегеурінді үнмен.

 – Осы үй қазан астыма, ә, Жәнипа? – деп Сатым ата үн көтере беріп еді,

 – Қайнап жатыр ғой, – деген дауысқа риза болды.

Ескі әңгімеге жаным құмар мен Құрмаш атаның аузына қараймын, өте-мөте дегбірсізбін. Әрбір сөзді жадыма жазып ала қоямын, солай сақтала береді.

« ... Ей, оң қолында көк найза,

Сол қолында көк найза,

Атойлап кірді, Барлыбай,

Қарамай, жүдә, әй, шайға!

Тебінгі торы астында,

Дулығасы басында,

Қарағайдай қақшиған,

Танай батыр қасында,

Жүз отыз бес жасақпен,

Қос-қос атты қосақпен», деп тізбектете берген Жәлелді Дінқуат ата: – Сабыр етші, Құрмашты сөйлетейік, бұл кітапты көп оқиды, әрі орыс тіліне де жетік, – деп кідірістетіп тастады.

Көже пісірімдей уақыт қызыл-күрең шайға әбден бөгіп терлеген Құрмаш ата:

 – Келін қызылдатып енді бір құй, – деп ұртындағы құртты алақанына түсіріп, одан дастарқан шетіне қойды да, онсызда үлкен көзінің жанарын ашыңқырап:

 – Жәлел бұл дастан кәрікөз Құрманғалидікі ғой, марқұм осы дастанды әрі жазып, әрі терме сипаттағы сазын да шығарған. Мұны шынайы мәніне, сәніне келтіріп, өзінен басқа ешкімді айта алмайды екен. Оның домбырасы да, әні де терісқақпай! Ол солақай болыпты ғой! Барлыбай – Жетіру: оның ішінде табын тайпасының Бозымынан тарайды. Бозымнан – Тоқсиық, одан Есенбай, Барлыбай боп кете береді, менің естуімше. Айтпақшы, саған қайын жұрт боп келетінін білемісің?

 Неге екенін қайдам, осы сәтте жым-жырт боп, дастарқан үстін үнсіздік басты. Қаймақ қатқан қып-қызыл ыстық шайды ұрттап ішкен Құрмаш ата бата қайырды да, сәл-пәл кейін шегініп отырды. Сосын теңселе түсіп:

 – Күлтөбеге дейін қарсылас көрмей, әбден масаттанған қалмақтың қалың қолы асықпай-үсікпей, қона жастанған ғой. Сол кезде жан-жаққа хабаршы жіберген Қайып бастаған үш жүз, әрі кеткенде үш жүз отыздай қол жиналып, жауды Күлтөбеден қарсы алуға уағдаласып, белді шылбырмен буған. Күні-түні дамылсыз әртүрлі айла-тәсіл, шарғыны ойластырған. Тайсойған өңірінен жиналғаны үш жүздей, жан-жақтан келгенімен үш жүз жетпістейі тәуекелге бел буып, қалың ұйқыда жатқан нөпір қалмаққа сыналап кіріп, қанды ұрысқа кіріскен ғой: сөйтіп, қанды қырғын басталып кеткен. Сәске түс мезгілінде тосыннан кірген Барлыбай мен Танай бастаған жасақ қанды ұрысты жүдә қыздырып, қарсыластың есін кетірген, кіл сайдың тасындай іріктелген жігіттер – жауды бөлшек-бөлшек қылып бөліп алып, қанын судай ағызған. Жаралылары мен өлгендерін жинауға шамасы келмей, қалмақтар бас жоқ, көз жоқ қашқанына тарих куә! Мұны орыс тарихшыларының мұқият зерттеп жазған аса құнды еңбектерінен оқып, риза болғаным бар. Құрманғали марқұмның дастанында осы қанды қырғын бастан-аяқ суреттелетін еді, ол дастанды түгелдей болмаса да Шернияз ақын біліпті деп естуші едім. Ал ептеп үзіндісін жыршы-әнші Сұлтангерей Ысқақ баласынан үздік-үздік естіп, оған ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтқанмын. Бірақ дастанды түгелдей білетін бұл өңірде ешкім жоқ.

 «Барлыбай көк найзамен шанышқанда,

 Танай да бұл ерліктен қалысқан ба!

 Екеуі қосарланып ұмтылғанда,

 Шақ келмес, қалмақ түгіл арыстанда.

 

 Ойпырым-ай, Қайып батыр семсерін-ай,

 Бір, екі-үш жауды шапты еңсеріп-ай!

 Қосақтап қос аттыға тұзақ тастап,

 О, ғажап, дәлдігі мен өлшемін-ай!» деген екі шумақ қана ойымда қалыпты. Негізі менің білетінім, он-он бес шумақтай ғана еді, ол да ұмытылып барады, – деп Құрмаш ата сәл тыныстады.

 

*  *  *

Тарихты тізбелесек, 1710–1711 жылдары Жоңғар әскерлерінің күш жинап, оларға арқа сүйген Еділ маңындағы құба қал­мақ­тардың есіргені, оларға Жайық казактары мен башқұрттар дем бергені белгілі. Сөйтіп, қазақтарды жан-жағынан сығымдағаны анық және айқын көрсетілген. Бірақ «Жалғызға құдай жар» дегендей, Қарақұмдағы қазақ жүздерінің (1710 жылы) бас қосып, күш біріктіруі, Бөгенбай батыр басшы боп ант қабылдауы – күшке-күш, жігерге-жігер қосқаны аса мәлім. Ескілікті бір жырда:

 «Бөгенбай, Тайлақпенен қапталдасты,

 Шақырып, ұран отын «аттандасты»,

 Саурық пен Малайсары, Жәнібек батыр,

 Жауынан күші басым – жасқанбас-ты», деген сияқты шумақтар сан-қилы аласапыран кездегі арпалысты бейнелейтіні сөзсіз. «Құдай салды, біз көндік», деп еңсесі түспеген бабаларымыз – ел үшін, жер үшін өз жандарын ортаға салған ғой, шіркін!

Күлтөбедегі қырғында қалмақтар ойсырай жеңіліп, кейін қарай жөңкіле қашуға мәжбүр болады. Осы екі-үш тәулікке созылған ұрыста қазақ қолынан шамамен жетпіс-сексен адам құрбан болып, отыз-қырықтайы жарақат алады. Ауыр салмақ – адам қазасы екені түсі­нікті. Қанды ұрыста Табынның екі батыры Барлыбай мен Танай ат жалын құшады. Танай сүбеден кірген найзадан бірден қаза болады да, Барлыбай ауыр жараланып, омыртқасы сынады. Оны дастандағы екі-шумақ дәлелдеп береді:

 «... Танайға кірді найза дәл сүбеден,

 Қалмақтың найзасы екен қарсы келген,

 Қайран ер аттың жалын құшып қалды,

 Қан жуды тәнін мүлдем әлсіреген...

 

 Барлыбай байқап қалып, айқай салды,

 Қоршаған қалмақтардан тайсалмады.

 Сілтелеп, алдаспанын оң мен солға,

 Жапырып қалың жауды жол салғаны.

 

 Сол мезет омыртқадан сарт еткені,

 От ойнап, көз алдында жарқ еткені.

 Ер үстінен ұшырды Барлыбайды,

 Гүрзі соққы – апырай, қалт кетпеді».

Қарттардың айтуынша, әрі ақылдасып, бері ақылдасып, жауды өкшелей қуып қайта оралғандар жиналып бір шешімге келеді: Атан түйеге екеуін де теңдеп, қастарына бір жігітті отырғызып, терістікті бетке алады. Барлыбай батырдың кеудесінде жаны бар, бірақ, сөйлеуге шамасы болмайды. Екі күн жүріп, үшінші сәрсенбі күні түс қайтқан кезде, батыр: «Бір биік жалға мені жерлеңдер», депті тіл қатыпты. Содан ертесіне осы жалға көтеріледі. Сонымен, 1711 жылдың саратан айының аяғы, әсет айының бас кезінде, сәске түсте елу тоғыз жасында Барлыбай батыр пәниден бақи дүниеге аттаныпты. Аңыз емес, шынайы шындыққа жанасатын тағы бір әңгіме: құлпытасты Мәдинадан жасатып, әкелінген көрінеді, алты қырлы қошқар мүйізді, ұзындығы үш метрдей болған. Жылдан аса уақыт жол жүріпті, әуелі түйемен, одан кемемен... Ал Танай ердің қайда жерленгенінен нақты мағлұматым жоқ, біреулер – ол кісі Өгіз молада десе, біреулер – одан әрірек дөң басында дейді. 1969–1970 жылдары құлпытас қолды болып ұрланған. Тастың ерекшелігі, киелілігі жөнінде әртүрлі әңгімелер, алып-қашпа ауызекі сөздер баршылық. Әсіресе айтулы азамат Рамазан Төлеш баласының құлпытас жөнінде айтқан әңгімесіне құлақ қойсақ, ғажап...

Өткен жылдың мизан (қыркүйек) айының соңына таман Барлыбайдың он үшінші ұрпағы – Икрам Тәбәрікұлы Болысбаев бас болып, батыр бабасы Барлыбайдың басына қараған кісінің көз жанарын сүріндіретін кесене тұрғызып, Атырау облысы, Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында ас берді. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында тұратын бұл азаматтың жиырма бес-отыз жылдай талмай ізденісінің қорытынды нәтижесіне жиналғандар бірауыздан ризашылығын білдіріп, шынайы көңілмен алғысын айтты. Батыр баба басына 315 жылдан кейін екінші рет сәнді де, мәнді кесене салынып, «Барлыбай жалы», «Барлыбай көлі», «Барлыбай бұлағы» жасарып, жайқалды. Мұны біз, өз халқының елі мен жері үшін жанын қиған батыр бабаларымызға – ұлт тәуелсіздігінің арнаған сый-құрметінің бір көрінісі десек, артық айтқандық болмас...

 

Марат МӘЖИТОВ,

жазушы