• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:45

«Абай» театр маусымын аяқтады

0 рет
көрсетілді

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 34-маусымы өз мәресіне жетті. Театр маусымы дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымымен жабылды. Суретші Қанат Мақсұтов сахналық сұлбасын сызған спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, хормейстері – Амантай Жұмашев.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мыл­қау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы жазылғаннан бері арада қанша жыл өтсе де, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше уақыт­пен бірге өзектілігін арттырып, заманмен бірге жанданып келеді. Оның сыры – Мұхтар Әуезов Абай тақырыбы арқылы күллі адамзаттық мәселелерге қалам тартты. Пьеса өмірге келгеннен бері талай мәрте сахна көріп, сонша рет жүректерге жол салды. Мәселен, режиссер Әлімбек Оразбековке дейін де Абай тақырыбына соқпаған сахна суреткері сирек. Әйгілі Асқар Тоқпанов қолтаңбасынан бас­тап, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ғ.Хайруллина, Ж.Омаров, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, Ә.Оразбековтен бері қарай да тізбектеліп кете береді. Біз тамашалаған спектакльде Аға Абай рөлін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады.

Жалпы, осы маусымда театр көрермен назарына жеті қойы­лым­ның премьерасын ұсыныпты. Атап айтқанда, П.Бомаршенің «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы, Т.Әбдіктің «Парасат майданы» психологиялық дра­масы, «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиын­тығы, Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы, Б.Брехттің «Шеңбер» драмасы, Ә.Кекілбаевтың «Күй» драмасы, «Құмқала» ертегісі өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан еді.

Сондай-ақ театр ұжымының бұл маусымдағы шығармашылық же­тіс­тіктері де аз болған жоқ. Г.Бюх­нердің «Войцек» драмасы Ж.Аймауытұлының 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театр­лар фестивалінде Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

Ал М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы Ақтау қаласында өткен ІІІ халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінде арнайы көрсетіліп, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедия­сын­дағы Бопай ханым рөлі үшін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, актриса Лейло Бекназар «Театр АLL» III халық­аралық театр фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» аталымына ие болды. Бұдан бөлек П.Бомарше­­нің «Фигароның үйленуі» музы­ка­лық комедия­сы Қазақстан театр­ сыншылары бірлестігі­нің ше­шімімен «Жыл музыка­лық қойылымы» деп танылды. Сондай-ақ халық­аралық театр күніне орай ұйым­дас­тырылған «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінде сарапшылар шешімі бойынша үздік актер мен актрисалар марапатталды.

Маусымның айтулы жаңа­лық­тарының бірі – «Оқылым» жобасы болғанын да айта кетейік. Бұл жоба жаңа пьесалар мен тың шығармаларды сахнаға шығаруда маңызды рөл атқарып, көрер­мен­нің зор қызығу­шы­лы­ғы­на ие болды. Жоба аясында жеті жаңа туындының оқылымы өтті.

Театрдың Симфониялық ор­кестрі мен Халық аспаптар ансамблі де көрермен назарына кон­церттік бағдарламаларын ұсынып, репертуардағы музыка­лық қойылымдарды сүйемелдеу арқылы көркемдік деңгейінің артуына үлес қосты.

Сонымен қатар театр ұжымы гастрольдік сапармен Қараған­ды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларына барды.

Осы маусымда театр репер­туары бойынша 165 спектакль сахналанып, жалпы 42 112 көрермен тамашалады.

Келесі маусымда да театр ұжы­мы көпшілікке жаңа премьералар мен шығармашылық жобаларды ұсынуды жалғастырады.