Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет органдары жұмысының нәтижелері туралы баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара аясында Әділет министрлігінің жарты жылда атқарған жұмысы баяндалды.
Әділет министрлігі азаматтардың қаржылық шығынын және уақытын үнемдеу, қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру мақсатында бірқатар қызметті цифрландырған. Мәселен, министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, бұрын нотариустар атқарушы жазбаларды қағаз түрінде беріп келсе, қазіргі уақытта атқарушылық жазбалар электрондық форматта ресімделеді. Нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған бұл құжаттардың заңды күші бар.
«Нотариаттық жазбаларды орындаудың цифрлық жобасы ашықтықты, барлық іс-әрекетті тіркеуді және тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Жеке кабинет құрылып, сол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Азаматтар тарапынан негізді қарсылық болған жағдайда нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюға міндетті», деді Т.Уәли.
Министрліктің «Digital Justice» жобалар портфелі аясында қолданысқа енгізген бұл жобасын азаматтар оң бағалап жатыр. Мәселен, осы жылдың 31 наурызынан бастап қазіргі кезге дейін 32 мыңнан аса атқарушылық жазбаның күші жойылған.
Сондай-ақ Әділет министрлігінің ресми өкілі авторлар құқықтарының ашықтығы мен қорғалуын қамтамасыз ету, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару мақсатында цифрлық платформа енгізілетінін мәлімдеді.
«Бұл платформа жүзеге асқанда авторлар жеке кабинеттеріне кіріп, туындыларының қай жерде қаншалықты орындалып жатқанын, қандай төлемақы тиесілі екенін және жыл соңында қанша қаражат алатынын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік алады», деді спикер өз сөзінде.
Осы жартыжылдықта Әділет министрлігіне қарасты әділет органдары зияткерлік меншік құқығын қорғау мақсатында бірнеше тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 138 заң бұзушылық анықталып, ӘҚБтК-нің 158-бабымен 142 іс қозғалған. Заңсыз айналымнан 78 711 контрафактілік өнім тәркіленген. Министрлік алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысын жалғастыра бермек.
Сондай-ақ министрлік өкілдері отандық кәсіпкерлер 150-ге жуық географиялық нұсқаманы тіркегенін мәлімдеді. Еліміздің әр аймағы өзінің бірегей өнімдерімен ерекшеленеді. Мәселен, Алматы облысы Бақанас күріші, Талғар алмұрты, Нарынқол картобы сияқты өнімдерді мақтаныш тұтады. Атырау облысы өзінің кептірілген торта балығымен танымал.
«Бүгінде Қазақстанда «Сарыарқа саумалы», «Атырау домбырасы», «Қарғалы тарысы», «Қарағанды балмұздағы» және т.б атаулармен жаңа географиялық нұсқамалар тіркелді. Географиялық нұсқамалардың одан әрі Қазақстанның ұлттық брендін қалыптастыруға және елімізге туристерді тартуға ықпалы зор», деді Әділет министрлігінің ресми өкілі.
Әділет министрлігінің Қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Думан Сүлейменов әуе кемесін басқаруға кедергі жасау, сталкинг және еркінен тыс неке қидыру секілді жағдаяттарға қатысты қылмыстық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілетінін хабарлады. Бұл қадамдар азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процестегі үйлесімділікті нығайтуға, сондай-ақ қылмыстық процесті оңтайландыру мен бюрократияны азайтуға бағытталмақ.
Сонымен қатар Әділет министрлігі алимент өндіру саласына да тұрақты бақылау жүргізеді. Спикерлердің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта алимент өндіру бойынша 319 мың іс қаралып жатыр. Борышкерлердің 310 мыңнан астамы – ер-азаматтар, ал 8 мыңнан астамы – әйелдер. Министрлік өкілі алименттік төлемдер көп жағдайда жұмыс берушілердің есеп бөлімдері арқылы ай сайын өндірілетінін, банк шоттарына, мүлкіне тыйым салу және елден шығуға уақытша шектеу қою сияқты шаралар қолданылатынын тілге тиек етті. Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, әділет органдары борышкерлерді жұмысқа орналастыру жұмысын да жүргізеді. Мәселен, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында әділет органдары мен әкімдіктердің бірлескен жұмысының арқасында 3 077 борышкер жұмысқа орналасқан.