• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 14:45

ИКАО президенті Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына келді

10 рет
көрсетілді

Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы маңызды халықаралық оқиғаның алаңына айналды. Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаноның академияға ресми сапары жаһандық әуе көлігі жүйесіндегі рөлін айқындай түседі. Сапар барысында Сальваторе Шаккитано академия басшылығымен, профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азаматтық авиацияның дамыту барысын жоғары бағалаған ол еліміздің заманауи стандарттарды енгізуге, тиімді мемлекеттік саясат жүргізуге және адами капиталға баса көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, авиация — бұл жай ғана ұшу емес, адамдарды, мәдениеттер мен елдерді біріктіретін әлеуметтік-экономикалық дамудың қуатты құралы.

ИКАО басшысы қазіргі әлемдік авиация алдында тұрған маңызды сын-қатерлерді де атап өтті: 2050 жылға қарай жолаушылар санының 12 миллиардқа дейін өсуі, авиациялық оқиғаларды жою қажеттігі, көміртекті бейтараптық стратегиясын жүзеге асыру және саланың шынайы инклюзивтілігіне қол жеткізу, соның ішінде әйелдер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету міндеттері бар.

Сөзінің маңызды бөлігі әйелдердің авиация саласына қатысуына арналды. Қазіргі таңда олардың жаһандық авиациядағы үлесі 5%-дан аспайды, ал өсім қарқыны баяу. Дегенмен, Шаккитано мырзаның айтуынша, Қазақстан бұл бағытта оң нәтижелер көрсетіп, гендерлік теңдікті ілгерілетуде белсенді ұстаным танытып отыр.

Академияда ИКАО ұсынған CBTA (құзыреттілікке негізделген оқыту) моделіне ерекше назар аударылып келеді. Оқу процесі пилоттарды, диспетчерлерді, инженерлерді, сондай-ақ басқарушы кадрлар мен авиация саласындағы зерттеушілерді даярлауды қамтиды. Оқу бағдарламалары ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, ИКАО мен IATA аккредитацияларына ие, ALICANTO және TRAINAIR PLUS сияқты жаһандық бастамаларға қатысады және шетелдік серіктестермен бірлесіп авторлық курстарды әзірлеуде.

Ректор Бекен Сейдахметовтің айтуынша, ИКАО басшысының сапары — бұл мақтаныш қана емес, сонымен қатар Академияның халықаралық интеграциясына және одан әрі дамуына тың серпін беретін маңызды кезең. Академия білімберу ұйымы болумен қатар, ИКАО-ның өңірлік серіктесіне айналып, авиациялық білім беру саласындағы жаһандық бастамаларды жүзеге асыруға арналған халықаралық платформа болуға ұмтылады.

Сапардың басты нәтижелерінің бірі — Қазақстанның азаматтық авиациясын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі бұрын қол қойылған мастер-жоспардың расталуы болды. Бұл құжат ИКАО-мен бірлесіп дайындалған және ТМД өңірі үшін бірегей тәжірибе болып табылады. Құжаттың негізінде инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлар даярлау сапасын арттыру, цифрлық және орнықты шешімдерді кеңінен енгізу, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту басым бағыттар ретінде белгіленген. Бұл мастер-жоспар жаһандық үрдістер мен өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, саланы жүйелі түрде трансформациялауға негіз қалайды.

Бүгінде Қазақстан тек халықаралық стандарттарды қабылдаушы ел ғана емес, сонымен қатар оларды әзірлеуге қатысушы ретінде де өзін танытып келеді. Елді өңірлік құзырет және білім орталығына айналдыру, білімберу қызметтерін экспорттауға бағытталған ғылыми-білім беру кластерлерін құру, халықаралық серіктестермен бірлесіп цифрлықжәне симуляциялық шешімдерді (виртуалды және толықтырылған шындық технологияларын қоса) енгізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту және жетекші шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, мамандар даярлаудың жаңа технологиялық жағдайларға бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында кадрлық тәуелсіздікті нығайтуға, саланың тұрақтылығын арттыруға және оқытудың жаңа білім беру технологияларын еңгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Ағылшын тіліндегі бағдарламаларды дамыту, әлемнің жетекші университеттерімен екіжақты келісімдер және жаһандық академиялық платформаларға қатысу – мұның бәрі тұрақты және халықаралық деңгейде танылған білім беру процесінің негізін қалайды.

Сондай-ақ, азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Азаматтық авиация академиясы ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаноға және ИКАО-ның Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросының (EUR/NAT) Өңірлік директоры Николас Раллоға «Азаматтық авиация академиясының Құрметті профессоры» атағын берді.

ИКАО Кеңесі Президентінің Қазақстанға сапары — елдің қол жеткізген нәтижелерін халықаралық деңгейде мойындаудың белгісі ғана емес, сонымен қатар жаңа кезеңнің бастау нүктесі. Бүгінде ИКАО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық формалды диалог шеңберінен шығып, орнықты авиациялық болашаққа бағытталған өзара тиімді серіктестікке айналып келеді.

Азаматтық авиация академиясы ұлттық әрі өңірлік деңгейде авиация мамандарын даярлайтын орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып, тек халықаралық стандарттарға сай болумен шектелмей, авиациялық білім беру саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға да өз үлесін қосуды көздейді.

Алматы