Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Жібек жолы елдерінің Аграрлық білім және ғылым саласындағы инновациялар альянсының құрылғанына 10 жыл толуына орай, дәстүрлі X жиналысы және ШЫҰ мемлекеттерінің Ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының IV форумы өтті.
Іс-шараға альянс құрамындағы 19 елдің 120-дан астам жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерден 200-ден астам делегат қатысты.
Жібек жолы елдерінің аграрлық білім беру және ғылым саласындағы инновациялар альянсы 2016 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті бастамасымен құрылған болатын. Осы кезеңде альянс халықаралық жоғары оқу орындарының білікті кадрлар даярлау саласындағы күш-жігерін біріктіру, бірлескен білім бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен агротехнологиялар трансферін дамытуға күш салып келеді.
Жұмысы 2022 жылы басталған ШЫҰ ректорлар форумы бүгінде тұрақты ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және саланы цифрландыру мәселелері бойынша аграрлық университеттер арасындағы ашық диалог форматындағы маңызды платформаға айналды.
«Жібек жолындағы аграрлық білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдету – болашақтың ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу» тақырыбында өткен форумда KazNARU басқарма төрағасы-ректор Ақылбек Күрішбаев аграрлық ғылымды ілгерілету және өңірді орнықты дамыту үшін өте маңызды алаң екенін атап өтті.
«Биылғы жылы біздің университетіміздің осындай ауқымды халықаралық шараның тең ұйымдастырушысы атануы – ерекше рәміздік мәнге ие. Бұл университеттің академиялық ортада танылуы ғана емес, сонымен қатар аймақтағы елдер арасындағы ғылым, білім және инновация саласындағы интеграцияны тереңдетудегі белсенділігінің еселеп өскенін айғақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде келесі жылды «Ғылым мен білім жылы» деп жариялаған тарихи бастамасы бүгінгі жиналысымыздың өзектілігі мен маңыздылығын арттыра түспек. Бұл шешім – білім мен ғылымның, технология мен академиялық әріптестіктің аймақтық дамудың қозғаушы күші ретіндегі қуатты рөлін тағы да айғақтайды. Осы игі бастамада көрініс тапқан идеялар – біздің альянсымыздың миссиясы мен міндеттерімен терең үндеседі. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы аса күрделі кезең мен қарқынды өзгерістерді бастан кешіруде. Ол экономиканың жай ғана бір саласы ретінде ғана емес, адамзаттың тұрақты дамуы мен өркендеуінің, халықтың әл-ауқаты мен планетаның экологиялық тепе-теңдігі тәуелді болатын жүйе құраушы сала ретінде жиі қарастырылуда», деп атап өтті А.Күрішбаев.
Форумның пленарлық отырысында Жібек жолы елдерінің Аграрлық білім және ғылым саласындағы инновациялар альянсының бас хатшысы, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры, профессор Ву Путэ аграрлық жоғары оқу орындары білімнің ғана емес, уақыт талабына сай озық технологиялық шешімдер орталығына айналғанын атап өтті. Жетекші аграрлық университеттердің миссиясын кешенді қолдану – күш біріктіруге, даму бағыттарын дәл анықтауға және трансұлттық өзара ынтымақтастық үлгілерінің тиімді модельдерін құруға негіз болады.
АЛМАТЫ