Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облысындағы филиалына 51 жаңа арнайы техника берді. Филиалға барлығы 75 техника бөлінген, қалған 24-і жыл соңына дейін жеткізілмек. Техника паркі толықтырылғанға дейін филиалда 64 жабдық болған екен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нақты атағанда экскаватор-жүктегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тартқыштар, тіркемелі құрал-жабдықтар, дизельді генераторлар және басқа да техникалар жеткізілді.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов филиал қарамағындағы автокөлік пен арнайы техниканың саны екі еседен асқанын атап өтті.
«Техникалар – Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ биылғы және алдағы суару маусымдарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді», деді вице-министр.
Айта кетелік, қазіргі уақытта республика бойынша «Қазсушар» РМК-ның филиалдарын жаңа техникамен жабдықтау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін кәсіпорын филиалдарына жоспарланған 757 арнайы техника мен көліктің 400-ден астамы жеткізілген.