• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 10:15

Лудоманиямен күрес: Бірыңғай есепке алу жүйесі деген не

20 рет
көрсетілді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген подкастта Бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу мәселесі көтерілді, деп жазады Egemen.kz.

Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, өткен жылы ойын бизнесіне қатысты заңнамаға түзетулер қабылданған кезде Бірыңғай есепке алудың жүйесін (БЕЖ) енгізу көзделген. Бұл – букмекерлік кеңселер мен олардың клиенттері арасындағы транзакцияны, сондай-ақ бәс тігудің бүкіл тарихын жазатын платформа.

«Платформаның басты міндеті - клиенттерді сәйкестендіру және адамның заң бойынша ойнауға құқығы болса ғана бәс тігуге мүмкіндік беру. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Қазір технологиялардың дамуымен онлайн-ставкалар мен онлайн-ойындар, соның ішінде букмекерлік бизнестің дамып келе жатқанын ескере отырып, дамыған елдер осы саланы реттеуді мемлекетке беру жолын таңдады. Мемлекет барлық операцияны онлайн режимде бақылайды. Италия, Испания, Франция, Германия, АҚШ-тың кейбір штаттарында осылай жасалады», деді Әділет Тұрғанбаев.

Мемлекет онлайн-режимде барлық операцияны көріп, олардың заңдылығын бақылап, заңсыз қызмет түрлерімен, оның ішінде ақша қаражатын жылыстатумен айналысуға жол бермейтін онлайн-бақылау құралдарын енгізеді. Букмекерлік кеңселер сияқты жоғары технологиялық бизнесті мемлекет тек озық технологияларды қолдана отырып және өз жұмысын цифрландыру арқылы ғана реттей алады.

ТСМ өкілінің айтуынша, ресми деректер бойынша елдегі заңды ойын нарығының айналымы 1,3 трлн теңгені құрайды. Онда 2,5 млн жуық клиент тіркелген. Оның ішінде 450 мыңға жуық қазақстандық тұрақты түрде ойнайды. Ал өткен жылғы зерттеу деректері бойынша, 500 мың адам заңсыз букмекерлік кеңселерде ойнаған. Олар салық төлемейді, ал қаржы шетелге – оффшорларға кетеді.

Онлайн-жүйенің міндеті заңды секторды реттеп, бақылау ғана емес, жасанды интеллект арқылы заңсыз сайттарды анықтап, бұғаттау және азаматтар мен ел экономикасын қаржыны сыртқа шығармаудан қорғау.

«Бірыңғай есепке алу жүйесі – барлық қажетті тексеруден өтетін мемлекеттік ақпараттық жүйе. Жүйе үш компоненттен тұрады: біріншісі – құмар ойындарға қол жеткізуді бақылау және оларға тәуелді болу қаупі бар азаматтардың санаттарына қолжетімділікті бұғаттау, екіншісі - заңсыз нарықпен күресу, күніне 1000-ға дейін заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау, үшінші компонент - ойыншылардың мүдделерін қорғау үшін ставкаларды өңдеу», деп түсіндірді Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы.