• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Кеше

Атом энергиясы туралы іргелі жұмыс

30 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміз энергетика, ғылым және денсаулық сақтау саласындағы ауқымды өзгерістердің алдында тұрғанда Ядролық физика институтының (ЯФИ) еңбегі ерекше маңызға ие. Осы ұжымның бір топ ғалымы атом энергетикасын пайдалану мен зерттеу­ге байланысты кешенді зерттеу жұмысын аяқтап, ғылыми қауымдастықтан жоғары баға алып отыр.

Мемлекетімізде Атом энер­­­гиясы жөніндегі агенттік құрылып, АЭС салу бағытын халықтың басым көпшілігі қолдағаны мәлім. Иә, атом – тек энергия емес, ол – ядролық медицина, конструкциялық реактор материалдары, эко­логиялық шешімдер, өнер­кәсіптік диагностика, ғарыш үдерісінің іргелі негіздері. ЯФИ ұсынған осы жұмыс – атал­ған салаларды кешенді және жан-жақты қамтыған, сын-қатерлерге төтеп беретін бас­тама. Мұнда теориядан бас­­тап өнеркәсіптік өнімге дейін толық ғылыми вертикаль бар.

Жетістіктер қатарына ядро­­­лық және термоядро­лық энер­гетикада қолданыла­тын жеңіл ядролар физикасы сала­сындағы зерттеулерді айта аламыз. Ядролық үдерістерді сипаттаудың жаңа модель­дері әзірленіп, энергетикалық қондырғылар мен іргелі ғылым үшін маңызды эксперимент­­тік деректер алынған. Реак­тор­лардың жаңа түрле­рін, әсіресе жоғары температуралы және модульдік түрлерін әзірлеуде аса қажет зерттеулер мазмұнын құрайды.

ЯФИ ғалымдары төр­тін­ші буынды газбен салқын­да­тылатын реакторлар үшін перспективті отын – TRISO оты­нына бірегей сынақтар жүр­гізді. Әлемде алғаш рет уранның 94 ГВт/тәулік/т дейін жануы және 900°C температура кезінде TRISO сипаттамалары алынды. Осы деректер Жапонияда HTR50S және GTHTR300 коммерциялық мо­дульдік реакторларын жо­ба­лауда пайдаланылып, қазақ­стандық ғылымның халық­аралық деңгейде сұранысқа ие екенін көрсетті.

Сонымен қатар ЯФИ-да жақсартылған радиациялық қасиеттерімен кремний матрицасы бар отын жинағының конструкциялары әзірленіп, сынақтан өткізілді. Болашақ реакторлық жүйелер үшін маңызды кремний карбидінің нейтрондық сәулеленуіне зерттеу­лер жүргізілді. Бұл жұмыстар қауіпсіз және ұзақ­мерзімді отын жинамаларын жасауға жол ашады.

ЯФИ термоядролық энер­­­ге­тикаға қатысты мә­се­ле­лер­­мен белсенді жұмыс істеп отыр. Вольфрамда сутегі атмосферасында 720°C температурада сутегі жинала­тыны дәлелденді. Бланкеттердің не­гізгі материалы – литий керамикасынан тритийдің бөліну үдерісі зерделен­ді. Бұл зерт­­теу ITER сияқты халықара­лық термоядролық синтез жобаларында сұранысқа ие.

Реакторды конверсиялау саласында да әлемге үлгі жұмыстары бар. 2011–2016 жылдар аралығында Институт ССР-Қ реакторы мен сындық стендті төмен байытылған отынға ауыстыру бойынша біре­гей операцияны жүзеге асыр­ды. Қазақстандағы осындай конверсиялаудың алғаш­қы тәжірибесі халықаралық дең­гейде үлгілі деп танылды. ЯФИ мамандары реактордың жаңа активті аймағын жобалау кезінде күрделі есептеулер, сондай-ақ реакторішілік ресурстық сынақтар бойынша күрделі эксперименттік жұ­мыстарды жүргізді. Нәти­же­сінде, нейтрон ағынының қуаты екі есе артып, ал ядро­лық қондырғының жұмыс қауіп­­­сіздігі едәуір жақсарды. 2016 жылы бұл жұмыстарды АҚШ Энергетика министрлігі Ұлт­­тық ядролық қауіпсіздік жө­­ніндегі әкімшілігі халық­ара­­лық деңгейде жоғары баға­лады.

ЯФИ ұсынған жұмыста ядролық медицинаға қатысты ізденістер де аз емес. Нақты айтсақ, диагностикалық және терапевтік процедуралар үшін радиофармацевтика­лық препараттардың негізгі жет­кізушісі жөнінде. ЯФИ мамандары технеций-99 радиоизотопы бар радио­фармпрепаратты алуға арналған Мо-99 радиоактивті изотопы негізін­де технеций генераторларының бірегей технологиясын әзір­леді. Осы әзірлемелердің арқа­сында ядролық медицина орта­лықтарында сүйек метас­таз­дары мен жүрек ауруларын анықтау бағытында дәрі-дәр­мекті тікелей синтездеу мүм­кіндігі туды. Қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеуде қолданылатын йод-131 радио­активті изотопы бар препаратты әзірлеу және өндіруге де жол ашылды.

Институт мұнай-газ саласында қолданылатын 100-ден астам құрылғы шығарып, сектор қажеттіліктерінің 50%-ға дейін қамтамасыз етеді. Соны­мен бірге кобальт-57 радиоизотопын Еуропаға, Ресейге, АҚШ-қа экспорттамақ. Бұл жоғары ғылыми деңгеймен бірге ел өнімнің халықаралық нарықтағы қабілетін көрсетеді.

Қалай дегенде ұсынылып отыр­ған жұмыс ғылым, инже­нерия, тәжірибе үйлесімі­нен шыққан. Бұл бір реттік басы­лым немесе жоба емес, көп­жыл­­­дық жүйелі ғылыми және тех­­но­ло­гиялық еңбектің нәтижесі.

Қорыта келгенде айта­ры­мыз: «Ядролық физика инс­­титутының атом энер­гиясын пайдалану саласын­дағы ғылыми зерттеулер, әзір­лемелер және әлемдік технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның стратегиялық және тұрақты дамуына қос­қан үлесі» атты еңбегі үшін ЯФИ бір топ ғалымы Қазақстан Рес­публикасының әл-Фараби атын­дағы мемлекеттік сый­лығын алуға толық лайықты.

 

Қайрат Қадыржанов,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының

докторы, профессор