Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің айырбастау бағамына қатысты ахуалды баяндады. Жыл басынан бері ұлттық валюта 1 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 519,73 теңге деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, теңге бағамына әсер етуші факторлар ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты. Сыртқы жағынан алғанда, әлемдік нарықта геосаяси тәуекелдерге байланысты құбылмалылық сақталып отыр. Сауда соғыстары мен Ресей рублінің нығаюы да осы үдерістердің қатарында. Сонымен қатар мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін $70 деңгейінде тұрақтады.
Ішкі факторларға келсек, жылдың алғашқы айларында импорт көлемінің азаюы және экспорттаушылардың салық төлемдеріне байланысты валюта ұсынысының артуы теңгеге қолдау көрсетті.
Алайда соңғы уақытта, нақты айтқанда өткен айдың екінші жартысынан бастап валюта нарығында сұраныс артып келеді. Бұған, біріншіден, жазғы демалыс маусымының басталуы әсер етсе, екіншіден, бюджеттік бағдарламалар аясындағы мемлекеттік сатып алулардың белсенді жүруі заңды тұлғалар тарапынан шетел валютасына деген сұранысты ұлғайтқан.
«Жалпы алғанда, сыртқы орта – тұрақты, ал ішкі факторлар маусымдық сипатқа ие. Бұл жағдайда теңге бағамының айтарлықтай өзгеруіне негіз жоқ. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жиналуына жол бермейтін икемді бағам саясатын жалғастыра береді», деді Тимур Сүлейменов.
Отырыс барысында теңгенің қазіргі деңгейі мен нарықтағы жағдай тұрақты деп бағаланып, макроэкономикалық тепе-теңдікті сақтау бағытындағы саясат өз жалғасын табатыны айтылды.