Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталды. Осы уақытқа дейін еліміздің мектептеріне 273 643 бала қабылданған, деп жазады Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, құжат тапсырғандардың 70 пайызы мемлекеттік тілде оқуға өтініш берген.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, сондай-ақ қағаз нұсқада өткізуге болады.
Қазақстан азаматтары үшін Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға қажетті құжаттар тізімі:
1)ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;3)өлшемі 3х4 см сурет (2 дана)
Шетел азаматтары үшін:Ата-аналар немесе басқа заңды өкілдер Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруы керек. Шетелдіктер мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы тиіс.
Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Айта кетейік, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.