• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:15

Ендігі меже – грант байқауы

30 рет
көрсетілді

Өткен аптада негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тәмамдалды. Қорытынды қалай? Негізгі тестілеудің маңызы сол, талапкерлер осының нәтижесімен грант конкурсында бақ сынай алады. Ал байқау қашан?

326 адам тыйым салынған затты алып кірмек болған

Әуелі үміткерлер арасында «нағыз ҰБТ» аталып кеткен тестілеудің қорытындысына үңілейік. 210 мыңнан аса адам 2025 жылғы негізгі сынақты тапсырды, олардың ішінде 681-і – ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер. Талапкердің 76,5%-ға жуығы – қазақ тілінде, 23,5%-ы – орыс тілінде, 149 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Тестілеу қорытындысында 161 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл жалпы қатысушы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69-ды құрады. Ең жоғары 140 балды ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек жинады. 598 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Биыл апелляцияға 92 мыңнан көп өтініш қабылданып, соның ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Апелля­­ция бойынша республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талап­керлердің сертификаттары жеке кабинетте қол­жетімді.

Негізгі ҰБТ-ны өткі­зу кезеңінде 711 ереже­ бұзушылық тіркелді. Смартфон­дар, смарт-сағат­тар, микроқұлаққаптар сияқты тыйым салынған құрылғылар мен шпаргалкаларды алып өтуге тырысу жағдайлары жиі болды. Сол себептерге байланысты 326 талапкер тестілеуден өте алмады. Сынақ барысында аудиториялардан 380 қатысушы шығарылып, олардың нәтижесі де жойыл­ды. Бейнежазбалар қаралған соң, тағы 5 адамның нәти­жесі жо­йылды. Бейнежазбаларға талдау жүр­гізу осы жылдың 31 қазанына дейін жалғаса­ты­нын еске сала кету керек. Бұл барлық қатысушы үшін нәтижелер­дің адалдығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Көп күттірген конкурс

Енді конкурс мәселесіне ойыссақ, талапкерлерден гранттар конкурсына қатысу үшін өтініштер 2025 жылғы 13–20 шілде аралығында қабылданады, қабылдау бас­талып кетті. Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша, 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырды.

Конкурсқа өтініш қа­былдау өткен жексенбіде басталғанын жоғары­да жаз­дық, сол бірінші күннің қо­ры­тын­дысына қарасақ, 10 мыңнан аса үміткер грант бәйгесіне қатысуға ниет білдіріп, құжаттарын жолдап үлгеріпті.

Ең көп өтініш «Педа­гогикалық ғы­лымдар» және «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыттарына түскен.

Биыл құжаттарды egov.kz порталы арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы (кез келген жақын орналасқан ЖОО-да) тапсыруға болады.

Грант конкурсына қа­тысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертифи­катын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім ұйымдары­ның түлектері үшін диплом) тапсыру керек. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.

 

Шекті балл мен мүмкіндіктер

Білім гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті балл белгіленді:

- «Құқық» және «Педа­гогикалық ғы­лымдар» ба­ғыттары бойынша – кемінде 75 балл;

- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойын­ша – кемінде 70 балл;

- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, бірақ Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне түсу үшін – кемінде 50 балл болып отыр;

- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл;

Десе де академиялық еркіндік талаптарына сай жоғары оқу орындары білім гранттарын тағайындау конкурсы­на қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті балдарын өздері белгілеуге құқылы екенін еске салған жөн.

Ауылдық жерлерден шыққан және әлеуметтік осал топтарға жататын та­лап­керлерді қолдау мақ­сатында қа­былдау науқаны аясында арнайы шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, гранттар конкур­сы­на қатысу барысында мемлекет бекіткен квоталар бар. Мы­салы, көп жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» жобасы бар, оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыс­тарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарына тегін оқуға мүмкіндік беретін жоба бо­йынша биыл 2 мыңнан аса грант қарастырылмақ. Оған қоса әр облыстың өз гранттары мен арнайы квоталары болады, бұл талапкерлерді, әсіресе мықты маман болу­ға сұранып тұрған әлеуеті жоғары үміткерлерді өз өңі­рінде оқуын жалғастыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар оқуға түсушілерде алыс-жақын шетелдердегі жетекші жоғары оқу орындарының еліміздегі филиалдарында білім алуға мүмкіндігі бар. Қазақстандағы шетелдік бі­лім ордасы филиалына түс­кісі келетін талапкер қандай құжаттар керек екенін қалаған оқу орнының өзінен  ғана біле алады, өйткені әр университет қа­былдауды өзінше жүргізеді.