Биылғы екінші тоқсанда елімізде ресейлік құрылтайшылары бар 728 компания қызметін тоқтатты. Бұл 2019 жылдан бергі ең ірі көрсеткіш. Статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың сәуірінен бері елімізде ресейлік бизнес құрылымдарының саны 2 100-ге қысқарған. Мұның себебіне экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановпен бірге үңіліп көрелік.
Бизнес көшіп барады
Бүгінде елімізде Ресейге байланысты 17,6 мың компания жұмыс істейді. Бірақ ресейлік бизнес елден кете бастағанына бесінші тоқсан болды. Сарапшылар бұл үрдісті Украинадағы соғысқа байланысты 2022 жылы басталған ресейлік бизнесті Қазақстанға жаппай көшіру толқынының аяқталуымен байланыстырады.
Осы ретте экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов бұл жағдайдың бірнеше себебін атап өтті.
«Ресейлік компаниялар жаңа жағдайға бейімделіп үлгерді. Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы келіссөздер де соғыстың аяқталуы мүмкін деген үміт тудырып отыр. Соған байланысты бизнес көшірудің қажеті азайды. Бұған қоса, Қазақстанда салық саясаты қатаңдай түсті. Бұрын бұл елдегі салық жүктемесі ТМД бойынша ең жеңіл болатын. Қазір жағдай өзгеріп келеді», дейді сарапшы.
Өзбекстан мен Қытай неге қызығушылық танытып отыр?
Ресейлік компаниялар азайғанымен, Қазақстанға қызығушылық танытатын шетелдік бизнес бар. 2025 жылдың басынан бері елімізде Өзбекстаннан 527 жаңа компания тіркеліп, жалпы саны 5 400-ге жеткен. Ал Қытайдан келген жаңа заңды тұлғалар саны – 503. Қытай компанияларының жартысына жуығы сауда саласында жұмыс істейді.
Сарапшы Арман Байғановтың айтуынша, мұндай өсімнің басты себебі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ пен Кеден одағына мүше болуы.
«Қазақстан мен Ресей ЕАЭО мен Кеден одағына кіреді. Сондықтан үшінші елдердің кәсіпкерлері үшін Қазақстанда тіркелу арқылы Ресей нарығына шығу әлдеқайда оңай әрі арзан», дейді ол.
Осылайша, Қытай мен Өзбекстаннан келіп жатқан компаниялар елімізді аймақтық хаб ретінде қарастырып отыр. Яғни, бизнес жүргізудің геосаяси және логистикалық тиімділігін пайдаланып, көршілес нарықтарға жол ашып бермек.
Шетелдік бизнес қазақстандық кәсіпкерлерге қауіп төндіре ме?
Кейбір кәсіпкерлер арасында шетелдік компаниялардың көбеюі жергілікті нарық үшін қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бірақ экономист Арман Байғанов бұл пікірмен келіспейді.
«Мұндай компаниялардың құрылтайшылары шетелдіктер болғанымен, олар Қазақстанда тіркелген. Демек, олар жергілікті заңнамаға бағынады, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Ал бәсеке бұл тек қауіп емес, ол жергілікті бизнеске өзін дамытуға серпін береді. Агроөнеркәсіп саласында өнімділік өте төмен. Шетелдік бизнес сол секторға кіріп, сапа мен тиімділікті арттыруға түрткі болуы мүмкін», дейді ол.
Сонымен елімізде ресейлік компаниялар санының азаюы бірқатар геосаяси және ішкі экономикалық факторлармен байланысты. Сарапшылар бұл үдерісті уақытша құбылыс ретінде бағалай отырып, оның орнына басқа шетелдік инвесторлардың – әсіресе Өзбекстан мен Қытайдан келген бизнес құрылымдардың – белсенділік танытып отырғанын атап өтеді. Қазақстанның ЕАЭО мен Кеден одағына мүше болуы да елімізді аймақтық іскерлік хаб ретінде танымал етіп, сыртқы инвесторларға тартымдылығын арттырып отыр. Ал шетелдік компаниялардың көбеюі ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтсе де, бұл үрдіс отандық кәсіпкерлер үшін жаңаша серпін мен даму мүмкіндігіне жол ашады.