Ғарыштағы темір тор тек фильмдерде ғана емес. Жер бетінде де бар. Мәселен, Нью-Йорк қаласының шетінде, өзен үстінде орналасқан The Boat – әлемдегі ең үлкен қалқыма түрме, деп жазады Egemen.kz.
Нью-Йоркте жердің бағасы тым қымбат. Сол себепті билік жаңа түрмені қала аумағына салудың орнына, су үстіне орналастыруды шешкен. 1992 жылы Луизиананың Нью-Орлеан қаласындағы кеме жасау зауытында The Boat («Кеме») деп аталатын баржа құрастырылды. Бұл – қаладағы үшінші қалқыма түрме.
Ол бірден 800 адамға арналған. Мұнда ауыр қылмыскерлер емес, ұсақ бұзақылар, ұрылар, қоғамдық тәртіпті бұзғандар отырады. Құрылымы жағынан кәдімгі кемеге ұқсаса да, ішінде толыққанды түрме тәртібі орнаған. Бұл нысан Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең ірі қалқыма түрме ретінде енген.
Түрме өзен жағасында орналасқанымен, одан қашып шығу мүмкін емес. Болаттан жасалған корпусы мен шектеулі кеңістігі кез келген тәртіп бұзушылықтың алдын алады. Қауіпсіздік жүйесі жоғары деңгейде.