«Орнитологиялық туризм» деген терминнің өзі тосындау естілсе де, бүгінде саяхаттың осы түріне қызығушылық танытатындар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Құс патшасын қолға үйретіп, сұңқардың өзіне томаға кигізген қазақ жұртына туризмнің осы бағытының да қатысы мол.
Алдымен орнитологиялық туризм дегеніміздің өзі – құстарды табиғи мекенінде бақылап, суретке түсіріп, зерттеу мақсатында арнайы ұйымдастырылатын саяхат түрі екендігін айта кетелік. Қос қанаттылардың «Жібек жолы» іспетті, еліміз де – жылы жаққа ұшатын құстардың Еуразиядағы маңызды маршруты. Отандық ғалымдардың кейінгі зерттеулері елімізде 526 құстың түрі кездесетінін дәйектейді. Көлдерден, тау-тасымыз бен иен даладан табылатын құстардың 405 түрі елімізде ұя салып, балапан басса, 28 түрі қыстап шығады. Жыл құстарының 43 түрі миграция кезінде ғана аялдап, қоректенеді. Кездейсоқ 45 түрін – миграция кезіндегі қолайсыз ауа райы салдарынан, яки бағыттарынан жаңылғанда көріп қалуға болады. Қалған 5 түрі жазда елімізді мекендегенімен, балапан шығармайды. Дегенмен, кейінгі жылдары мамандар жабайы құстардың саны күрт азайып бара жатқанын алға тартып, алаңдап отыр.
Орнитологтер мен экологиялық ұйымдар бірінші кезекте құстардың азаюына браконьерлер емес, ауыл шаруашылығын дамыту, жер жырту, құрылыс пен өнеркәсіптің өркендеуі себеп болып отырғанын айтады. Сол сияқты климаттық өзгерістер де құстардың миграциялық жолдары мен ұя салуына кері әсер етіп отыр. Оған қоса құстардың қалыпты тіршілігіне су қоймалары мен топырақтың ластануы – пестицидтер мен басқа химикаттарды қолдану кесірін тигізіп келеді. Браконьерлік пен құстардың сирек кездесетін түрлерін аулау, атудан келетін кедергі соңғы кезекте тұр.
Елімізде құстарды қорғау мен көбейтуге қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауал жетегінде бір топ БАҚ өкілі жыртқыш құстарды өсіріп, қайта табиғатқа жіберумен айналысатын «Сұңқар» орталығына сапарлаған едік. Орталық 1989 жылы құрылған кезде мұнда бар болғаны Алматы мен Мәскеу хайуанаттар бағынан әкелінген 12 жыртқыш құс болған. Бастапқыда сұңқар түрлерін көбейту мақсатында құрылған орталық осы аралықта 3 мыңнан астам құс өсіріп, 800-ден астамын еркіндікке жіберген.
Бұрын «Сұңқар» орталығына кез келген адам тұмсығын тыға алмайтын еді. Кейінгі жылдары жұрт құлағдар бола бастаған соң мектеп оқушыларына, шетелдіктерге экскурсия өткізуді сұрайтындар көбейген. Енді, міне, бүгінде орталық орнитологиялық туризмнің бір бағытына айналып отыр.
Осы арада Құстарды қорғау одағы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауым- дастығы (ҚБСҚ) көп жылдан бері «Жыл құсы» акциясын өткізіп келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл бұл мәртебеге жыртқыш құстардың ішінде жұртшы ие болды.
«Құстардың алаңдатарлық ахуалына қоғам назарын аудару мақсатында жыл сайын «Жыл құсы» акциясы өткізіліп келеді. Биыл таңдау жұртшыға түсті. Бұл тиісінше бағаланбай жүрген, өлексе жейтін құстардың ең кішкентай тобының өкілі. Басқа да құстар сияқты, жұртшының да ортасы тарылды, браконьерліктен бөлек, электр желілері мен жел энергетикасы нысандарына соғылып өліп жатады. Барлық ірі инфрақұрылымдық, жел энергетикасы жобалары халықаралық стандарттарға сәйкес экологиялық бағалау процедурасынан өтуге тиіс. Өкінішке қарай елімізде мұндай стандарттар әлі жоқ, оларды қолдану құстардың жолындағы қауіп-қатерлерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берер еді», дейді ҚБСҚ-ның ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.
2025 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына екі құстың түрі – ақбас құмай мен күшіген енген. Жыртқыш құстарды көбейтіп, баптап, табиғат аясына жіберуде ауқымды зерттеулер жүргізіп келе жатқан «Сұңқар» орталығының директоры Ашот Анзоров: «Бұрын бізге көбінесе көлік қағып кеткен құстарды әкелетін. Қазір мұндай жағдай азайды. Әрине, біз жаралы құстарды емдеп, табиғатқа қайта жібереміз, бірақ оңалту мәселесі күрделі, ол құр қиялмен шешілмейді. Адамдар көбінесе құстарға ойыншық сияқты қарайды. Мысалы, бізге келіп бір құсты аттай қалап сатып алып, жақындарына ерекше сыйлық ретінде тарту жасайтын кездер болады. Ол адам жыртқыш құсты қалай күтіп, асырайтынын білмей, сыйлығын қайта әкеліп тапсыратын оқиғалар бар», дейді.
Мамандар көп елде жараланған құстарға көмек көрсететін арнайы бағдарламалары жоқ болғандықтан, еріктілер құстарды өздері емдейтінін айтады. Құстарды емдеу кісіні емдеуден арзан емес, құны диагнозына байланысты 20, 50, тіпті 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Дала қанаттары – 2025» орнитологиялық байқауының ұйымдастырушысы Павел Аджигильдяев: «Сонау 70-жылдары Алматыда серуендеп жүріп, 60 шақты құс түрін кездестіруге болатын, қазір шамамен 20 түрі табылады. Құстар экожүйелерде маңызды рөл атқаратындықтан, олардың азаюы дабыл қағарлық мәселе ретінде қарастыру керек», дейді.
13 жылдан бері Алакөлдің жағасында құстарды бақылап, тамашалайтын «Алакөл қанаттары» фестивалі өткізіліп жүр. Қазір Алакөлде шамамен 200 құс түрін кездестіруге, оның ішінде жойылып кету қаупі бар, сирек кездесетін реликті шағаланы көруге болады. «Алакөл қанаттары» фестивалінің ұйымдастырушысы Наталья Боровая бастапқыда фестиваль көңіл көтеретін шара болса, уақыт өте келе ол мәдени, білім беру, экологиялық бағдарламаларды қамтитын көпформатты орынға айналғанын атап өтті.
Еліміздегі орнитологиялық туризм дегенде, ең танымал орын ретінде ЮНЕСКО-ның Биоқорықтар желісіне кіретін қызыл дуадақты көруге болатын Қорғалжын қорығы бар. Көлсай, Қайыңды көлдері маңынан орман құстары мен су құстарын, Алтынемел ұлттық паркінен шөлейт құстарын, Алакөл қорығынан сирек кездесетін су құстарын, Ақсу-Жабағылы қорығынан биік таулы аймақтарды мекендейтін құстарды тамашалауға болады.
Орнитологиялық туризмнің қызатын шағы – көктем мен күз мезгілінде. Өйткені миграция жүріп жатқанда жолай дамылдаған, азық іздеген құстардың неше атасын көріп қалуға мүмкіндік бар. Құстардың келетін, қайтатын маусымы қанаттылардың тіршілігін бақылаушылар, орнитолог мамандар, табиғатты түсірумен айналысатын фотографтар, дүрбі арқалаған туристерге таптырмайтын кезең.
Елімізде орнитологиялық туризмнің әлеуеті мықты болса да, оны ұйымдастыратын арнайы агенттіктер әлі де аз. Өйткені туризмнің бұл бағытына жергілікті саяхатшылардан сұраныс жоқтың қасы. Сұраныс болған күннің өзінде көп жерде бақылау мұнаралары, арнайы соқпақтар жетіспейді.
АЛМАТЫ