Қазіргі заман инженерлері – тек техниканы білетін мамандар ғана емес, олар – креативті ойлайтын, күрделі мәселелерді шешуге қабілетті, көпсалалы біліммен қаруланған тұлғалар. Дәл осы жаңа буын инженерлерін тәрбиелеуді мақсат еткен елімізде жаңашыл бағыттағы «Келешек мектептері» жүйесі белсенді дамып келеді. Бұл оқу орындары оқушыларды ерте жастан инженерлік ойлауға, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге баулиды.
«Келешек мектептеріндегі» оқыту үдерісі – теория мен практиканың тығыз байланысына негізделген. Жобалық және тәжірибелік сабақтар арқылы оқушылар өмірлік мәселелерге нақты шешімдер ұсынып, өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. Олардың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін, сондай-ақ топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Оқу бағдарламасында роботтехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу, цифрлық технологиялар секілді пәндер ерекше орын алады. Оқушылар заманауи инновациялық құрылғылармен жұмыс істеуді үйренеді.
Көкшетау қаласының техникалық мектеп-лицейі «Келешек мектептері» жобасы аясында 2025 жылдың қаңтар айынан бастап ашылды. Білім ошағының материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жабдықталған. Зертханалар мен STEM кабинеттерде оқушылардың өз жобаларын жасауына қолайлы жағдай жасалған. Балалар өз идеяларын нақты өнімге айналдырып, өнертапқыштық дағдыларын дамыта алады. Қазір мектебімізде роботтехника, авиамодельдеу үйірмелері жұмыс жасап жатыр. Роботтехника кабинетінде интерактивті панельдер, LEGO Education конструкторлары, Arduino платформалары, 3D принтерлер, сенсорлар және балаларға нақты инженерлік жобаларды жасауға мүмкіндік беретін ең заманауи жабдықтар жинақталған. Авиамодельдеу үйірмесінде оқушылар ұшу аппараттарының (ұшақ, планер, дрон, т.б.) жұмыс үлгілерін құрастырып, оларды әуеде ұшыру арқылы аэродинамика, техникалық құрылым және басқару жүйелерін зерттеу ісімен айналысып, тәжірибелік білім алып жатыр. Сондай-ақ елімізде осы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына орай мектебімізде оқушылармен кәсіптік бағдар беру және қолданбалы жұмысты дамытуға баса назар аудару мақсатында тігін үйірмесі ашылды. Үйірме қысқа уақыт ішінде сән, дизайн және қол еңбегі әлеміне қызығушылық танытатын пайдалы алаңға айналды. Сабақтарда оқушылар тігін ісінің негіздерімен танысып, әр бала өзін қолданбалы мамандықта сынап көре алады, шығармашылығын танытып, кәсіби болашағына жол ашады.
Сонымен қатар мектебімізде білім бағдарламаларымен қатар халықаралық серіктестікті дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жоғары оқу орындарымен, ғылыми зерттеу орталықтарымен және технологиялық компаниялармен байланыс орнату арқылы оқушылар мен мұғалімдер кәсіби тәжірибеге бір табан жақындай түсті. Мәселен, жақында Түркия елінің «Bahtili Mesleki ve Tehnik Anadoly Lisesi» мектебімен онлайн кездесу өтті. «Бауырлас мектептер» жобасы аясындағы жиын білім ордалары арасындағы мәдени және білім тәжірибесін бөлісудің тиімді алаңына айналды. Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында бірлескен ғылыми жобалар, шеберлік сағаттары, кәсіби бағдарлау шараларын қолдау көзделіп отыр. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжімен де бірлесіп жұмыс атқарылып жатыр. Бұл әріптестік – цифрландыру мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар аясында білім саласын инновациялық тұрғыдан дамытуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар сәуір айында Жоғары техникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, оқушылар мен студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға, білім сапасын көтеруге бағытталған. Соған сәйкес қыркүйектен бастап мектебімізде машина жасау және өнеркәсіптік роботтехника бағыты бойынша үйірмелер ашу жоспарланып отыр. Бұл білім сапасын арттырып қана қоймай, оқушылар мен мұғалімдердің кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтереді.
Оқушылардың жетістіктері де білім беру моделінің нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар мен олимпиадаларда мектебіміздің оқушылары жүлделі орындарға ие болып жүр. Біздің оқушылар техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар креативті ойлауды, командалық жұмысты және ғылымға деген құштарлықты көрсетіп отыр. Атап айтсақ, оқушылар Ш.Уәлиханов университетінің ұйымдастырған «Мектеп және университет: ғылыми ынтымақтастық қырлары» атты конференцияда 1,2,3 жүлделі орындарға, математика және орыс тілі пәндерінен республикалық пән олимпиадасынан жүлделі 3-орынға, математика пәнінен Лос-Анджелес (АҚШ) қаласында өткен халықаралық «ХСЕL» олимпиадасынан жүлделі 3-орынға ие болды.
Көкшетау қаласындағы техникалық мектеп-лицей – инженерлік білім берудің заманауи үлгісі. Мұнда оқушылардың шығармашылық және техникалық қабілеттері дамып, ерте кәсіби бағдар алуға мүмкіндік жасалған. Халықаралық серіктестік пен заманауи технологияларды тиімді қолдану арқылы теория мен практиканы ұштастырған сапалы білім беріледі. Мұндағы әрбір жоба, әрбір бастама – еліміздің болашағын құратын жас ұрпақтың жан-жақты, сауатты әрі технологиялық тұрғыдан дамыған тұлға болып қалыптасуына бағытталған нақты қадам.
Тілеген АМАНГЕЛДІҰЛЫ,
Техникалық мектеп-лицей директоры
Көкшетау