Қаржы технологиясы мен цифрлық инновацияларды дамыту жолында белгілі бір ережелер мен бақылау құралдарының болуы – уақыт талабы. Алайда мұндай реттеулердің астарында әділетсіздік пен монополия белгілері байқалса, қоғам тарапынан сын туындауы заңды. Соңғы уақытта букмекерлік кеңселердің қызметін бақылауға бағытталған «Бірыңғай есеп жүйесі» (БЕЖ) туралы бастамаға қатысты сала сарапшылары мен кәсіби қауымдастықтар ашық алаңда алаңдаушылықтарын білдіре бастады, деп жазады Egemen.kz.
Қаржы технологиялары және инновациялар қауымдастығы мен Қазақстанның төлем ұйымдары қауымдастығы бұл жүйені енгізу процесін ашық емес және бизнес мүдделерін ескермей қабылданған шешім деп бағалап отыр. Олардың айтуынша, «бірыңғай есеп жүйесі» деген атауы бар болғанымен, шын мәнінде ол белгілі бір топтың мүддесіне қызмет ететін монополиялық құрылым болуы мүмкін.
«Қазақстанда жүзден астам төлем ұйымы бар. Солардың көпшілігі букмекерлік кеңселермен тікелей немесе делдалдар арқылы жұмыс істейді. Енді сол барлық айналым мен табысты бір ғана операторға шоғырландыру көзделіп отыр. Бұл – көптеген төлем ұйымдары үшін нарықтан кету, ал кейбірі үшін әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржыны қысқарту деген сөз», деді Қазақстан төлем ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары Юлия Салехова Ұлттық баспасөз клубында өткен брифингте.
Кімнің мүддесі көзделіп отыр?
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастаманың түп-төркіні Қазақстанда емес, Ресейде пайда болған жүйенің көшірмесі екені жасырын емес. Қаржы технологиялары және инновациялар қауымдастығының төрайымы Ирина Давиденко жаңа жүйе Ресейдің ЦУПИС моделіне ұқсайтынын, ал оның негізгі бенефициары – санкция астындағы ВТБ банкі екенін мәлімдеді.
«Бізге ұсынылған келісімшарттарда екі ұйым бар: «Бірыңғай есеп жүйесінің операторы» мен «Nomapay» ЖШС. Екіншісі – ресейлік ЦУПИС құрылтайшысының серіктесі құрған жеке компания. Бұл компания Қазақстан нарығында бір жылдан аз уақыт жұмыс істейді, қызметкерлері түйіндеме арқылы ғана жиналған, ал ақпараттық қауіпсіздік сертификаттары жоқ. Ең бастысы – біз тек бәсекенің тұншығуын емес, сонымен қатар азаматтардың жеке деректерінің сырт елге кету қаупін де көріп отырмыз», деді И. Давиденко.
Заңды айналып өту әрекеті ме?
Мәселенің бір ұшы – мемлекеттік сатып алуларға қатысты заңнаманың сақталмауы. Сарапшылардың айтуынша, жеке компаниямен келісімшарт тікелей, конкурс өткізбей жасалған. Мұндай әрекет заң талаптарына қайшы келіп қана қоймай, елдің ақпараттық және қаржылық егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
«Біз бұл жүйеге қарсы емеспіз. Біз – монополияға қарсымыз. Реттеу керек, бірақ оны әділ, ашық, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жүргізу қажет. Біз бұған дейін де балалар мен жасөспірімдердің бәс тігуіне жол бермеу үшін биометриялық жүйе енгізіп, өз күшімізбен нақты нәтижелер көрсеттік. Қажет болса, өз шешімдерімізді мемлекет балансына беруге де дайынбыз», деді Юлия Салехова.
Сала өкілдері «бірыңғай жүйе» аясында тек есеп жүргізу ғана емес, төлемдерді бағыттау, деректерді сақтау және өңдеу секілді функциялар шоғырланбақ екенін айтады. Ал бұл – бүкіл қаржы ағынын бір қолға беру деген сөз. Мұндай құрылымның халықаралық санкциялармен байланысы болса, елдің қаржы жүйесіне де, беделіне де залал келуі әбден мүмкін.
Сонымен, цифрлық экономика жағдайында реттеу тетіктерін енгізу – заман талабы. Алайда кез келген реттеу – әділет пен ашықтыққа негізделуі тиіс. Әйтпесе, бақылау дегеніміз бәсекені тұншықтыру құралына айналуы мүмкін. Қазір айтылып жатқан ескертулер мен ұсыныстар – нарық қатысушыларының жан айқайы емес, жүйені ашық, тиімді және қауіпсіз етуге бағытталған үндеу.
Еліміздің цифрлық дербестігі мен қаржы қауіпсіздігі – жай статистикалық көрсеткіштер емес, мемлекеттің тәуелсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан да бұл мәселе қоғам мен Үкімет арасында ашық диалог арқылы шешілуі тиіс.