Ілкідегі қонақжай халық қасиетті тағам туралы осылай дер еді. Таяуда зерлі Зеренді баурайында «Қымыз Fest» фестивалі өткізіліп, бағалы сусынның бабын білетіндердің басын қосты.
Табиғаты тамылжыған Зерендінің көркем бір пұшпағында көз жауын алатын этноауыл пайда болды. Құтты бір қаймағы бұзылмаған көшпелі заманның көркем көрінісі іспетті. Аудандағы бірнеше ауылдан саба-саба қымыз әкеліп, мол дастарқан жайылған. Көк шалғыны ұйысқан сайын дала домбыраның күмбірлеген үнімен тербеле тебіреніп тұрғандай. Айтпақшы, берекелі ауданның мерекелі 90 жылдығы биыл аталып өтіп жатыр. Қымыз фестивалі осы бір айтулы датамен орайластырылған.
Жанға жайлы салқын самал есіп тұр. Жиналған жұрт ілтипатпен ұсынған бал қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз тәрізді әртүрлі әдіспен дайындалған астан дәм татты.
«Қымыз дайындау тәсілін анамнан үйреніп едім, – дейді бал қымызды баптағандардың бірі Гүлжиян Дәулетханқызы. – Қазір қыздарымды үйретіп жүрмін. «Сұңқар» балаларды сауықтыру кешеніне дайындап беремін. Демалушы балалар денсаулығын түзесе, нұр үстіне нұр емес пе?»
Келесі бір киіз үйде Бұлақ, Садовый, Сарыөзек ауылдарының тұрғындары дастарқанға сапырылған сары қымызбен бірге ел ішінде ілуде бір кездесетін ешкі сүті мен қаймақ, қазы-қарта қойыпты. Қымызды Сәния мен Бақытжан Мұханбетовтер дайындаған екен. Бұл дастарқандағы қымыз қазылар алқасының көңілінен шықты. Қымыз фестивалін өткізу идеясын қолдаған жылқы фермасының иесі Мұратхан Өнер: «Осы тамаша дәстүрді жыл сайын әдемілеп өткізіп отырса, бұл күнде кей өңірде көзден бұлбұл ұшқан ұлттық тағамға кейінгі жастардың назары ауар еді», дейді.
«Келесі фестивальды өткізген кезде меймандарға ыңғайлы болу үшін орындықтар жасап қоямын», дейді Зеренді ауылының тұрғыны Нина Линник. – Осы іс-шарадан-ақ қазақ халқының мейірім шапағаты көрініп тұр емес пе?»
Ақ дастарқан басында ел тарихын екшеген ажарлы әңгіме айтылды. Көне тарихтың көмбесі ғана ақтарылған жоқ, келешектің межесі де тілге тиек болды. Атам қазақ «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» демей ме, бір дастарқаннан дәм татқан сан алуан ұлт өкілі бір-бірімен қимай қоштасты.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы