• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 12:45

Ферроқорытпа өндірісінен әлемдік рекорд орнады

40 рет
көрсетілді

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ әлемдік рекорд орнатты: бір технологиялық циклда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бір электр доғалы пешінен 177 тонна феррохром өндірілді. Рекорд WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымында ресми тіркелді және тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен бекітілді, деп жазады Egemen.kz.

Рекордты тіркеу барысында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінде бір технологиялық циклда 177 тонна жоғары көміртекті феррохром өндірілді. №4 цехтың пештері – өз санатындағы әлемдегі ең қуатты пештердің бірі. Зауыт мамандарының жүзеге асырған бірегей техникалық шешімдерінің арқасында жабдық бүгінгі күні жобалық көрсеткіштерден жоғары күшпен жұмыс істейді. Егер орташа алғанда бір осындай пеш шығарылымда 50-60 тонна ферроқорытпа берсе, қазіргі жағдайда айтарлықтай үлкен көлем жинақталды. Бұл әлемдік рекорд ретінде бекітілген теңдессіз нәтижеге негіз болды.

Рекорд орнатуға арналған салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол зауыт ұжымын жетістікпен құттықтап, бұл рекорд отандық мамандардың жоғары біліктілігінің және өңір мен еліміздің зор индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Алғаш рет № 43 пеште бір технологиялық цикл барысында 150 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Тамаша жетістікпен зауыт ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Бұл – нағыз еңбек адамдарына тән кәсібиліктің, табандылықтың, бірліктің және рухтың жарқын үлгісі. Зауыт жұмысшылары ыстықта да, суықта да күні-түні аянбай еңбек етіп, өндіріс көлемін әлемдік деңгейге жеткізді. Кәсіпорын отандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай ғана емес, сонымен қатар сол стандарттарды қалыптастыра алатын қабілеті бар екенін дәлелдеді. Рекорд – тек зауыт пен Ақтөбе өңірінің жеңісі ғана емес, отандық өнеркәсіптің әлеуетінің айқын дәлелі», деді облыс әкімі.

Айтуынша, биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы да бүгінгі оқиғаның маңызын арттыра түседі. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат, яғни әділ, жауапты әрі еңбекқор азамат бейнесін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өткен еді. Асхат Шахаровтың сөзінше, осындай жетістіктер еңбек адамының қоғамдағы құрметін арттыруға септігін тигізеді. Бұл – нақты сектор мен мамандардың жанкешті еңбегі еліміздің орнықты дамуының сенімді тірегіне айналғанының белгісі.

Рекордты тіркеу тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдерінің, метрологиялық қызметтің және техникалық комиссияның қатысуымен өтті. Металл шығарылымынан оның салқындауына, өлшеуіне және құжатталуына дейінгі әрбір кезең қатаң түрде бекітілді және сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды.

«Бұл рекорд – нағыз технологиялық жеңіс. Бұл – жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG өз көшбасшылығын, тұрақтылығын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі. Бұл жетістіктің артында тек металл, сандар мен жабдық қана тұрған жоқ, ең алдымен, бұл – біздің адамдар. «Қазхром» металлургтерінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі мүмкін емес дүниені мүмкін етті. Еңбек адамдарының жылы аясында бұл рекорд – елдің экономикалық қуатын күн сайын қалыптастырып жүрген жандарға деген құрметтің символы», деді ERG директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.

WORLD BOOK OF RECORDS ұйымының Азия мен Африка елдері бойынша басшысы Қуандық Құдайбергеновтың айтуынша, ауыр өнеркәсіп саласында рекордтар жиі тіркеле бермейді, бұл жолғы жетістік сонысымен ерекше. «Бұл оқиға бір кәсіпорынның шеңберінен шығып, Қазақстанның технологиялық беделін және түгел өнеркәсіп саласының әлеуетін мойындау» дейді ол.

Марапаттау рәсімі металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында өтті. Рекордты тіркеуді растайтын құжатты қабылдай отырып, «Қазхром» ТҰК АҚ бас директоры Сергей Прокопьев зауыт командасының үлкен жұмысын атап өтті.

«Бұл – батыл инженерлік шешімдер мен шынайы командалық жұмыстың нәтижесі. «Қазхромның» 30 жылдығы мен Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылында осынау жаңалық ел өнеркәсібінің әлемдік деңгейде болуы мүмкін және міндетті екенін білдіреді. Ақтөбе зауытының командасымен мақтанамын – сіздер тек максималды көлемді өндіріп қана қойған жоқсыздар, сіздер тарихты жасадыңыздар», деді Сергей Прокопьев.

Өз кезегінде №43 рекордтық пештің бригадирі Геннадий Кухарь әр шығарылымымыз – командалық жұмыс пен жоғары жауапкершілік. Бірақ осы күні шын мәнінде үлкен нәрсе істеп жатқанымызды түсіндік. Бұл рекорд – барлық ауысым үшін, зауыт үшін деп пікір білдірді.

Рекорд орнату елдегі Жұмысшы мамандықтар жылы мен «Қазхром» ТҰК АҚ 30 жылдығына орайластырылған.

2024 жылы «Қазхром» 2023 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемін 14%-ға арттырып, 1,85 млн тоннадан астам ферроқорытпа өндіріп, компания тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Мерекелік жиын соңында Шухрат Ибрагимов ел металлургтерін төл мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, берекелі еңбек пен жарқын жеңістер тіледі.