• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қылмыс Кеше

Қытайдан келген контрабандалық контейнер әшкере болды

30 рет
көрсетілді

Алматыда аса ауқымды қаржылық құқықбұзушылық дерегіне сәйкес сот үкімі шықты. Қытайдан халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдап, жалған шот-фактуралар рәсімдеген топқа қатысты қылмыстық іс аяқталып, айыптыларға жаза тағайындалды. Бұл соңғы жылдары экономикалық қауіпсіздікке төнген ең ірі қатерлердің бірі ретінде бағаланып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында «Group of the Companies TDA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мемлекеттік уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола отырып, бұл сенімді теріс мақсатта пайдаланғаны анықталған. Компания Қытайдан 100-ден астам контейнерді кедендік рәсімдеусіз, яғни контрабандалық жолмен елімізге енгізген.

Осы қылмыстық тізбекті шын мәнінде жүйелі ұйымдастырылған экономикалық схема деуге болады. Себебі, тергеу нәтижесінде аталған компанияның бақылауындағы он шақты серіктестік мекеме арқылы жалған шот-фактуралар жазылып, мемлекеттік бюджетке салықтан жалтару жолымен 10 миллиард теңге көлемінде залал келтірілгені дәлелденген.

Мемлекеттік мүдде мен ұлттық экономиканың негізі саналатын салық жүйесіне жасалған мұндай шабуылдың зардабы бір ғана статистикалық көрсеткішпен шектелмейді. Бұл — әділ бәсекелестікке, кәсіпкерлік ортаға, тіпті тұтынушылардың қауіпсіздігіне де тікелей нұқсан келтіретін әрекет.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында 643 миллион теңге өндіріліп, айыптылардың 1,3 миллиард теңге тұратын тауарларына және 300 миллион теңге көлеміндегі мүлкіне – оның ішінде жер телімдері, автокөліктер, баггилар мен жылжымалы шатырлар секілді активтерге – шектеу қойылған. Бұл мемлекеттің заң алдында ешкімнің де артықшылығы жоқ деген қағиданы ұстанатынын көрсетеді.

Сот үкімімен кінәлі тұлғалар 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың мүлкі тәркіленетін болды. Іске қатысы бар бір азаматқа халықаралық іздеу жарияланғаны бұл қылмыстың ауқымы мен күрделілігін айғақтайды.

Бір қызығы, бұл істен кейін компаниямен әріптестік орнатқан 47 кәсіпорын өз еркімен есеп айырысуды тоқтатып, мемлекет қазынасына 240 миллион теңге салық төлеген. Бұл – өзге бизнес өкілдері үшін елеулі ескерту, әрі мемлекеттің фискалдық бақылауының нәтижелілігін білдіреді.