Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде 11,8%-ды құраған. Бұл көрсеткішке әлемдік нарықтардың тұрақсыздығы, тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың күшеюі және инфляциялық жорамалдар сынды бірқатар сыртқы және ішкі фактор әсер еткен.
Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстарды қолға алған. Соның бірі - Ұлттық Банктің белсенді қатысуымен инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа әрі ұзақмерзімді қамтитын шаралар кешені. Құжат қараудың соңғы сатысында тұр және Үкіметтің жеке қаулысымен қабылданады. Негізгі бағыттардың қатарына ішкі өндірісті ұлғайту, тарифтік саясаттың болжамдылығын арттыру, базалық тауарларға бағаны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету жатады. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, ішкі нарықты қамту және сауда үстемелерін бақылау жалғасып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері 15% шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 847 әкімшілік қаулы шығарылған. Реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері осы бағыт бойынша инфляцияға жиынтық үлес 0,5 пайыздық тармақшаны құраған. Жиында 2023 жылы шаралар кешенін жүзеге асыру инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармақшаға, 2024 жылы 2,3 пайыздық тармақшаға төмендетуге мүмкіндік бергені айтылды. Қазіргі уақытта шаралар кешені өзектендіріліп, 2026 жылға дейін ұзартылған. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бәсекелестік бағаны сақтап отыр: сиыр етінің құны ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне қарағанда 30%-ға, картоп пен сәбіз 38%-ға, пияз 47%-ға, қырыққабат 50%-ға төмен. Осы жылдың басынан бастап нарықтық бағадан төмен бағамен 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі өткізілген. Салалық одақтармен меморандумдарға қол қойылып, соның нәтижесінде жұмыртқа бағасы 8,7%-ға төмендеген. Маусымнан тыс уақытта бағаны тұрақтандыру үшін 30,3 мың жеткізіп беру келісімшарттары жасалған. Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан бірнеше тонна ерте пісетін көкөністер жеткізілген. Өнімдерді, оның ішінде картопты, аналық малды және бұқашықтарды елден әкетуге шектеулер енгізілген.