Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл той – ұлт руханиятының мерейі, ел бірлігін бекемдейтін тарихи сәт. Осыған орай алдағы іс-шараға дайындық барысы пысықталды, деп жазады Egemen.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының орынбасары Олжас Соғымбай, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, Мұхит Тұрсынов, Семей қаласының Дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуат Исажанов қатыстып, баяндама жасады.
«Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында 1-10 тамыз аралығында облыс көлемінде онкүндік бағдарлама жоспары бекітілгені белгілі. Соның ішіндегі ауқымды іс-шараның бірі – «Жеті қазына» республикалық ұлттық байқауы екенін қайыра бір еске сала кетеміз.
Байқау жеті бөлімнен тұрады. «Ілім, білім: Абай оқулары», «Сұлу әйел», «Ер жігіт» сайыстары мәдени бағытта өтпек. Үш байқауға да еліміздің әр өңірінен қатысушылар келеді. Байқау Абай ауданындағы, Қарауылтөбеде өтеді. «Ілім, білім: Абай оқулары» сайысы – 8 тамыз күні Қарауылдағы аудандық мәдениет үйінде, «Сұлу әйел» сайысының екі кезеңі 8-9 тамыз күндері «Абай саябағының» сахнасында болады. Ал «Ер жігіт» сайысы 8-9 тамыз күндері: бірінші кезең Қарауылтөбеде, екінші кезең аудандық мәдениет үйінде өтеді», деді Олжас Амангелдіұлы.
Басқарманың мәліметінше, қазірге дейін басқа өңірлерден және Абай облысының аудандарынан үш байқауға 100-ден аса қатысушы тізімделген. Мәселен, «Ілім, білім: Абай оқулары» байқауына – 37 адам, «Сұлу әйел» байқауына – 38 адам, «Ер жігіт» байқауына – 31 адам.
Бұл тізім алда өзгеретіні сөзсіз. Өйткені әр байқауға 30 үміткерден, барлығы 90 қатысушы сайысқа түсуге тиіс. Бәсеке жоғары болады. Себебі байқаулардың жүлде қоры қомақты. Мәселен, «Ер жігіт» сайысы: І орын – 7 бас жылқы, ІІ орын – 5 бас жылқы, ІІІ орын – 3 бас жылқы. «Сұлу әйел» байқауы: І орын – 5 бас жылқы, ІІ орын – 3 бас жылқы, ІІІ орын – 1 бас жылқы. «Ілім, білім: «Абай оқулары»: І орын – 7 бас жылқы, ІІ орын – 5 бас жылқы, ІІІ орын – 3 бас жылқы.
«Қатысушыларды келіп-кету кестесіне сәйкес 6-7 тамыз аралығында Семей қаласындағы теміржол вокзалы мен әуежайдан күтіп алатын боламыз. Бұл мақсатта арнайы көліктер мен штаб мүшелерінен жауапты азаматтар бекітілген. Байқауға Абай облысының аудандарынан қатысатын жерлестеріміз Семей қаласына өз көліктерімен келеді. Әр өңірден келетін қонақтарды жатын орынмен қамтамасыз ету үшін Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығымен келісе отырып, университеттің жаңа жатақханасына (Семей қаласы, Шөже Қаужаубайұлы көшесіндегі 249 к) орналастыру жағы қарастырылған», дейді О.Соғымбай.
Басқарма өкілінің айтуынша, байқауға қатысушыларды тасымалдау үшін 7 тамыз күні сағат 15.00 шамасында арнайы белгіленген көліктермен Абай ауданы, Қарауыл ауылына жолға шығады. Бұл жол қауіпсіздік шаралары жоспарланған. Қатысушылар Қарауылға барған кезде белгіленген жатын орынға жайғасып, үш мезгіл тегін тамақтанады. Мұның бәрі тек байқауға қатысушыларға арналған жағдай екенін ескерген жөн.
Ал «Жеті қазына» ұлттық байқауының спорттық жағын «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры, қазақтың белгілі апайтөс балуаны Мұхит Тұрсынов таныстырып өтті.
«Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына орай өтетін біраз спорттық іс-шара бар. Мәселен, Семей қаласында 4 тамыз күні күштік экстримнен «Семей батыры» ашық турнирі, 3-6 тамыз аралығында Қазақ күресінен Қазақстан кубогы өткізіледі. Ал Абай ауданы, Қарауыл ауылында 7-10 тамыз аралығында «Жеті қазына» жобасы аясында ұлттық спорт түрлері қамтылады. Онда дәстүрлі садақ ату, бүркітшілер сайысы, құмай тазы жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ бар. Бәйге – жорға жарысы, топ бәйге, аламан бәйге бойынша өтеді. Қазақ күресі – өгіз балуан 74 келіге дейін, Түйе балуан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесі сарапқа салынады. Бұл спорттық байқаудың бәрінде жүлде қомақты. Бас бәйгелерге автокөлік тігілген, тіпті тоғызқұмалақ ойынында жеңімпаз болған ойыншыға да бас бәйге – автокөлік», дейді Мұхит Шыңғысұлы.
1 тамызда Семей қаласындағы «Бейбітшілік» (Түйемойнақ) аралындағы ұлттық ауыл алаңында оннан аса спорт түрінен ашық қалалық турнирлер ұйымдастырылады. Барлық жарыстың салтанатты ашылуы сағат 09:00-де, ал марапаттау рәсімі сағат 18:00-де этноауыл орталығында өткізіледі.
«Бекітілген жоспарға сай, «Бейбітшілік» аралында қазақ күресі, каратэ-до кекушенкай, таэквандо, садақ ату, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, кермеге тартылу («Tartyl Fest»), гір көтеру, асық ату сынды спорт түрінен жарыстар өтеді. Жарысқа қатысушыларға үш мезгіл тамақтану ұйымдастырылады. Қатысушылар Әлихан Бөкейхан университетінің жатақханасына орналастырылады. 4 тамыз күні «Семей Батыры» аталған күштік экстрим бойынша ашық турнир өтеді. Жарыс бағдарламасына сәйкес, қап көтеріп жүру, гір көтеру, бөрене арқалап отырып-тұру, гантельді иықтан көтеру, үлкен доңғалақ аудару, фермерлік серуен, автобус сүйрету секілді күштік жаттығу сайыстары бойынша сынға түседі. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен ең мықты спортшылар қатысады. 7 тамызда мерейтой аясында екі ірі марафон ұйымдастырылады. Республикалық марафон – ұзындығы 3км болатын бұл жарыс таңғы сағат 08:00-де Ертіс жағалауынан басталып, «Бейбітшілік» аралындағы мәреге дейін жалғасады. Ал ультрамарафон – алыстығы 180 км. Жарыс Семей әуежайынан басталып, Қарауыл ауылындағы Қарауылтөбеге дейін жалғасады. Марафон бойында әр 10 шақырым сайын тамақтану пункттері, ал 50 шақырымнан кейін Қасқабұлақ пен Архат тұсында ыстық ас ұсынылады. Қауіпсіздік шаралары полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері арқылы толық қамтамасыз етіледі», дейді Қуат Қайырбекұлы.
Бұдан соң баяндамашылар БАҚ өкілдерінің сауалына мұқият жауап берді. Осы ретте спикерларден: «Елімізден тыс, яғни шақыру берілмеген шетелдік туристерге Абай ауданында қонақ үй, асхана секілді даяршылық жасау жағы қарастырылған ба?» деп сауал қойған едік.
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының орынбасары Олжас Соғымбайдың айтуынша, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық ақындар фестиваліне әлемнің 15 елінен ақындар келеді. ТҮРКСОЙ және халықаралық Эминеску поэзия академиясының қолдауымен ұйымдастырылған осы іс-шарада Абай өлеңдері 15 тілге аударылып, антология болып шығады. Бұған келетін шетелдік қонақтардың орналасу, тамақтану жағы ұйымдастырылған. Ал өз бетінше келген туристер еріктілердің көмегіне жүгінуіне болады.
Абай облысы