Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі қорында қасқыр терісінен тігілген ішік бар. Музей басшысы Зағира Калменова: «Өткен жылы Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында өткен көрмені шетелден келген қонақтар тамашалады. Сонда меймандар 90 жастағы Орынбасар Мырзабаева әженің қолынан шыққан қасқыр ішікке қызығушылық танытып, сапасына жоғары баға берді. Бұл – әжейдің жарына тіккен ішігі», дейді.
Осы ішікті тіккен Орынбасар әжемен сырласудың реті келді. «Жасым тоқсаннан асты. Күйеуім қасқыр аулап, терісін әкеп беретін еді. Ер адам табыс табады, үйдегі әйел ұқсатуы керек. Содан жарыма осы қасқыр ішікті тігіп бердім. Өкінішке қарай, отбасымның тірегі 1972 жылы қайтыс болды. Әлі іс тігемін. Қызым кейде жаны ашып, іс машинамды «бұзып» тастайды», деп өткен өмірінен қызық жайларды тілге тиек етті кейуана .
Ол бала кезінде әжесінің қолында тәрбиеленіп, ер бала сияқты еркін өседі. Тіпті шашын тақырлап алып, ұлдың киімін киеді. Мектепте оқып жүргенде жасаған тентектігі үшін бұрышқа тұрғызған мұғалімімен «ұстасып» қалады. Содан мұғалімге ерегісіп сабаққа бармайды. Үйдің іші де «Мұның қалай?» деп ұрыса қоймайды. Мұғалім үйге келіп, әке-шешесіне «Балаңыз сабаққа келмей жүр», деп ескертсе де, бала Орынбасар «оқымаймын» деп шорт кеседі. Сабаққа бармай қойған соң, әкесі 16 жасқа келгенде қызын Жездідегі тігін цехына жұмысқа орналастырады. Ол кезде цехта қазақ жоқ, кілең неміс ұлтының өкілі жұмыс істепті. Тігінші болып жұмыс істеп жүргенде атақты геолог Қаныш Сәтбаев «Руда салатын қалта керек, жәшік жоқ», деген соң, дорба тігіп береді.
Жұмысын істеп жүріп, 18 жасында тұрмысқа шығады. Жолдасы дүкенші екен. Жастардың тұрған жерінде жұмыс болмаған соң, Орынбасар «менің әкем» деп атап кеткен Қаныш Сәтбаевқа жұмыс сұрап барады. Қанекеңнің қамқорлығымен күйеуі Қумола деген елді мекенге дүкенші әрі шаруашылық басшысы болып жұмыс істейді. Бір күні «Қаныш Сәтбаев Қумолаға келейін деп жатыр, соған тамақ пісіріп беретін адам керек» дегенді естіп, өзі сұранып, қонақ күтудің қамына кіріседі. Қой сойдырады. Қасындағы 5-6 геологімен Қаныш Сәтбаевқа табақ тартып, қаймақ қосқан күрең шай береді. Демалсын деп ағаш үйге апарып, құс төсегін салады. Ертеңінде қазақтың қарынбүрме деген тамағын істеп, күтеді. Кетерінде риза болған ғұлама ғалым маңдайынан сүйіп, ақ батасын береді.
Тігіншіліктен қол үзбей, 1989 жылы зейнеткерлікке шығады. Он бала тәрбиелеп өсіреді. Әжейдің ине-жібі қолынан әлі түскен жоқ. Жергілікті тұрғындар тапсырыс береді.
Ұлытау облысы