• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кітапхана Бүгін, 10:47

Кітапханалар цифрлық трансформация үдерісін бастап кетті – Аида Балаева

40 рет
көрсетілді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «AIQYN» басылымына берген сұхбатында елдегі мәдени инфрақұрылым мен кітапхана саласында жүргізіліп жатқан өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі заман оқырманы мен тыңдарманы цифрлық кеңістікте өмір сүретіндіктен, мәдени мекемелердің де мазмұны осы үдерістерге сай жаңартылуы қажет.

«Өте орынды сұрақ. Шын мәнінде, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту – тек қабырғаны жөндеу емес, ең алдымен оның ішкі мазмұнын жаңарту. Қазіргі заманның оқырманы, көрермені, тыңдарманы  мүлде басқа. Олар жылдам ақпарат алады, цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан біз мәдени мекемелердің мазмұнын да сол үдерістерге сай бейімдеуіміз керек», деді министр.

Сонымен қатар Аида Балаева кітапханаларды интеллектуалды орталыққа айналдыру жолында бірқатар нақты қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.

«Кітапханаларға келсек, соңғы жылдары бұл салада бірқатар өзгеріс жүзеге асырылып жатыр. Жай ғана кітап сақтау орны емес, интеллектуалды орталыққа айналу жолында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана және өңірлік кітапханалар цифрлық транс­­формация үдерісін бастап кетті. Электронды каталогтар, онлайн қызметтер, цифрлық платформалар – бүгінде кітап­ханалар қызметінің ажырамас бөлігіне айналды», деді ол.

Алайда Аида Балаева қазіргі таңда кітапхана сөрелерінде оқырман сұранысын толық қанағаттандыра алатын заманауи жанрлар мен жаңа туындылардың жетіспейтінін тілге тиек етті. Бұл жағдай қорды жүйелі жаңартуды, әдеби үрдістерді бақылауды қажет етеді.

«Қазір, өкінішке қарай, оқырман іздеген жаңа туындылар, заманауи жанрлар, балама әдебиеттер кітап сөрелерінен табыла бермейді. Бұл – қорды жаңарту, жүйелі сараптау, нарықтағы әдеби үрдістерді бақылау қажет деген сөз», деді министр.

Аида Балаева заманауи әдебиетпен кітап қорын жаңарту қолға алынғанын, бұл тек көркем әдебиетке емес, сонымен қатар ғылыми-көпшілік, кәсіптік, мотивациялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған контентке де қатысты екенін айтты. Министр балалар мен жасөспірімдер арасында комикс, фэнтези, детектив, фантастика секілді жанрларға қызығушылықтың артқанын және бұл бағыттағы кітаптарды көбейту қажеттігін айтты.

«Қазіргі балалар мен жасөспірімдер комикс, фэнтези, детектив, фантастика жанрларына қызығушылық танытады. Бұл – олардың әдебиетке бастар алғашқы жолы. Сондықтан осы бағыттағы кітаптарды көбірек шығарып, қорларды жаңарту, заманауи авторларды қолдау – күн тәртібіндегі маңызды міндет», деді министр.

Сондай-ақ министр мемлекет тарапынан әдебиетке деген қолдау артып отырғанын атап өтті. Жыл сайын өткізілетін әдеби байқаулар мен зерттеулер соның дәлелі.

«Біз өткен жылдары егемен тарихымызда алғаш рет республикамыздағы бүкіл кітапхана қорына тиянақты талдау жүргіздік. Нәтижесінде, түйген түйініміз – елде бар кітаптың саны көп, бірақ саласы жұтаң. Айналдырған төрт-бес автордың бір тақырыптағы кітаптары бірнеше мәрте өзгертіліп, қайта-қайта басыла берген», деді Аида Балаева.

Ақпарат министрі мысал ретінде белгілі классик жазушының 1 174 кітабы 26 804 данада болса, ортаңқол автордың 1 012 кітабы 34 746 данамен таралғанын атап көрсетті. 

«Қазіргі әдебиетте қазіргі заман адамының көркем бейнесі, Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы келбеті, жаһандану кезеңіндегі ұлттық болмыс, ғылым мен технология тақырыптары әлі де жеткілікті қамтылмай отыр», деп түйіндеді А.Ғалымқызы.

Айта кетейік, Ел Президенті «кітап оқитын ұлт» бастамасын көтеріп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырған болатын. Осы орайда, мәдениет министрлігі отандық кітапханалар мен әдебиет саласын жан-жақты дамытуға күш салып келеді.