• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

Аида Балаева: Қағаз тозады, цифрлық нұсқа – мәңгілік

30 рет
көрсетілді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында мәдениет саласындағы цифрландырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру – есеп жүйесін жаңартумен шектелмейді, бұл – ұлттық мұраны сақтап, оны әлемге танытудың, келешек ұрпаққа жеткізудің заманауи тәсілі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр мәдениет пен өнердің шекарасыз қолжетімділігіне қол жеткізу үшін цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін айтты. Ол соңғы жылдары мәдени нысандарды цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

Атап айтқанда, биыл іске қосылатын E-museum веб-порталы – Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы болмақ. Бұл платформа арқылы қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгіде, интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында мемлекеттік музей қоры электронды форматта үздіксіз жаңартылып отырады.

Сондай-ақ «Айша бибі кесенесінде» электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары басталған. Бұл жүйе бейнекамера, турникетпен жабдықталып, face ID немесе ID-карта арқылы кіру мүмкіндігін ұсынады. Осындай жүйелер «Әзірет Сұлтан», «Отырар» музей-қорығы, «Қарахан кесенесі» сынды тарихи нысандарда да енгізіледі.

«Мәдениет цифрланбаса – ол тұйықталады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Демек, егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны солардың тілімен, цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады әрі әлемнің кез келген жерінен қолжетімді болады», – деді Аида Балаева.