• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 10:00

Ел байлығын еселегендер

30 рет
көрсетілді

Қазақ мұнайының тарихы Қара­шүңгілден басталады. ХІХ ғасыр­­дың соңында осынау өлкеден табыл­ған бір тамшы мұнай бүгінде ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Қыркүйектің алғашқы жексенбісі – осы салада еңбек ететін мамандардың кәсіби мерекесі.

Қазіргі уақытта отандық мұнай-газ саласында 1,1 млн адам жұмыс істейді. Бүгінде еліміз жылына миллиондаған тонна мұнай өндіріп, айбынымыз асып, мерейіміз өсіп жатса, мұның бір­ден-бір себепкері – әрине, қарапайым мұнай­шы­лар. Солардың бірі – «Қаражанбасмұнай» кәсіпорнында 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сабыр Киікбай. Ол әуелде бу өндіру цехында алдымен химия­лық су тазарту аппаратшысы болып жұ­мыс істеген. Қазіргі қызметі – бу генераторлық қондырғысының 5-дәрежелі машинисі. Әдетте бу цехы өндірістің жүрегі саналады. Себебі Қаражанбас – мұнайы қоюлығымен, шайырлылығымен ерекшеленетін еліміздегі бірегей кен орны. Мұнаймен бірге шыққан соң бірнеше кезең бойы тазартылған судан бу өндіріп, оны жер қабатына айдау үдерісі әсте оңай шаруа емес. Сабырға күн сайын газбен, жоғары температура және қысыммен жұмыс істеуге тура келеді.

«Бу өндіру ісі көзге көрінбе­генімен, алып қондырғылар арқылы жүзеге асатын үлкен жұ­мыс. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың ыстығында күн райымен санаспай еңбек ету – бізді мықты маман етіп қалыптастырып келеді. Ел экономикасын өрлету жолында бәріміз жұдырықтай жұ­мы­­лып, тер төгуіміз керек. Әлем­нің алпауыт елдерімен иық те­ңес­тіруге әр еңбек адамының қо­с­ар үлесі орасан зор», дейді Сабыр.

Маман айтқандай, еліміз бұл күнде әлемдегі алпауыт мұнай өндіруші елдер қатарын­да. 2024 жылдың қорытынды­сын­да 87 млн тонна мұнай өндіріл­ді. Теңіз кен орнын кеңей­ту мен Қарашығанақ және Қашаған жобаларын дамыту нәтижесінде өндіріс деңгейі 96 млн тоннаға жеткізілуі мүмкін. Негізгі стратегиялық міндет – 100 млн тонналық межені бағындыру. Мұны шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағындырылуға тиіс негізгі белес ретінде атаған еді.

«Шетелдік инвесторлар капитал, алдыңғы қатарлы технология және біліктілігі жоғары жұмыс күші түрінде инвестиция­лар ұсынып жатыр. Инвестиция біздің энергетикалық саланың өсуіне ықпал етті. Кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі 2 есе ұлғайды. Бұл жетістік елімізге мұнай өн­ді­рісінің өсу көрсеткіші жоға­ры бес елдің қатарына кіруіне мүм­­кіндік берді. Енді біз келешекте жылына 100 млн тонна мұ­най өндіру шегінен де асқымыз келеді», деген еді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, тағы бір білікті мұнайшы Қадор Әжібекұлын да атап өткен абзал. Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) тәжірибелі маманы ұзақ жыл бойы күкірт өндіру және газдарды тазарту учаскелерінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Бүгінде ол – технологиялық қон­дыр­ғылардың 6-разрядты опера­то­ры. Жалпы, осы сала­дағы ең­бек өтілі – 40 жыл. Осын­­шама уақыт бір бағытта ең­бек ету маманның адалдығы мен табандылығын айғақтайды. Қадор ПМХЗ-да заманауи өн­діріс­­тік технология­ларды, жаңа ш­е­шім­дерді енгізуге белсене ара­­ласып, еңбегінің жемісін көріп, түр­­лі салалық марапатқа да ие болды.

«Осы зауытта жұмыс іс­теуімді өмірімдегі ең маңыз­ды әрі дұрыс таңдау деп есеп­теймін. Мұнда жастар үшін де үлкен мүмкіндік бар. Оларға білгенімізді үйретіп, кейде олардан да көп нәрсені үйреніп жатамыз. Мен әрқашан кәсібилікті, адалдықты және жұмысқа деген махаббатты басты ұстаным етемін. Біздің әрбіріміз отандық мұнай саласы іргетасының берік, қабырғасының мықты болуына үлес қосып жатырмыз. Бұл – өте жа­уапты іс», дейді ардагер маман.

Расымен, осындай өз ісіне жетік қызметкерлердің арқасында сала дамуы қарқын алып келе жатыр. Теңіз кенішін кеңейту нәтижесінде, ол 2023 жылы толық іске қосылып, қосым­ша 12 млн тоннаға дейінгі өн­діріс қуатын қамтамасыз етті. Қа­шаған 2024 жылы мұнай өндіру көлемін 20%-ға арттырды. Бұл әлемдік нарықта Қазақстан үле­сін сақтауға мүмкіндік берді. Аты­рау, Павлодар, Шымкент мұ­най өңдеу зауыттары кейінгі жылд­ары толық жаңғыртылып, елі­міз­дің ішкі нарығын жанар-жағар­маймен 100% қамтамасыз етті.

Қазір еліміз мұнай өндірі­сін жүйелі түрде орындау және көрсеткіштерді жақсар­ту тұр­ғысынан тиімді қадам­дар жасай бастады. Алды­мен 2025–2040 жылдарға арнал­ған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекі­тілді. Құ­жат мұнай өңдеу зауыт­тары­ның қуатын қазіргі 18 млн тоннадан 29 млн тоннаға дейін кеңейтуді көздейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, бұл отын қауіпсіздігін күшейтіп, ішкі нарықтың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, бензин өндірісі 8 млн тоннадан асып, К5+ экокласты дизель отыны 9 млн тоннадан артық өндіріле бас­тайды. Ал авиаотын көлемі екі есеге жуық артып, жылына 1,5 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған. Әлбетте, еліміз шикі мұнайды экспорттаушы ел мәртебесін місе тұтпақ емес. Қазіргідей жаһан экономикасы құбылып тұрған заманда мұнай-химия өнеркәсібін тиімді дамыта білу де өте маңызды. Сондықтан жақын болашақта мұнай өң­деу зауыттары жаңғыртылып (бәлкім, жаңалары салынып та қалар), қосымша құны жоғары өнімдер өндіруге ден қойылмақ.

Салаға жастардың да лек-легімен келіп жатқаны белгілі. Жандос Шәкенбаев мұнай тасымалдау саласына 2013 жылы аяқ басқан. «ҚазТрансОйл» АҚ-ға қарасты Жез­қазған мұнай құбыры басқар­масының құрылымдық бөлім­шесі құрамындағы Байқа­дам Жұмағалиев атындағы бас мұнай айдау стансасында оператор болып істейді. Ол жақында Ресейдің Түмен қаласында өткен «Үздік маман – 2025» халықаралық кәсіби шеберлік байқауында «Мұнай айдау стансасының операторы» аталымы бойынша 1-орынды иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.

«Жарыс өте тартысты өтті. Оған қатысуға жағдай жасаған әрі сенім артқан компания басшылығына рахмет. Әрине, халықаралық кәсіби байқаудың жеңімпазы атану маған үлкен мақтаныш. Болашақта да осы деңгейден көрінуге тырысамын», дейді Жандос Шәкенбаев.

Мұнайшылар күні – тек бір саланың кәсіби мерекесі ғана емес, ұлттық экономиканың жүрегінде тұрған еңбек адамдарына көрсетілер құрмет. Отандық мұнай саласы алдағы онжылдықта да ел дамуының негізгі тетігі болып қала береді. Дегенмен әлемдік трендтерге сай мұнайды өңдеу деңгейін арттыру, экологиялық талаптарды қатаң сақтау мен энергия көздерін әртараптандыру – бас­ты міндеттердің қатарында.