Бала болған соң, бір-бірімен шекіспей тұрмайды. Алып-ұшқан адуынды мінезімен алды-артын аса бағамдай бермейтін жасөспірімдер төбелесінің салдары кейде үлкен дауға ұласып жатады. Тіпті қораз төбелестіргендей қаумалаған құрбы-құрдастары олардың видеосын желіге жүктеп, оның арты қоғамдық резонанс тудырады. Бір қызығы, мектептен жырақ жерде, сабақтан тыс уақытта болса да оқушылардың оғаш әрекеттеріне ата-ана емес, алғы кезекте мұғалім, мектеп әкімшілігі жаза арқалайды. Бұл қаншалықты әділетті?
Әрине, мысал келтірсек, әлеуметтік желіде жасөспірімдердің бұзақылығына қатысты контенттер, бейнематериалдар жетіп-артылады. Оның қайсыбірін айтамыз. Өзекті өртейтіні бұл әлеуметтік үдеріске қоғамның еті де үйреніп кетті. Ал оған ата-ананы емес, алдымен мұғалімді кінәлап, істі жылы жауып тастау да үйреншікті әдетке айналып барады. Әділетті елге бетбұрыс жасап, заң мен тәртіпке сүйенген қоғамға айналғымыз келсе, мұндай келеңсіздікті жүйелемей, мақсатқа жете алмасымыз анық.
Әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, қоғамдық кері кетушілік әрекеттерге үн қатып жүретін қоғам белсендісі, кәсіпкер Мейрамбек Пазылбеков жуырда «Facebook»-тегі парақшасында білім саласындағы келеңсіз жайттарға кезекті мәрте пікірін білдірген. Ол жазықсыз жасөспірімнің ажал құшқаны үшін оқу орны басшылығының жазаға тартылғанына қарсы.
«Қаскелеңде бір оқушы екіншісінің жүрегіне шампур сұғып, өлтіріп қойған. Бәрі – арақтың кесірі. Салдарынан сол мектептің директоры жұмыстан қуылып, орынбасары мен сынып жетекшісі қатаң сөгіс алды. Оқиға қала сыртындағы коттеджде сабақтан тыс уақытта болған. НЗМ-ге қатысты неше күннен бері мыңдаған адам «Педагог мәртебесі туралы» заңды алға тартып жатыр. Жақсы, дұрыс дейік. Ал мына жағдайда қызға араша түскен, ішімдік ішпеген бала ажал құшып, қайғылы оқиға болды. Оған мектеп басшысы мен ұстаздардың қандай кінәсі бар? Олар өз міндетін адал атқарып, ата-аналардың чаттарына алдын ала ескертулер таратқан. Сонда аталған мұғалімдерге «Педагог мәртебесі туралы» заң жүрмей ме? Олардың құқығы қорғалмай ма? Әлде заң тек НЗМ үшін жазылған ба? Неге министр, вице-министр бұл жағдайға қатысты әділ шешім шығармайды? Бір уақытта болған екі жағдайда бір-біріне қарама-қайшы шешім қабылданды», деп жазған қоғам белсендісі мұны «қос стандарт» деп бағалады.
Ал «Qazbilim Group» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанмен байланысқанымызда бұл мәселені «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданар алдында көтергендерін айтты. Яғни мұғалімнің құқықтары мен міндеттері айқындалса деген ұсыныстары болған екен.
– Аталған заңда осы тұс толық айқындалмай қалды. Жалпы, мұғалімдер құқығы мәселесінде бала құқығы туралы нормаға, ата-ананың міндеті мен жауапкершілігіне қатысты нормаға байланысты өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Яғни мұғалімнің, мектеп әкімшілігінің жауапты кезеңі мен ата-ананың жауапты кезеңі ашық, айқын көрсетілуі тиіс. Сабақтан тысқары уақыттың бәрін ата-ананың жауапкершілігіндегі дүние деп қарауымыз керек, – дейді А.Ахметжан.
Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов та бейжай қарамай, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Ерболат Байұзақұлы кейінгі кездері сабақтан тыс уақыттағы оқушылар төбелесінің жиілеп кеткеніне, оған тек білім беруші тараптың ғана кінәлі бола беретініне алаңдаушылық білдірді.
«Біз бұл үрдісті өте алаңдатарлық деп санаймыз. Өйткені мектеп басшылығы тек оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға жауапты екенін жақсы білеміз. Ал сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезеңінде болған оқиғалар үшін оларды жазалау – әділетсіздік. Бұл мәселе әсіресе ауылдық елді мекендерде ушығып тұр. Бүгінде ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткерлер табу қиын», дейді депутат Е.Саурықов.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде өршіп тұр.
«Ертең мен де жұмыстан шығып қаламын ба? Негізсіз жауапкершілікке тартылам ба?» деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың арасында күнделікті қалыпты жағдайға айналды. Аталған мәселелер, әсіресе Жамбыл, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында ушығып тұр. Бүгінгі күннің өзінде мектеп басшылығына бос орындарға кадр табылмай отыр. Біздің көтеріп отырған мәселеміз тек кадрға қатысты емес, бұл – ауыл мектебінің тағдыры туралы түйткіл. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса, онда алтын бесіктегі балалардың да болашағына қауіп төнеді деген сөз», деген Мәжіліс депутаты қолданыстағы заңнамаға сүйенсек, «Білім туралы» заң бойынша мектеп басшылығы оқу-тәрбие үдерісіне жауап беретінін алға тартып отыр.
Оның айтуынша, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексте ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттері көзделген, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған. Алайда жүргізілген талдау барысында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңда кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға қатысты бірде-бір нақты және толыққанды норма жоқ екені анықталыпты.
Сондықтан Е.Саурықов бастаған сауалға мүдделі депутаттар тобы бұл жағдайды құқықтық олқылық деп есептейді, оны заңнамалық тұрғыдан толықтыру қажеттігін айтты.
«Жалпы, мектеп директорлары мен меңгерушілерді мектептен тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезіндегі оқиғалар үшін жазалау, тәртіптік шара қолдану немесе жұмыстан босату заңға да, логикаға да қайшы келеді. Біздің ойымызша, бұл мәселені шешуде халықаралық тәжірибеге де назар аудару қажет. Барлық дамыған елде мектеп басшылары оқу үдерісі мен ресми мектеп іс-шаралары аясында ғана жауап береді. Басқа жағдайларда ата-аналар толық жауапты. Бұл – әділетті және тиімді тәсіл», дейді Е.Саурықов.
Міне, осындай аргументтерді тізіп шыққан «Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметке нақты ұсыныстарын да берді.
Алдымен, мектеп басшыларын мектептен тыс уақытта және каникул кезеңінде болған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуға болмайтынына ресми түсіндірме беру қажеттігін талап етсе, екіншіден, «Білім туралы» және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңдарға нақты түзетулер енгізіп, осы мәселені реттеу қажет деп санайды.
Үшіншіден, «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға арнайы норма енгізіп, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу тетіктерін егжей-тегжейлі анықтап көрсету қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ бұл нормаларда ата-аналардың жауапкершілігі бірінші кезекте екенін заң деңгейінде нақтылап көрсету керектігін ескертті.
Төртіншіден, ауыл мектептерінде кадр тапшылығының алдын алу үшін педагогикалық қызметкерлердің құқықтық қорғалуын күшейту жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды ұсынамыз.
Бесіншіден, депутаттар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, оқушылардың сабақтан тыс және демалыс кезеңіндегі мінез-құлқы үшін ата-аналардың жауапкершілігін нақтылайтын қосымша нормалар әзірлеу қажет екенін атап өткен.
Бұл депутаттық сауалға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жауап қатыпты.
Ол «Педагог мәртебесі туралы» заң нормасына сәйкес, педагогтер, оның ішінде мектеп басшылығы (директор, директордың орынбасарлары) өздерінің кәсіби қызметіне жатпайтын, яғни сабақтан тыс уақытта болған оқушылардың құқық бұзушылықтары үшін жауапты еместігін жеткізген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте «Педагог мәрбесі туралы» заңын бұзу түрінде жасалған бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте педагогтер құқықтарының қорғалуы заңнама деңгейінде реттелген. Ата-аналардың жауапкершілігі (оның ішінде балалардың оқудан тыс кезінде) туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» тұжырымдамалық жаңа бірыңғай заң жобасы әзірленді. Заң жобасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған арнайы шаралар көзделген. Атап айтқанда, баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу тәртібі регламенттелген, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарға қатысты жеке профилактикалық шараларды қолдану ерекшеліктері айқындалған. Сондай-ақ профилактика субъектілерінің саны ұлғайтылып, олардың жауапкершілік аймағы нақтыланды», дейді Е.Көшербаев.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес, ата-аналар өз баласын тәрбиелеуге, адамгершілік тұрғысынан, рухани дамытуға міндетті әрі жауапты екенін жеткізген. Ал кәмелетке толмаған баласына дұрыс күтім жасамай, қауіпсіздігіне селқос қараған ата-ана немесе оның заңды өкілі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да қоса кетіпті.
Вице-премьердің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері 3 мыңнан аса қараусыз қалған жасөспірімдер бейімдеу орталықтарына жеткізілген. Ал түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 63 мыңнан аса жасөспірім, 1,3 мыңға жуық кәсіпкер, 12 мыңнан аса ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.
Қалай десек те, Е.Көшербаевтың депутат Е.Саурықовтың сауалына жолдаған жауабынан ата-аналардың баласы үшін жауапкершілігі заңнамада қарастырылғанын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмыс жаңа заң аясында күшейтілетінін ұқтық. Нәтижесін уақыт көрсетер. Оған қоса вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің құқықтарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатқанын да жеткізіпті.