Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «AIQYN» басылымына сұхбат берді. Мәдени саладағы өзгерістер мен жетістіктер қамтылған сұхбат барысында «Музейлердің жай-күйі қалай?» деген сұрақ қойылып, сала басшысы тұщымды жауабын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, жалпы, мәдени нысандарды жаңарту, қалпына келтіру, заманға сәйкес қайта бейімдеу жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Президенттің өнер саласын қолдауға қатысты үндеуіне кәсіпкерлер, демушілер қолдау білдіріп, атсалысып келеді. Оның ішінде музейлердің де орны ерекше.
«Мәселен, Орталық мемлекеттік музейдің желдету жүйесін жөндеу мақсатында «Болат Өтемұратов» қорымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы орайда мәдениет ұйымдарының жұмысына демеушілік көрсетіп жүрген Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, Senim Qogamy қорына және басқа да отандық кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.
Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің шатыры жаңартылып, экспозициялық залдары жөнделіп жатыр. Сонымен қатар музейдің салқындатқыш жүйесі – «чиллер» толықтай ауыстырылады. Бұл жұмыстар республикалық бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен атқарылып жатыр», деді Аида Балаева.
Сала министрі Қастеев музейінде жуырда болған жағдайға да қысқаша түсініктеме берді.
«Шілде айында музей EfesArt Space жобасымен бірлесіп, бірнеше маңызды көрме ұйымдастырды. Бұл серіктестік заманауи өнер мен әлеуметтік маңызды тақырыптарды қолдауға бағытталған. «Әйел еңбегі» атты қайырымдылық көрмесінің ашылуы музей жұмысынан кейін алдын ала шақырылған, жасы 21-ден асқан қонақтардың қатысуымен өтті. Келісім бойынша музейде алкогольсіз сусындар ұсынылатын фуршет өткізуге рұқсат берілген. Алайда кейтеринг қызметін көрсеткен компания бұл талапты бұзып, құрамында алкоголь бар сусындарды да ұсынған. Осы оқиға бойынша жауапты тұлғалар анықталып, «Эфес Қазақстан» компаниясына әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Музей басшылығына да ресми ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бақылау күшейтіледі», деді министр Аида Балаева.
Аида Ғалымқызының айтуынша, кез келген өркениетті елдің рухани бейнесі – оның мәдени мекемелерінің жағдайынан көрінеді. «Егер біз өз тарихымызды құрметтесек, өнерге деген құрметімізді нақты іспен көрсетуіміз керек», деді министр.