• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Ауыл шаруашылығы санағына кімдер қатысуы керек

30 рет
көрсетілді

Биыл елімізде 1 тамыз - 20 қазан аралығында арнайы веб-порталда өзін-өзі толтыру әдісімен ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақтың бірінші кезеңі 1 тамыздан 31 тамызға дейін, деп жазады Egemen.kz.

Осы уақыт аралығында барлық қатысушы sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта санақтан өте алады. Сайтта ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама парағы болады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнамада тоғыз бөлімнен тұратын 29 сұрақ қамтылған. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек.Сондай-ақ сауалнамада шаруашылықтағы мал, құс, балық саны, қолданылатын техника, құрал-жабдықтар, қоймалар, сақтау орындары мен басқа да қажетті нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сондай-ақ жұмысшылардың саны мен олардың сипаттамасы жөнінде де мәлімет береді.

Егер шаруашылық бірнеше өңірде қызмет жүргізсе, әр өңір бойынша жеке бөлімді толтыру қажет. Бұл парақта жер учаскелерінің, егістік алқаптарының, мал мен құстың нақты орналасқан жері көрсетілуі тиіс.

Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, сондай-ақ өнімнің сатылатыны немесе жеке тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады.Бюро барлық ұсынылатын ақпараттың құпиялылығын сақтап, деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заңымен қорғалатынын және салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейтінін мәлімдеді.Санақ аясында еліміз бойынша шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы ұйымын және 2 млн үй шаруашылығын қамту жоспарланған. 

Бірінші кезеңнен кейін сауалнаманы толтырмағандардың тізімін жасау үшін 20 күн ішінде мәліметтер өңделеді.20 қыркүйектен 20 қазан 30 күн аралығында, санақ қызметкерлері жеке әңгімелесу әдісі және планшеттерді қолдану арқылы санақ жүргізеді. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізде ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өткен болатын.