Павлодарда полиция қызметкерлері түнгі уақытта ұйымдастырылған заңсыз автожарысты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері рейд жүргізген. Нәтижесінде, жас жүргізушілердің түнгі мезгілде жарыс ұйымдастыруды жиілеткені белгілі болды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаңдаған тұрғындардан «102» арнасына және басқа да байланыс арналары арқылы бірнеше шағым түскен.
Мәселен, бір азамат «әуежай ауданы маңында сағат 22:00–ден кейін жастар жоғары жылдамдықпен жарысады» деп хабарлаған.
Полиция дереу аталған аумаққа барып, жол қауіпсіздігін бұзғандардың әрекетін тоқтатты. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, заңсыз автожарыстарға қатыспауға және адам өміріне қауіп төндіретін маневрлер жасамауға шақырады.