• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Жоспарлау мен игерудің арасы

90 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында 2024 жылы қазынаның 16,9 млрд теңгесі игерілмепті. Экономика басқармасының басшысы Нұржан Мақсаттың түсіндіруінше, республикалық бюджеттің қолма-қол ақша бағыттау шотындағы қаржы жетіспеушілігіне байланысты 9,6 млрд теңге аударылмай қалған: «Ауыл аманаты» жобасының 8,6 млрд теңгесі мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған 912 млн теңге көлеміндегі бюджет несиесі түспеген. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі арзан бағадағы қантты жеткізбекші болған жосықсыз мердігер 1,2 млрд теңгені иеленіп, өнімді әкелмеген. Игерілмеген соманың ішінде Ұлттық қордың 136 млн теңгесі, республикалық бюджеттің 15 млн теңгесі, Үкімет резервінің 417 млн теңгесі және жергілікті бюджеттің 6,7 млрд теңгесі бар. Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан Ақтөбе облысына бөлінген нысаналы трансферттің 1,1 млрд теңгесі кері қайтарылыпты.

Қазына қаржысын игермеген аутсайдерлер тізімінде жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (1,9 млрд тг), энергетика және тұрғын үй-коммуналдық бас­қар­масы (6,624 млрд тг) тұр. Экономика басқармасының талдауына қарағанда, қаржы игерілмеуінің негізгі себептері – республикалық бюджеттен аударылатын нысаналы транс­ферттердің кеш түсуі, мер­дігердің жұмысты мерзімінде аяқтамауы және атқарылған жұмыс актілерінің болмауы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасында келісімшарт міндеттемелерінің уақтылы қабыл­данбауы, ағымдағы жұмыс тө­лемдерінің нақты көрсетіл­ген қызмет түрлеріне ғана жүргізілуі.

2024 жылы жергілікті бюджетке 604,3 млрд теңге түсім түскен. Облыстық бюджеттің кірісі – 555,2 млрд теңге, шығысы – 616,8 млрд теңге. Былтыр бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға 633,7 млрд теңге қаралса, соның ішінде облыстық бюджеттің 25%-ын құрайтын даму бюджеті 156,3 млрд теңгеге тең. Даму бюджеті аясында 94,8 млрд теңгеге 293 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы көз­ден мектеп, балабақша, аурухана, жол, инженерлік-коммуни­кациялық желі, тұрғын үй құры­лы­сы мен күрделі жөндеу, қор­шаған ортаны қорғау іс-шара­лары, спорт, мәдениет сала­сының іс-шаралары жос­парланады. Соған қарамас­тан, Даму бюджетіндегі 88 мақсатты индикатордың 15-і орындалмаған.

2024 жылы салық берешек­тері 2023 жылмен салыстырғанда 2,9 есе төмендеп, оң нәтиже көрсетті. Кірістердің ең жо­ғарғы үлесі – трансферттік түсімдер. Егер өткен жылы рес­публикалық бюджеттен 388,8 млрд теңге (кірістің 72,1%-ы) трансферт түссе, биылға транс­ферт 318 млрд теңге деп жоспарланған.

Орындалмаған жобалардың көбі – уақытында салынбаған әлеуметтік нысандар, «сақалды құрылыстар». Әлеуметтік нысан құрылысы келесі жылдарға созылып кетсе, құрылыс материалдары ай сайын қым­бат­тап жатқан тұста, бұл да қосымша шы­ғынға әкеледі. Бөлінген қар­жы жетпеген соң қосымша қаржы көздерін іздеуге тура келеді. Сапасыз салынған үйлер, мезгілінде аяқталмаған нысандар үшін бас мердігермен бірге жобалаушылар мен сызбадағы идеяның орындалуын құрылыс алаңында тексеретін авторлық бақылаушылардан да қатаң сұраныс болуға тиіс. Алайда жобалаушылар нысанға бөлінген сомадан үлкен көлемде қаржы алып отырса да, жауапқа тартылмайды.

«Инвестициялық жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру немесе бөлінген қаражатты кері қайтару деректері кездеседі. Мәселен, қаланың коммуналдық желілер құрылысы мен қайта жарақтандыруда осындай кем­шілікке жол берілді. Негізі, мұндай жобаларды алдын ала жан-жақты талдау негізінде ғана қолға алу керек. Бізде талдау, алдын ала сараптау жағы кемшін», дейді депутат Боран Ізбасов.

Облыс әкімі Асхат Шахаров­тың айтуынша, бюджет қар­жысын үнемдеу бойынша 30 млрд теңгеге жуық қаржы қыс­қар­тылса да, өңірдің стра­тегия­лық дамуын айқындайтын – Да­му бюджеті сол күйінде қалды.

«Әсіресе жолдарды жөндеуге қаржыны көбейттік. Соған қарамастан, кейбір бюджеттік бағдарламалар арасында тиімсіз жоспарлау жойылмай отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 8,653 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдар­ламасымен бөлінген 3,5 млрд теңге жеңілдетілген несие қара­жаты игерілмеген. 24 млрд теңгенің жобасы тиімсіз жос­парланып, 16 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Осы жағынан әр депутат бағдарламаларға бөлінетін қаржыны бекітер алдында терең талдау жүргізгені жөн. Мақсатсыз шығын болса қысқарту керек», дейді.

Аймақта қазына қаржысын игеруде осындай түйткілді мәселелер туындап жатыр. Жоғарғы аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысы бюджет қаржысын игеруге қатысты шектік 50 ұпайдың 46,5-ін алған.

 

Ақтөбе облысы