• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2025

Елордалық құтқарушыларға пәтер кілті табысталды

60 рет
көрсетілді

Бүгін Астана қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау органдары бөлімшелерінің қызметкерлеріне жаңа пәтерлер мен қызметтік автокөліктер табысталды. Құтқарушылардың әлеуметтік әлеуетін көтеріп, алаңсыз азаматтық міндетін атқаруға атсалысатын шараға Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов қатысты, деп жазады Egemen.kz.

2024 жылы Астана қаласының ТЖД қызметкерлеріне 50 пәтер берілген. Үздік үрдісті жалғастыру мақсатында бүгін 15 маман пәтер кілтін қолына ұстады. Жаңа қоныс иелерінің қатарында құтқарушылар, жүргізушілер және бөлімше командирлері бар. Олардың басым бөлігі салада ондаған жылдар қалтқысыз қызмет етіп келеді. Еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған  Серік Есенов бүгінде аса маңызды нысандарды қорғау бөлімін басқарады. Келер жылы зейнетке шығатын ол бас қаладан баспаналы болуын еңбектің өтеуіне балайды.

«Кейінгі жылдары құтқарушылардың жағдайын оңалтуға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп жатыр. Жақында өрт сөндірушілерге де тұрғын үй төлемі берілетіні туралы хабар да көңілге қуаныш сыйлады. Бұдан бөлек техникалық база да жаңартылып жатыр. Мұның бәрі мінсіз қызмет етуге едәуір ықпал етеді», деді ол.

Құтқарушыларға берілген баспана тек сала саңлағының ғана емес - оның отбасының да ортақ жеңісі. Енді Серіктің жұбайы Анармен бірге тәлім құйып отырған 3 баласы да өз үйінде еркін ер жетеді.  Жанұя тарихында қалатын айтулы күнде  Анар Есенова күн-түн қызмет жолында қаймықпаған жұбайының еңбегі еленгеніне дән риза.

«24 жыл құтқарушы болып қызмет еткен жолдасым жұмысына қатысты еш шағым айтып көрмепті. Мен мұнысын әр күні қауіп-қатермен бетпе-бет келсе де жұмысын жақсы көретіні деп түсінемін. Жолдасымның қызметінің қиын тұсын біз де терең түйсінеміз. Сондықтан жұмысына Аллаға аманат етіп шығарып саламыз. Бүгін міне, министрдің қолынан пәтер кілтін алды. Бұл  - әркімге бұйыра бермейтін бақ, мәртебе», деді Анар Нұрбекқызы.

Құтқарушыларды заманауи техникалармен қамтамасыз ету де қызметтің тиімділігін арттырып, адам өмірін дер шағында арашалауға айтарлықтай көмек. Бүгінгі шарада техникалық базаны да жаңарту назардан тыс қалмай, 18 ТЖМ құрамдары 18 автокөліпен толықты. Көлік кілтін алғандар арасында жедел құтқару жасағының бөлімше командирі Азамат Бердіқұлов та бар.

«2015 жылдан жедел құтқару саласында қызмет етіп келемін. Қазіргі уақытта технология түрленіп, заманауи құрылғылар шығып жатыр. Оның бәрі адам өмірін жеңілдетіп немесе сақтауға арналған деп айтуға болады. Біз осындай маңызды іспен айналысатындықтан технологиялық жетістіктерді игеруіміз керек. Жетілдірілген көліктер бізге осындай мүмкіндіктер береді. Былтыр ел аумағында болған су тасқыны кезінде балшық жолдармен қиындықсыз өткен осындай типтегі көліктер көбейгені қызметтегілер мен халық үшін ортақ пайда», деді Азамат Бердіқұлов.

Сала басшысы Шыңғыс Әрінов, өз кезегінде құтқарушыларды өмірлік қажеттіліктермен қамтамасыз ету олардың басты іске – адам өмірін құтқаруға толық көңіл бөлуге жағдай жасайтынын атап өтіп, игі бастама жалғасатынын жеткізді.