Ел үкіметі алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіруге бұрыннан көп көңіл бөледі. Әсіресе, кейінгі жылдары ауылда медициналық ұйымдарды көбейтуге, керек-жарағын түгендеуге басымдық берілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елде қазір халық саны 20 миллионнан асады. Халықтың шамамен 38%-ы ауылда тұрады. Оларға ұзын-саны 677 бастапқы денсаулық сақтау нысаны көмек көрсетеді. Нысандардың 62%-ы қалаларда, 38%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Мемлекеттік ұйымдар бекітілген халықтың 75 пайызына, яғни 15 млн-ға жуық адамға, ал жекеменшік ұйымдар 25%-ға, нақтыласақ 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетеді. Учаскелер құрылымының 80 пайызын жалпы практика дәрігерлері, 13 пайызын педиатриялық учаскелер, 6 пайызын терапевтік учаскелер құрайды. Жуырда өткен баспасөз мәслихатында «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» директоры Айгүл Қасымова Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Бастапқы денсаулық сақтаудың негізгі нормативтік құжаттарының бірі №49 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарты саналады. Жаңа өзгерістерге сай қазір денсаулық сақтау дәрігерінің қабылдау ұзақтығын ұлғайту ұсынылды. Яғни, егер бұрын әріптестер пациенттерді 4-5 сағат қабылдаса, қазір бұл уақыт 6 сағатқа дейін созылады. Бұл пациенттерді мұқият тексеруге, тиімді ем тағайындауға, динамикалық бақылауды сапалы жүргізуге, сондай-ақ бастапқы денсаулық сақтаудың маңызды бағыттарын – аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға мүмкіндік береді», деді Айгүл Қасымова.
Саладағы кейінгі өзгерістерге сәйкес, пациенттерді мейіргерлер де қабылдай береді. Бейінді мамандарға өзін-өзі жазу мүмкіндігі іске қосылады. Пациенттерді кезек бойынша емес, кесте бойынша қабылдау жоспарланыпты. Әсіресе, жоспарлы госпитальдау алдындағы консультациялық-диагностикалық қызметтер оңтайландырылған. Мобильді бригадалардың рөлі кеңейіп, МСАК ұйымдарында шұғыл көмек кабинеттері ашылып жатыр. Сондай-ақ биыл диагностикалық әдістерді жаңарту және мақсатты топтарды кеңейту арқылы ауруларды ерте анықтауға және алдын алуды жақсартуға бағытталған скринингтік бағдарламаларды жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мұның барлығы түптеп келгенде алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіруге септігін тигізеді.