• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология 24 Шілде, 2025

Елімізде су тазартатын мембраналар өндіріледі

70 рет
көрсетілді

«Экотэк Инжиниринг» компаниясы Сәтбаев университетімен бірлесіп су тазарту жүйелеріне арналған спиральды мембраналарды өндіре бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан Membraneco жобасы су тазарту технологияларының озық әдістерін өндіріске енгізіп отыр. Кері осмос технологиясы бойынша іске асатын жоба импортты алмастыруға негізделген әрі өнеркәсіптегі тың ғылыми бағыт ретінде дамитын болады.

Өндірістік желілер «Алатау» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазіргі кезде кәсіпорын RFID белгілерімен жабдықталған алғашқы өнімін  шығара бастады. Цикл цифрлық жүйемен басқарылады.

Бұған дейін су жүйесіне  арналған барлық мембраналар шетелден жеткізіліп келген болса, енді ғылым мен бизнестің ықпалдастығы аясында өз елімізде мембраналарды шығару жолға қойылып, Маңғыстау сияқты өңірлерде суды тазарту мен тұщыту барысында қолданылатын болады.

Жақында «Самұрық-Қазына Контракт» АҚ өзара міндеттемелердің орындалуына қатысты жоспарлы мониторинг жүргізіп, кәсіпорында жобаның сәтті жүзеге асып жатқандығын бағалады.  «Су тазартатын өндірістік цикл еліміздің индустриялық әлеуетінің дамуына қосқан зор үлесіміз болмақ.  Мониторингтен сәтті өту – ұлттық компаниялармен өзара әрекеттің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етумен қатар ары қарай да ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайындығымызды, қабілетімізді көрсетеді» дейді  «Экотэк Инжиниринг» компаниясының басшысы Ануар Дукумбаев.

Сәтбаев университеті ғылыми сараптама жасап, зертханалық база мен өндірістік алаңдарды ұсынумен қатар кәсіпорынның тең құрылтайшысы болып табылады. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін, бизнеспен ынтымақтастықта бәсекеге қабілетті өндірісті іске қосып, тұтас саланың құрылымын өзгерте алатындығын көрсетеді. Сәтбаев университетінің проректоры Сапар Шалабаев атап өткендей, бизнес пен технология тоғысында жүзеге асатын жобалар инженерлік білім беру экожүйесінің маңызды бөлшегіне айналып отыр. Мұндай қадам қазіргі жұмыс істеп тұрған өндіріс базасында мамандарды даярлауға ғана емес, сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Мониторингтік топ жұмысының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес компанияларына жоба операторымен оффтейк-келісімшарттар жасалатын болады. «Өндіріс ел аумағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі технологиялық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Бұл бір ғана өндіріс орнын ашумен шектелмейді. Болашақта ұлт денсаулығын жақсартуға, экологиялық тұрақтылыққа және ғылыми-техникалық үдерістің дамуына ықпал ететін болады» дейді «Самұрық-Қазына Контракт» компаниясы оффтейк-келісімшарттар департаментінің жетекші менеджері Динара Түменова.

Қазіргі таңда өндіріс келесі кезеңге дайындық үстінде. Өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отырған мамандар сүзгі түрлерін көбейтіп, өз өнімін Орталық Азия, Кавказ, Ресей мен Түркия нарығына экспорттауды көздеп отыр.

Алматы