• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:53

Геологиялық барлау маңызды

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында индус­трия және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі де бас­ты та­қы­рыптардың бірі болды. Мемле­кет басшысы кейінгі бес жыл­дағы жетістіктерге тоқтала отырып, жаңа міндет­терді айқындап берді.

Мемлекет бас­шы­сының айтуын­ша, өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуық­тады. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жеткен. Өткен жылы 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әсіресе Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында ірі кәсіпорындар пайдалануға берілді. Биыл Алматыда еліміздегі ең үлкен автокөлік өндірісі іске қосылды.

Дегенмен Президент қол жеткізілген жетістіктер әлі де көңіл көншітерлік емес екенін атап өтті. «Экономиканы әрта­раптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзінің астарында көп дүние жатыр. Ал сапалы өнім өндіру үшін салаға алдымен озық технология мен білікті маман ауадай қажет. Әрине, тау-кен өндірісі секторы туралы айтсам, елімізде жоғары білімді мамандар даяр­лайтын оқу орындары жоқ емес. Осы бағытқа мемлекеттік грант көлемін көбейтсе, отандық білікті мамандар көбейе түсер деген сенімдемін.

Жолдауда тау-кен металлур­гиясының әлеуетін арттыру, газ-химия кешендерін дамыту және сұйытылған газды терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Алдағы үш жылда жоғары тех­нологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл де­геніміз – алдағы жылдары елімізде тау-кен инженерлеріне, геологтер мен технологтерге деген сұраныс артады деген сөз.

Тағы бір маңызды мін­дет – геологиялық барлау жұ­мыстарын күшейту. Цифр­лық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасау қажеттігі атап өтілді. Бұл кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Осы ретте Президент «Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды ин­теллектіні енгізу арқылы жүйе­леп, цифрландыру қажет», деді.

Өңдеу өнеркәсібін жаң­ғыр­ту, геологиялық зерттеу­лерді күшейту және жаңа технологияларды енгізу мемле­кетіміздің индустриялық да­муындағы шешуші қадамдар болмақ. Жалпы, Жолдауда белгі­ленген бастамалар елді жаңа индустриялық дәуірге жете­леуді көздейді. Инновация мен за­манауи технологияларға арқа сүйеу арқылы ел экономикасы ши­кізатқа тәуелділіктен ары­лып, экспорттық әлеуетін күшейтпек.

 

Әлібек САТҚАНБАЕВ,

«Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің механигі