«Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» атты деректі фильм алғаш рет үлкен экранда кең аудиторияға көрсетілді. Елдегі кардиохирургия мен трансплантологияның дамуы Юрий Пяның есімімен тікелей байланысты, сондықтан оның қатысуымен өткен бұл премьера ерекше маңызға ие болды.
Көрсетілім Chaplin кинотеатрында өтті. Бұл фильм елімізде трансплантология тақырыбын ашық талқылауға жасалған маңызды қадам. Бүгінде Күту парағында 4 мыңнан астам науқас тіркелген. Олардың 145-і – жүрек трансплантациясына мұқтаж. Бұл адамдар күн сайын «донор табылды» деген хабарды күтумен өмір сүреді. Өкінішке қарай, кейбірі сол сәтті күтпей-ақ өмірден өтеді. Жыл сайын 30-35 пациент Күту парағынан шығып қалады.
«Медицинаның даму деңгейі — қоғамның даму деңгейімен тікелей байланысты. 100-ші жүрек трансплантациясының жасалуы – біздің қоғамның жаңа бір белеске көтерілгенін, дамыған елдермен қатар келе жатқанымызды көрсетеді. Өкінішке қарай, жүрек трансплантациясы тек қайтыс болған донордан ғана алынады. Бұл – жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы пациенттерге көмектесетін жалғыз жол», деді фильм барысында UMC басқарма төрағасы Юрий Пя.
Операция 4 ақпанда UMC Жүрек орталығында жасалды. 10 минуттық қысқаметражды фильмде дәрігерлер сол түннің қиын болғанын айтады. Донор жүрек тиелген бригада Петропавлдан Астанаға ұшып шыққанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ елордаға қона алмай, бағытын Қарағандыға бұрған. Жүрек сол жерден жедел жәрдем көлігімен елордаға жеткізілді. Бұл уақытта ота жасайтын кардиохирургтер командасы оны күтіп отырған еді. Мұндай сәтте операция залындағы жағдай ерекше шиеленіседі, себебі жүректі тасымалдау кезінде уақыт – басты фактор. Егер орган уақытында жеткізілмесе, оның функционалдық қасиеттері жоғалуы мүмкін.
Жүзінші жүректі алмастыру – үмітін үзбей күтіп отырған жүздеген науқасқа үміт сыйлайтын маңызды оқиға болды.
Айта кету керек, бұл фильм UMC Жүрек орталығы және Heart Center Foundation қоғамдық қорының бірлесуімен түсірілген. Көрсетілім 10 тамызда Астанада өтетін «Жүрегімнің жеңімпазы» дәстүрлі жүгіру фестиваліне орайластырылған. Бұл фестиваль – Күту парағында тұрған науқастарға қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
Деректі фильмді YouTube платформасынан көруге болады.