Жетісу облысы құрылған сәттен бастап Алакөл ауданының туризм саласын дамытуға 12,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қомақты қаржы өңірдегі инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, жиырма бес жыл бойы шешімін таппай келген электр жарығы мәселесі шешілді, кәріз жүйесі салына бастады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Электр қуатын арттыру мақсатында Ақши мен Бескөл ауылдары арасында 56,8 шақырымдық жоғары кернеулі желі мен 2 қосалқы станция салынды. Қазір бұл нысандардың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Ақши ауылында 69,7 шақырымдық магистралды кәріз желісі тартылып, енді тазарту құрылғысының құрылысы басталды. Келесі кезеңде Көктұма ауылында да кәріз жүйесін жүргізу жоспарда.
Көл жағалауын шайып кету қаупін азайту мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бөгет салу жобасының алғашқы кезеңі қолға алынды. Бұл бастама экологиялық қауіпсіздікпен қатар, туризмнің тұрақты дамуына жол ашады.
Аймақта тазалық пен қызмет көрсету сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл жағалауға 7 арнайы техника, 19 модульдік санитарлық торап және 140 қоқыс жәшігі орнатылды. Жалпы, бүгінде 220 тұрмыстық қалдық контейнері мен 22 санитарлық-гигиеналық торап қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, су айдынындағы қауіпсіздік мәселесі де қатаң бақылауда. Ортақ су пайдалану ережесіне сәйкес, шомылатын аймақтар мен шағын кемелер жолы буйлармен белгіленіп, арнайы инспекторлар мен полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп отыр.
2024 жылы Алакөл жағасында демалушылар саны 1,7 млн адамға жетіп, көрсеткіш 6,2%-ға артты. Қызмет көрсету көлемі де 1,8 есеге өскен. Жағалаудағы туристік нысандар саны 270-ке жетіп, бір жыл ішінде 35,6%-ға көбейді.
— Жыл сайын отбасымызбен Ақши жағалауына келеміз. Тазалығы мен қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Алакөлдің шипалы суы – нағыз табиғи байлық, — дейді демалушылардың бірі Әлия Ғабидоллақызы.
Алакөл өңіріндегі бұл оң өзгерістер – туризмді дамыту жолындағы нақты нәтижелердің көрінісі.