Zhangjiang ғылыми-технологиялық паркінде, Азияның «Кремний алқабында» Орталық Еуразия елдерінің технологиялық мүмкіндіктерін Қытайдың ірі экожүйесімен байланыстыруды мақсат еткен алғашқы кәсіби алаң – Khan Tengri Innovation Hub («Хан Тәңірі» инновациялық хабы) өз жұмысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл жоба Growth Vision Pro компаниясының бастамасымен іске қосылып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, сондай-ақ өңірлік технопарктер Astana Hub (Қазақстан) пен IT Park Uzbekistan-ның қолдауымен жүзеге асқан.
Khan Tengri Innovation Hub — жаңа буындағы технологиялық дипломатияны жүзеге асыруға бағытталған арнайы платформа. Ол Еуразия өңіріндегі стартаптар мен жоғары технологиялар саласындағы компанияларды Қытай нарығымен және оның халықаралық мүмкіндіктерімен тікелей байланыстыруды көздейді. Бұл бастама аймақаралық тұрақты технологиялық серіктестікке деген артып келе жатқан сұраныстың нақты көрінісі болып отыр.
ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, бұл хаб өңірлік стартаптар мен кәсіпкерлер үшін Қытай инвесторларына жол ашып, инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар арқылы бизнесті дамытуға септігін тигізеді.
«Khan-Tengri Innovation Hub өңірдегі стартаптар мен кәсіпкерлер үшін қытайлық инвесторлармен байланыстыратын көпірге айналып, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларға жол ашады. Біз бұл хаб еліміздің технологиялық компаниялары өнімдерін Қытай нарығына ілгерілетуде маңызды рөл атқарады деп сенеміз», деді Жаслан Мадиев.
Жобаның негізгі міндеттері:
Цифрлық технологиялар, ғылым және зерттеу салаларында халықаралық технология трансферін дамыту; Орталық Азиядағы ІТ-компаниялар мен стартаптардың Қытай нарығына шығуын қамтамасыз ету; Қытайлық технологиялық бизнестің Еуразия, Еуропа мен MENA елдеріне «Орта дәліз» арқылы жеңілдетілген енуіне жағдай жасау; Бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, технология алмасу мен венчурлік капитал тарту; Қытайда Орталық Еуразия елдерінің инновациялық беделін арттыру.Айта кетейік, бұл бастама жергілікті нарықтың ерекшеліктеріне бейімделу үдерісін жеңілдетуге, «жұмсақ қону» (soft-landing) қағидаты бойынша икемді өтуге мүмкіндік береді.
Хабтың аумағында жұмыс істеу үшін барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған: заманауи кеңселер, коворкингтер, жайлы апартаменттер және тұрмыстық-техникалық қолдау. Бұл компанияларға әкімшілік қиындықтарға алаңдамай, өз өнімдерін дамытуға толық көңіл бөлуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар, қатысушыларға заңдық және салықтық кеңес беру, инвесторлар мен өндірістік әріптестермен байланыс орнату, акселерациялық қолдау, менторинг және іскерлік кездесулер ұйымдастыру сияқты кешенді көмек көрсетіледі.Министрліктің хабарлауынша, хабтың аясында қытайлық XNode акселераторымен бірлесіп, түрлі даму сатысындағы компанияларға арналған бірнеше бағдарлама әзірленген. Атап айтқанда:
China Market Entry Bootcamp – Қытай нарығын зерттеуге және шығу стратегиясын жасауға бағытталған қысқа мерзімді бағдарлама; China Launchpad – компанияның Қытайдағы жұмысына нақты жол ашып, нарықтағы ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін толыққанды бағдарлама.Бағдарламалар аясында стартаптар менторлық қолдау алып, оқыту семинарларына қатысып, Қытайдың технологиялық экожүйесімен тікелей таныса алады.