• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:58

Геологиялық зертхананың құрылысы басталды

60 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейту маңызды міндет екенін жеткізді. «Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес. Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандартқа сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн», деп айтты.

Сәтбаев университетінің құрамындағы  Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты ел Президентінің геологиялық барлау саласын жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бастамаларын үнемі белсенді қолдайды. Осы бағыт аясында  аталған институт еліміздегі ең ірі геологиялық үлгілерді талдауға арналған зертхананы құру жобасын іске асырып отыр.

Геология – еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды саланың бірі. Мемлекет басшысының  жаңа технологияларды енгізу және пайдалы қазбалар қорын тиімді басқару жөніндегі тапсырмалары шеңберінде институт биылғы маусымнан бастап халықаралық стандартқа сай толық циклді зертханалық кешен салу жұмысын бастады.

Жобаның стратегиялық маңызы жоғары. Сондықтан институт сенімді инвесторлармен «GeoLab Eurasia» атты бірлескен кәсіпорын құрып, зертханалық кешеннің құрылысын ресми түрде бастады. Бұған Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитеті, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі жанындағы Инвестициялар комитеті тікелей қолдау көрсетіп отыр.

Қазір Алматы қаласындағы институт аумағында заманауи талдау қондырғыларымен жабдықталатын зертхананың алғашқы блогі бой көтеріп жатыр. Оның ашылуы алдағы қараша айына жоспарланған.

Жоба аясында барлық зертханалық үдеріс цифр­ландырылып, зертханалық ақпаратты басқару жүйесі (LIMS) енгізіледі. Сонымен бірге ISO/IEC 17025-2019 халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан өту, қызметкерлерді оқыту және метрологиялық калибрлеу жұмыстары қамтылған.

Жаңа зертхана геологиялық үлгілерді кешенді түрде зерттеуді қамтамасыз етеді. Мұнда үлгілерді дайындау, спектрометриялық әдістер (XRF, XRD, ICP-OES, ICP-MS және т.б.), химиялық, физика-механикалық, термиялық және гидрохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Бірінші кезеңде, екі мамандандырылған аспаптық зертхана, оқу аудиториялары және демонстрациялық зал ашылады.

Екінші кезеңде келесі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Қонаев қаласындағы Сәтбаев университеті полигонында жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын зертханалық-өндірістік кешеннің құрылысы аяқталады. Бұл кешенге жоғары технологиялық зертханалар, өндірістік цехтар, оқу-әдістемелік блоктар, талдамалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымы кіреді.

Зертхана қызметкерлерінің 80%-ын институттың бірегей білім мен тәжірибесіне ие отандық ғалымдар мен геологтер құрайды. Бұл жоба еліміздің ғылыми тәуелсіздігін арттырып, Орталық Азиядағы әлемдік деңгейдегі геологиялық зерттеу орталығын қалып­тас­тыруға жол ашады. Қазіргі таңда жастардың осы маңызды салаға дұрыс бағытталып, біліктілігін жетілдіре отырып, еліміздің дамуына үлес қосуы ерекше маңызды.

Қорыта келгенде,   Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология­лық ғылымдар институты еліміздің стратегиялық бас­тамаларын қолдап, еліміздің геология саласын жаңғыртуға нақты үлес қосады. 

 

Азамат ЕСЕН