Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекші қызметін көрсететін азаматтар санатын кеңейтуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқыға шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар бірінші топтағы мүгедектігі бар жұбайына ресми түрде жеке көмекші ретінде тіркеліп, жәрдемақы алу құқығына ие болады. Бұған дейін заңнама бойынша зейнетке шыққаннан кейін бұл қызмет тоқтатылатын.
Бұйрық жобасында сондай-ақ жеке көмекші болып бекітілетін адамның мүгедек азаматпен бір елдімекенде тұруы міндетті деген талап көрсетілген.
Министрлік бұл өзгеріс көмекке мұқтаж азаматтардың қажеттілігін қамтамасыз етуге және отбасындағы күтім жүйесін ресмилендіруге бағытталғанын мәлімдеді. Қоғамдық талқылау аяқталған соң, құжат бекітілсе, жаңа ереже 2026 жылдан бастап күшіне енеді.