• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум 30 Шілде, 2025

Әлем әлеуметтанушыларының сындарлы жиыны

50 рет
көрсетілді

Жуырда Марокконың Рабат қаласында Халықаралық әлеуметтану қауым­дастығының (ISA) ұйымдастыруымен «Knowing Justice in the Anthropocene» атты 5-форумы өтіп, онда Антропоцен дәуірінің негізгі сын-қатерлері талқыланды. Оған еліміз атынан Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану докторы, профессор Айгүл Забирова мен осы институттың қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова қатысып, баяндама жасады.

V Мохаммед университетінің базасында өткен форумда 100-ден аса елден келген 4 200-ден аса зерттеуші ғаламдық ортақ мүдде аясында бас қосты. Әлемнің жетекші әлеуметтанушылары климаттық әділет, технологиялық даму, әлеуметтік тұрақтылық сияқты Антропоцен дәуірінің негізгі сын-қатерлерін кеңінен талқылап, тиімді шешімдерін қарастырды.

ISA – ЮНЕСКО қолдауымен құрылған және БҰҰ-да тіркелген халықаралық ғылыми қауымдастық. Ал биылғы форум алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы жиынның күн тәртібіндегі өзекті мәселесі ретінде «Антропоцен жағ­дайында әділеттілікті тану» тақырыбы бе­кі­тіліпті. Антропоцен – адамзаттың климат пен табиғи ортаға ықпалы шешуші рөлге ие болған жаңа геологиялық дәуір ретінде қа­растырылады. Ұйымдастырушылар әді­лет ұғымын тек зерделеп қана қоймай, оны тү­бегейлі өзгерістер жағдайында қайта па­йым­дау қажеттігін негізге алған. Әсіресе «Ре­сурстар сарқылған әлемде әлеуметтік әді­лет қандай болуы керек?» және «Эколо­гиялық әділет пен әлеуметтік әділет қалай тоғысады?» деген сұрақтар форумның басты тақырыптарының біріне айналды.

Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, профессор Айгүл Забирова­ның айтуынша, ISA форумдары әр төрт жыл са­йын, әлеуметтану конгрестерімен кезекте­сіп өткізіледі. Мұндай іс-шаралар зерттеушілер үшін білім мен тәжірибе алмасудың, жаңа ғылыми байланыстар орнатудың және пәнаралық диалогтің маңызды алаңы ­болып отыр.

– Біз, ҚСЗИ сарапшылары форум аясында екі мазмұнды баяндама ұсындық. Мен «Әлеуметтік технологиялар және әлеуметтанулық тәжірибе» 26 зерттеу комитеті ұйымдастырған «Қақтығыстар. Қауымдастықтар. Антропоцентрлік технологиялар дәуіріндегі әлеуметтік өзгерістер» сессиясында сөз сөйледім. Оның «Қазақстандағы құндылықтық бағдарлардың картографиясы» атты баяндамасы 8 мыңнан аса респондент қамтылған әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне негізделген. Зерттеу демографиялық ерекшеліктерден гөрі әділет, еркіндік, мемлекет рөлі мен сенім сияқты терең құндылық жүйелерін саралауға бағытталған. Баяндамамда сондай-ақ кластерлік талдау әдістері арқылы әзірленген құндылықтар типологиясын ұсындым. Бұл тәсіл біздің қоғамның әлеуметтік құрылымын дәстүрлі жас, өңірлік немесе этностық шеңберден тыс пайымдауға мүмкіндік берді, – дейді А.Забирова.

Ал ҚЗСИ қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова «Жергілікті-жаһандық қатынастар әлеу­мет­тануы» 01 тобы өткізген «Гибридті шын­­дықтағы әлеуметтік және саяси қаты­нас­тар­дағы болашақ бейнесі» сессиясында «Жас­тар болашақты қалай елестетеді?» тақырыбын­да баяндама жасапты. Ол 18-29 жас аралығын­дағы жастар арасын­да Қазақ­стан­ның 20 жылдан кейінгі бола­ша­ғына қа­тыс­ты жүргізілген зерттеу нәтижелерін ортаға салған.

– Фокус-топтарда қатысушылар елдің бо­лашағын жануар, спорт түрі, экономи­ка­лық сала, мамандық, ғимарат, музыка жанры, ағаш, түс және мемлекеттік белгі сын­ды символдармен сипаттады. Дис­курс-талдау нәтижелері жастардың бола­шақты кәсібилікпен, біліммен және жоға­ры технологиялармен байланыстыраты­нын көрсетті. Бұл – елдің ғылыми-технологиялық даму бағытына деген жастар сұранысын айқын байқатады. Баяндамамда стратегиялық жос­парлау мен мемлекеттік саясатта жастар­дың үні мен ұстанымын ескеру маңызды екенін атап өттім, – дейді С.Ермаханова.

Форум қатысушылары екі баяндаманы да қызығушылықпен қабылдапты. Олар мәдени бағдарлар, саяси белсенділік және орнықты даму арасындағы өзара байланысты зерделеуге арналған жаһандық пікір­таластар аясында ерекше маңызға ие. Қазақстан әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі тарихи-мәдени мұрасы бай, серпінді қоғам ретінде халықаралық сарапшылар назарына кезекті мәрте ілікті.